"Түркияда мұнай мен газ болса көрсетер едік әлемге кім екенімізді"

3402
Adyrna.kz Telegram

Тамыз айында Астанадан Алматыға келдім. Ұшақта қасыма түрік азаматы жайғасты. Бірден сөйлесе кеттік. Астанада өзінің кафесі бар бизнесмен екен. Алматыға жеткенше саяси әңгімеге тарттым. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат екені көрініп тұр. Әңгіме қыза кетті. Өзім 2 жыл Түркияда жүргенде сырт көз сыншы дегендей артықшылығы да, кемшілігі де көзге ұрып тұратын. Айналдырып әкеліп "Екі жыл Қазақстанда тұрып жатырсыз. Біздің ел жайлы не ойлайсыз?" деген тақырыпта уақыттың басым бөлігін өзіне беріп, сөйлетіп тыңдап келемін. Сондағы айтқандары:

1. Қазақстанда дайын өнім шығаратын завод, фабрика салмайды екенсіңдер. Сендерде ең көп салынатын нәрсе кафе, ресторан, ойын-сауық орталықтары, торговый центрлар және мешіттер. Киімді, күнделікті тұтынатын заттарды шығаратын фабрика, заводтарды неге салмайсыңдар?!

2. Астанада бір көшеден көрген адамды келесі күні басқа көшеден көріп қаласың. Стамбулдан кейін шағын қала секілді көрінеді. Алматы жақсы. Халқы салыстырмалы түрде көп. Орныққан қала әрі жылы.

3. Саясаттарыңда Нұрсұлтаннан басқаны айтпайды. Өздеріңе осы ұнайды ма? Әлде шынымен Қазақстанда басқа бірі жоқ па?

4. Кафемде жұмыс істейтін қазақ жұмысшылар мені орысша түсінбейді деп сол тілде боқтайды, өзара орысша көп сөйлесуге тырсады. Ал мен 60-70% не айтқанын түсінемін. Бірақ білдірмеймін. Орысша білмеймін деп айтамын. Солай олардың не ойы барын түсініп жүремін.

5. Жұмыс біте салысымен кафемде істейтін адамдар жиналып аптасына бір рет түнгі клубтарға, кафелерге кетеді. Алатын жалақылары 80-90 мың. Мен мұндай айлық алсам мүлде қыдырмас едім. Қазір бизнесім болса да көп үнемдеуге тырысамын. Бос нәрсеге көп шашыласыңдар.

6. Жұмысшыларым көп сұранады. Туған күн, ауылдан қонақ келді, Бурабайға барамын т.б. сылтаулары көп. Шаршадым осыларынан.

7. Қазақтар шетел азаматтары бизнес ашса жақтырмайды екен. Бірақ өздері де істемейді. Алдымен барлық салада өзің кәсіп ашып, бос жер қалдырмай тастауың керек. Содан кейін біз де келмейміз бұл елге.

8. Орысшаға құмарсыңдар. Бұл енді Совет заманынан қалған ерекшелік. Бірақ, оңтүстіктен келгендер қазақша сөйлейді. Бұл да жақсы ғой?!

9. Қазақстандағы саяси партиялар дейсің бе? Шынымен Нұрсұлтаннан басқасын білмеймін.

10. Бай елсіңдер ғой. Түркияда мұнай мен газ болса көрсетер едік әлемге кім екенімізді.

11. Негізі жалқаусыңдар. Мына жатқан бос даланың бәрін ауыл шаруашылығында, егістікте қолданса болады ғой. Бірақ бос жатыр. Бұл салада да өз бизнесімді бастасам тағы жақтырмайсыңдар. Не өздерің істемейсіңдер.

12. Астанада көп зат жоқ. Болса да қымбат. Кафеме керекті заттар алу үшін Алматыға келе жатырмын. Бұл жерде арзан әрі іздегеніңді табуға болады.

Осылай әңгіме қызып жатқанда Алматыға да келіп жеттік. Сіздер де шетелдіктерді біздің ел туралы ашық әңгімеге тартасыздар ма? Не айтады жалпы?..

Бауыржан Серікбаевтың Фейсбук парақшасынан

Пікірлер