Барлыбек пен Мәмбетәлі

5427
Adyrna.kz Telegram

Қазақ жерінде байланысы бір-бірімен тығыз екі өңір бар. Олар «Жер жәннаты – Жетісу» мен «Жер шоқтығы – Көкшетау». Бұл қандай байланыс десеңіз, тарихи тұлғалары арқылы астасып жатыр. Ең әуелі Жетісудың жыр жүйрігі – Ілияс Жансүгіров, Ақанның алдына қара салмас жүйрік тұлпары Құлагерді жырға қосып, қазақ әдебиетіне шоқтығы биік туындыны қосқанын айтсақ болады. Бұл поэма әлі күнге дейін оқырман қауымның сүйіп оқитын шығармасы. Бұны көпшілік қауым білетін бірінші байланыс деп санаңыз. Екінші байланыс, Біржан мен Сара айтысы. Айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі 1895 жылы қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңіріндегі Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ мекенінде өтті. Көркемдігі биік, ақындық тілге бай айтыс болды. Ал, үшінші байланыс көкшетаулық драматруг Шахмет Құсайынов пен жетісулық актриса Бикен Римова арасында орын алады. Екі тұлға да елімізге танымал, театр саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсіби мамандары. Екеуі де бір-біріне ғащық болып, қол ұстасып, қос елді құда етеді. Бұл күні екі өңірде де қос тұлғаның атына берілген драма театрлары бар. 

Төртінші байланыс алаш арыстары арасындағы байланыс. Олар жетісулық Барлыбек Сырттанұлы мен көкщетаулық Мәмбетәлі Сердалин. Екі тұлға бір-бірімен білім іздеп, Петербург университетіне келген кезде танысады. Сонымен қатар, Бақытжан Қаратаев, Жанша (Жаһанша) Сейдалин, Абдолла Теміров т.б тұлғалармен осы оқу орнында жүріп таныс, біліс болады. Барлыбек Сырттанұлы 1886-1890 жылдары Петербург университетіндегі шығыстану факультетінің араб-парсы және түрік-татар тілдері мамандығы бойынша білім алады. Білім ордасын бірінші дәрежелі дипломмен үздік тәмамдайды. Барлыбектанушы Елдос Тоқтарбайдың архив деректеріне сүйеніп, ұсынған мәліметіне қарасақ студент Барлыбек Сырттанұлы В.В.Григорьев, Н.И.Веселовский, В.В.Радлов сынды танымал профессорлардың дәрісін тыңдаған. Тағы бір қызық дерек, П.М. Мелиоранский, В.В.Бартольд сынды танымал ғалымдар Барлыбекпен қатар «араб-парсы-түрік-татар» тілдері разряды бойынша оқыған. Н.Дулатбеков Барлыбектің Санкт-Петербург университетінде қандай үлгеріммен білім алғанын айғақтайтын аттестат пен бітіргендігі жөнінде куәлік сақталғанын айтқан болатын. Соған назар аударсақ, аттестатта Барлыбектің тәртібі өте жақсы, барлық пәндерге деген қызығушылығы, ынта-ықыласы өте жақсы екені айшықталған. Пәндер бойынша мынандай үлгерімдер көрсеткен:

Орыс тілі мен жазудан – 4 (жақсы)

Логикадан – 4 (жақсы)

Латын тілінен – 4 (жақсы)

Грек тілінен – оқудан босатылған

Математикадан – 5 (өте жақсы)

Физика. Математикалық жағрафиядан – 5 (өте жақсы)

Қысқаша табиғаттанудан – 4 (жақсы)

Тарихтан – 5 (өте жақсы)

Географиядан – 5 (өте жақсы)

Неміс тілінен – 5 (өте жақсы)

Барлықбек Сырттанұлы негізгі пәндерді жақсы үлгеріммен тәмамдаған. Куәлікте Барлыбектің Санкт-Петербург университетіне 1886 жылдың тамызында қабылданғаны жазылған.

