Руслан Төлегенов – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қамқоршысы

3415
Adyrna.kz Telegram

Руслан Төлегеновтың есімі – жамбылдықтарға етене таныс. Жиырма жылға жуық мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен айналысып келе жатқан азамттың ісі көпке үлгі. 

Руслан Қаншыбекұлының негізгі мамандығы - заңгер. Кемтар жандардың құқығын қызғыштай қорғап жүрген ол 2000 жылдан бастап «Мүгедектердің жастар қоғамы» ҚҚ төрағасының орынбасары болған. Араға бірнеше жыл салып, яғни 2004-2013 жылдар аралығында «Мүгедектердің жастар қоғамы» ҚҚ төрағасы болды. Жауапты жұмысын атқара жүріп, 2012 жылы «Жамбыл облыстық мүгедектермен жұмыс істеу «АСАР» ұйымдар кеңесі» ЗТҚ-ін басқарса, бүгінде Жамбыл облысы әкімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар мәселесі бойынша кеңесшісі әрі Жамбыл облыстық «Асар» мүгедектермен жұмысты ұйымдастыру ұйымының төрағасы.

«Бала кезімнен екінші топ мүгедек болғандықтан, кемтар жандардың өмірінің оңай еместігін жақсы білемін. Сол себепті, мүгедектер мәселесімен айналысып, теңізге тамған тамшыдай болса, олардың өмірлерін жеңілдетуге бар күш-жігерімді салып келемін, - дейді ол ағынан жарылып.

Руслан Төлегеновтың айтуынша, 2000 жылдардың басында әлеуметтік жобалардың көпшілігі шет елдік грант берушілер тарапынан қаржыландырылған. Алайда уақыт өте келе мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар құқығының қорғалуына бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырды және бүгінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектерге арналған әлеуметтік жобаларға көңілі толатынын жеткізді.

Рас, қазіргі таңда мүгедектерді оқыту, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету, олардың жүріп-тұруларына тиісті жағдайлар жасау, денсаулықтарын оңалту, сауықтыру сынды мәселелер біртіндеп өз шешімін тауып келеді.

Десе де, Руслан Төлегенов мүгедектердің баспаналы болуы үшін мемлекет тарапынан әлі де болса, бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын қалайды.

- Екінші деңгейлі банктер бірінші, екінші топтағы мүгедектерді жұмысқа жарамсыз деп танып, несие бермейді. Ал ипотекаға үй алу мәселесі тіпті қиын. Осы өзекті мәселе шешілсе екен,-деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Көпшіліктің есінде болар, өткен жылы Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуге арналған иппотерапия клубы ашылған болатын. Жылқы клубы Тараздағы «Зербұлақ» демалыс аймағында орналасқан. Мұнда емдеу шаралары өткізілетін үлкен ипподром да салынған. Осынау игі істің басында Руслан Қаншбекұлының тұрғанын да мақтанышпен атап өтуге әбден болады.

«Иппотерапия – атқа мінгізіп емдеу, яғни ат биоөрісі церебралдық сал ауруына шалдыққан адамдар үшін пайдалы. Аттың аяғы баланың жүрісін жіті қадағалайды. Біз дамыған елдердің тәжірибесін қолданып, оны өз елімізде іс-жүзіне асырып отырмыз », – деді Руслан Төлегенов.

Ақиқатында мына дөңгеленген дүниені мейірімділік дейтін асыл сезім сақтап тұрғандай көрінеді. Демек, қоғамда жомарт жүректі жандар көп болса, тағдырдың тәлкегіне тап болған адамдар да, ол қиындықтарды оңай еңсермек...

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

 

Пікірлер