Жыраулық өнердің дүлдүлі

2456
Adyrna.kz Telegram

Бұқара жұрт, осы кезге дейін көне жырлардың ерекше жанр ретіндегі орнын толық ұғынбай, оларды айтушыларды «термеші», «жыршы», «жырау» деген әдеби терминдерді «әу» дегендердің бәріне бірдей таңып, Мұрын Сеңгірбекұлын да тек сол қатардан санап келсек, онымыз сыпайылап айтқанда, сауатсыздық екен. Егер осы тұлғаға кезінде Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Н.Оңдасын­ов секілді ұлттың мәдени өміріндегі нарлары шын асылдың құны мен қадірін біліп, назар аудармағанда Мұрын жырау ескерілмей, сол Маңғыстаудың маңайында ғана қала беретін адам екен.

Сөз жоқ, жыраулар абыздық оймен айтылатын батырлар жырын жұртының санасына сіңіру үшін көркемдеп айтуға, көптеп айтуға зәру бол­ған. Әйгілі Күлтегін жазулары ойға оралады. Түрік­тің 7-8 ғасырларда өмір сүрген осы атақты батыры туралы екі дастанның да авторы Иол­лығ­­тегін­нен қал­ған Күлтегін мінген аттың сипаты, әбзелдері әй­гілі Мұрын жырлайтын эпостардағы Тайбу­рыл­дың тіктеп тиген тұяғы көлденең жатқан көк тасты сар балшықтай илейтіні де, Күлтегіннің туған жұртын сақтау үшін өзге «бастыны еңкейтіп, ті­зеліні бүктіретіні» де «жалаңаш халқын тонды, кедей халықты бай қылуы» да «Қырымның қырық ба­тырының» іс-әрекеттерінде, ойлау жүйесінде қай­талануы сол нақты ноғайлылық кезеңдердің мақсат-армандарымен тұстастырып тұрған табиғи ұғымдар екендігінде дау болмаса керек.
Қасындағылардың қайсысынан да қауіп көп, қым-қуыт қатерлі шақтарда елі мен жерін қорғап қалу үшін тек батырлық жеткіліксіздікті сезініп, жұр­тына жігер, күш беру үшін оны батырлық жан­кештілік идея арқылы уағыздауға абыздар керек болғанға ұқсайды. Заман қай кезде де өзіне ке­регін тудырады. Абыздың сөзі әрі идея, әрі идеология, әрі философия, яғни халықтың оларсыз жайлы бүгіні, ертеңі жоқтықтан елінің нығаюы үшін рухани қуатын, болмысын бейнелейтін дуалы сөздер ретінде қажет болған. Көптің санасын би­лейтін ондай қастерлі сөздер жұртына тез жетуі, тез қабылдануы және орнығуы үшін оларды поэ­тикалық әдіспен өрнектейтін ақындық ше­берлік қажет болғанда Батыста – Гомер сияқ­ты, Шығыста – Иоллығтегін – Сыпыра жырау секілді абыздар шыққан. Олар мейлі жырларды өздері шығарсын немесе әлгі айтылғандай бұрыннан барды уақыт пен оның талабына сәйкестендіріп жаңартып айтсын – жұртының мұңсыз өмір кешуі үшін іс пен әрекетке айналатын нендей қадірлі ұғымдар керек екендігін мұқият сезінген абыздар. Мұрын – сол абыздық өнердің берідегі шыңынан көрінген биік адам. Гомер жырлаған «Илиада» мен «Одиссея» Батыста Гете сияқты алыптарға жол ашты де­дік, ал «Қырымның қырық батырлары» эпосы Сы­пырадан Мұрынға жетіп, Шығыста Махамбет сияқ­ты өршіл ақындардың талай қатарын шығар­ды.
Әдебиеттанудағы сірә, текстологиялық тәсіл-ізденістердің де жеткіліксіздігінен эпостарымыз жұрт­шылық арасында тек әйтеуір батырлықты ма­дақтау және мысалы, «атының тұяғы көлденең жа­тқан көк тасты сар балшықтай илейтіндігі» сен­дірмейтіндіктен, әйгілі жырларымыз тек «терме-жыр екен» күйінде қалулы. Эпосты ғылыми негіз­дей алмағанымыздан оның айтушысы Мұрын да сол тар ұғымның аясынан шықпай қалуда. Жо­ға­рыда айтып өттім, ұлылықты танитын, бағалайтын, қамқорлық жасайтын Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Нұртас Оңдасынов… сияқты тағы да ұлы істер жасап, ұлы сөйлейтін ұлылық – тарихымызды зерттеу мен зерделеудің жаңа дәуірі келген зор үмітті мына заманында, сөз жоқ, парасатты жастар арқылы оралар деп ойлаймын. Текс­­­тология дегеннен шығады, Мұрынның жырларын бастап тұрған «Аңшабай» мен «Пар-па­рияның» екеуі ғана егер текстологиялық зерттеуге түссе, жырлардың Иоллығтегіндік орта ғасыр емес, тіптен есте қалмай ескірген өте көне уа­қыттардың поэтикасынан Сыпыра – Мұрынға жет­кен туынды екенін айғақтар еді деп ойлаймын. Бұл – бір. Екіншіден, жырларда хронология жоқ, әрине, оның ғылым үшін қажет екені белгілі, алай­да, абыздық жырлар, сірә, хронологияны емес, идея, идеология ретіндегі пайымдауды мақсат ет­кен. Ал жырдағы Алтын Орда тұсында өмір кеш­кен батырлар, билер сол көнеден пайымдалған идеяларды кейінгі нақты адамдарға поэтикалық тәсілмен таңу арқылы баяндауы оқиғаны шынайы етіп көрсетуге тырысу әдісі болса керек.
Ендеше, ғұлама жыршының ерек те, ерен де өнер иесі ретіндегі әлемдік мәдениеттегі ерекше ор­ны мен ролін әлемге көрсету, таныту – туған елі­нің парызы. Жоғарыда аталған Қаныш сияқты көшкен алыптарымыз – еліміз тудырған алыптар. Алыптар көшкенмен ел көшкен жоқ, орнында. Қы­сылтаяң уақыттың өзінде қадірлісін танып, құр­меттеуге үйретіп кеткен сол алыптардың мұ­раттарын елі ұмытпауы тиіс.


Идош АСҚАР,
Ақтөбе қаласы

 

Пікірлер