Ал, Мәмбетәлі Сердалин 1886 жылы Петербург университетінде оқиды. Бірақ «Жерлестер одағы» атты студенттік ұйымға қатысқаны үшін оқудан шығарылады. Т. Боранғалиұлының «Петерборда оқыған талай қазақ жастары» атты мақаласында 1890 жылдары осы қала университетін бітірген жетісулық Барлыбек Сырттанов, ырғыздық Абдолла Теміров, оралдық Бақытжан Қаратаевтар туралы айта келіп: «Бұлармен бір жылда түскен көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин саяси көзқарасы үшін қудаланып, университетті бітірге алмағанымен, зиялы экономист-ғалым ретінде танымал болды», - дейді. Мәмбетәлі Петербург университетінің жаратылыстану факультетінде В.И. Лениннің ағасы Александр Ульяновпен бір курста оқыған. Мәскеуде тұрған Тарличев деген кісінің айтуына және архив деректеріне қарағанда, В.И. Лениннің Совет үкіметі тұсында хатшысы болған. Енді «Жерлестер одағы» ұйымына тоқталайық. Жоғарыда аты аталған тұлғалар студенттік жылдары оқу орнында оқып жүріп, өздерімен тілегі, ниеті бір, ұлт болашағына алаңдайтын жастармен бірігіп, өзге ұлт өкілдері секілді «Жерлестер одағы» атты ұйымды құруға белсене ат салысады. Бұл ұйым арқылы алаш азаматтары жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болды. Д. Сейітжанұлының мәліметіне қарағанда, «Жерлестер» - қазақ тарихындағы ең тұңғыш ұйытқы болған жастар ұйымы. Осы университет қабырғасынан білім нәрімен қаныға сусындап, сайын даласында азаттық пен өркениет жаршысы болуды көксейді. Бұл мұраттардың бәрін университетте әр ұлттың жастары арасында өзінің бағдарламасы бар, саяси бағыт көздеген «Жерлестер» үйірмесі немесе «Жерлестер одағы» деп аталатын астыртын ұйымдардың ішінде жүріп шыңдаған еді». Бұл ұйымның құрылуына 1886-1887 жылдары Санкт-Петербургте болған саяси оқиғалар орасан зор ықпалын тигізді. Осы жылдары студенттер арасында революциялық қозғалыстар да орын алды. 1886 жылы қалада болған тоқыма саласында істейтін жұмысшы қауымының көтерілуі студенттерге өлшеусіз рух беріп қана қоймай, қоғамдағы саяси белсенділігін арттыра түсті. 1887 жылы Петропавл қамалында студент Ветрованың зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық ретінде өзін-өзі өртеп жіберуі бүкіл Ресей империясының барлық университеттеріндегі студенттердің толқуына себеп болады. 1887 жылы 1 наурызында А. Ульянов және басқа революционерлердің Александр III патшаға қарсы жасаған қастандық әрекеттері жастар үлкен әсер етті. Осындай сарындағы оқиғалар студенттердің күн сайын саяси белсенділігін арттыра түсті. Қалада болып жатқан оқиғаларға қатыспау жөнінде университет басшылығы әр студенттен қолхат жаздырып алды. Осы тұрғы да Барлыбек Сырттанұлынын да жазған қолхаты сақталған.  Бұл оқиғалар билікті қатты алаңдата қоймаса да қатаң тәртіпке көщті. Жаңа жарғы бекітіліп, университеттерден саяси көзқарастары үшін студенттер жаппай қуылды, сөгіс жарияланды, 24 сағаттан 4 аптаға дейін карцерге қамалды, шет аймақтарға айдауға жіберілді. Студенттік ұйым, топ құруға және де жасырын түрде жиналуға қатаң тыйым салынды. Бекітілген жаңа жарғыға байланысты Мәмбетәлі Сердалин де осы тұста оқудан шығып қалды. Мәмбетәлі осы кездері революциялық қозғалыстар мен студенттік жиындарға жиі-жиі қатысып жүрді. Александр III-ге қастандық жасау ісіне белсене қатысқан бір топ студенттер өлім жазасына кесіліп, жүздеген студенттер оқудан шығарылады. Патша өкіметі осы тұста Мәмбетәліні оқудан шығарып, Көкшетауға полицияның бақылауына жібереді. Сонымен қатар, студенттер демалыста еліне кететін болса немесе басқа бір жерге баратын болса студенттер рұқсат сұрап, өтініш жазған. Абдолла Теміровтың Торғай облысына қайтпақ болғанда арнайы рұқсат сұрап жазған өтініші сақталған. 

