"Алтын адамның" есімі кім?

2157
Adyrna.kz Telegram

Ғалымдар Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» есіміне қатысты болжам айтты. Әзірбайжан ғалымы Заур Гасанов алтын киімді сақ жауынгерінің есімі Сыңлы болуы мүмкін деген қорытындығы келді.

«Алтын адамды» Алматы облысындағы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан 1969 археолог Кемел Ақышев тапқан болатын. Археологиялық зерттеулер бұл адамның біздің заманымыздан бұрынғы 5 – 4 ғасырларда өмір сүргені анықтады. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, «Алтын адамның» Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін жәдігер сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Есік қорғанынан табылған жауынгер қазір Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылған, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызда бедерленген.

Табылғанына жарты ғасырға жуық уақыт болса да, археологиялық нысан ретінде «Алтын адамға» ғалымдардың қызығушылығы азайған жоқ. Таяуда Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы Археология және этнография институтының қызметкері Заур Гасанов қорғаннан табылған күміс ыдыстағы жазуға зерттеу жүргізіпті. Заттағы руна жазуына Орхон-Енисей таяушығыстық таңбалары фонетикасы негізінде талдау жасау оның түркі тілінен шыққанын көрсеткен. Түпнұсқада «Dört bul küz Sınglıyı ır — «Dünyanın dörd (küncü) tərəfindəki tayfalar Sınqlıya nəğmə qoşur», Uş yüz yığ anta ıçır — «Üç yüz ağlar gözlü and içir» деп жазылған. Қазақ тіліне: «Дүниенің төрт бұрышынан Сыңлы тайпасы жырлайды. Үш жүз жоқтаушы ант-су ішеді» деп аударылады екен.

«Біз бұл жазудың дәл осындай мағына беретіндігіне айғақ болатын Геродот еңбектері мен «Қытайдың Хань династиясы тарихын» қосқанда бірқатар грамматикалық, тарихи, әдеби куәліктер таптық», — дейді ғалым.Гасановтың айтуынша, «Алтын адамның» Сыңлы деген мәртебесі хунну императорына тиесілі әйгілі құдіретті қылыш  «Чинг-лу» атауына сәйкес келеді.


«Түркістан»

 

Пікірлер