Бірақта «Жерлестер одағы» оған қарамастан өзінің аудиториясын кеңейтіп, астыртын түрде жұмыстарын жүргізіп отырды. Бұл ұйымның құрылғандағы басты мақсаты жөнінде С. Өзбекұлы былай дейді: «бір өлкеден, бір топырақтан шыққан студенттердің қоян-қолтық араласуы және бір-біріне қамқор болуы еді. Алғашында «Жерлестер» ұйымының мүшелерінің мақсаты бір ұлттан немесе бір өлкеден келген мұқтаж студенттерге материалдық көмек көрсету болған. Бірақ бұл ұйымдардың пісіп-жетілуі барысында алдарына қойған мақсаттары саясатқа ұшырасып кетіп отырды». «Жерлестер» үйірмесі ұлғая келе «Жерлестер одағына» айналды. Олардың арнайы жарғылары, мүшелік жарналары да болған. 

Барлыбек пен Мәмбетәлі де осы ұйымның құрамында болып, студенттерге қаражат жағы бойынша, ауырып қалған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешті. Александар III-ге қастандық жасалғаннан кейін Министрлер кабинеті оқу үшін төленетін ақы 60 рубльді 100 рубльге дейін бірақ көтерді. Студенттер материалдық ауыр жағдайды бастан кешірді. Бақтыгерей Құлманов студенттік өмірін өте ауыр жағдайда өткізсе де университетті толық аяқтап шыққан. Д. Сейітжанұлының дерегінде «Қазақ зиялысы Сәдуақас Шорманов Санкт-Петербург университетіндегі Барлыбектің халінен хабардар болып, Григорий Потанинге жазған хатында: «...бір бала Петербургсикй университетте оқиды, руы Сыртанов, соған мүмкін болса көрісіп, лайық болған қадари жәрдеміңізден тастай көрмеңіз» делінген. Осылайша ұйым уақыт өте келе одаққа айналып мүшеліктегі адамдар қазақ халқының мәселелерін қозғап, талқыға салды. Әртүрлі салада білім алатын студенттер қазақ жерінің нақтылы бостандығы және оны өркениет жолымен дамытудағы өздерінің атқарар рөлі туралы армандады. Сонымен қатар, білімге сусындап келген жас жігіттер орыс халқының озық ойлы тұлғалары Н. Чернышевсикй, В. Белинский, Н. Добролюбов, А. Герценнің шығармашылығы және қайраткерлік өрісімен жақын танысты. Осылайша Барлыбек Сырттанұлы мен Мәмбетәлі Сердалин арасында байланыс орнайды. 

Жетісу өңірі мен Көкше өңірінің арасындағы байланыстар өте көп кездеседі. Сонымен қатар, екі өлкенің де тұлғалары қазақ халқының болашағы үшін елеулі істер атқарып кеткен. Кәкімбек Салықовта қос өлкенің байланысын жоғары бағалап, «Жетісу мен Көкшедей» атты өлең жазды. Екі өңірде табиғатының сұлулығымен Қазақстанның көркі десек те болады. Қазақстанның барлық өңірлері осылай бір-бірімен байланысып, бір тудың астында, бір мүдде, қазақ халқының болашағы үшін қызмет атқарса мемлекетіміздің барлық саласы да гүлденері сөзсіз. 

Ерден НҰРАХМЕТ

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау 

мемлекеттік университетінің 3-курс студенті.

Пікірлер