Коронавирус: Базардағы саудагерлер банкрот бола ма?

4261
Adyrna.kz Telegram

Кеше еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазіргі уақытта бірқатар саудагерлер Қытаймен арадағы шекараның жабылғанын тиек етіп, өнімдерінің бағасын көтере бастағанын айтты.

«Қазіргі уақытта бірқатар саудагелер Қытаймен арадағы шекараның жабылуын тиек етіп, өнімдерінің бағасын көтере бастады. Осыған байланысты, мен Қазақстаннан Қытайға, Қытайдан Қазақстанға ағылған тауарлар айналымы тоқтамағанын хабарлаймын»- деді Сұлтанов үкімет отырысында.

Министр бұл бағаны қолдан көтеріп, пайда табу мақсатында осы жағдайды сылтау қылған бизнесмендердің іс-әрекеті деп санайды.

Алайда Алматының қаза базарындағы саудагерлердің айтуынша, Қытайдан эпидемия шыққалы барахолка атанып кеткен қара базарда сауда-саттық бәсеңсіген.

Мәселен, Алматының қара базарында Қытайдан тікелей киім-кешек әкеліп сататын саудагер Гүлжан Оспанова «бұған дейін күндік табысымыз кем дегенде 30 мың теңге болатын, соңғы екі күнде сауда жоқ. Мүлдем тиын түспей тұр. Оның үстінде Жаңа жылдың алдында артық алып қойған тауарларымыз да тауысылуға шақ қалды. 15 ақпанға дейін «Қорғас» бекеті жабық. Ірі тауарлар таситын транзиттер үшін шекара ашық болғанымен біз тәрізді Қорғастан тауар жеткізетін жекелеген саудагерлерге қиын болып тұр» дейді.

Ал базарда автобөлшек сататын саудагер Мерей Жанжігіттің айтуынша, қазір саудагерлердің 70 пайызы Қытайға баруға жүрексініп отыр.

«Қытайда эпидемия болып жатқанда, біз олардан тауар әкелуге қорқып отырмыз. Біздің тауарлардың дені Қытай арқылы жеткізіледі. Сондықтан әзірге тек қолда бар азын-аулақ тауарды сатып жатырмыз. Ал әрі қарай жағдайға байланысты көреміз»,- деді ол.

Жалпы, халықаралық қаржы сарапшыларының пайымынша, қазір Уханда және Гонконгта халық көп баратын базарлар, саябақтар жабық. Вирустың өршуіне бірден бір ықпал ететіндіктен Қытай билігі осындай шешім қабылдаған.

Бүгін нақ осы шешімге қатысты  халықаралық экономист-сарапшы  Кристин Макарти «Қытайда бір ғана Диснейленд саябағы 10 күнге жабылып еді, сол аралықта Қытайдың көрген шығыны 175 млн доллар болды. Ал қазір Уханда, Гонконгта біраз сауда орталықтары, базарлар жабық. Ал бұдан Қытай елі күніне қаншама млн доллар шығын көріп отыр. Қытай саудагерлері қазір банкрот болудың уайымын да ойлап отыр»,-деді.

Ал бұған қатысты отандық экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

«Біздің экономикалық ынтымақтастығымыз Қытаймен тығыз байланысты. Қара базарға тауарлардың  90 пайызы Қытай елінен келеді. Меніңше, бұл арада саудагерлерге "тауар бағасын өсірме" деп тағы да айта алмаймыз. Себебі жекелеген саудагер ол қай кезде де нарықты бақылайды, артын болжап, ұтылмауды ойлайды. Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласын жолға қоя алмады. Осыдан барып тіпті біз тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектің өзін Қытайдан тасимыз. Егер отандық өндіріс дамығанда, өзімізден шығаратын өнім артып, өз-өзімізді 80 пайыз отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен қамтығанда, алаңдауға негіз жоқ дер едік. Бірақ қазір саудасын енді бастап, кәсібін енді жандандырып жатқан кәсіпкерлер бар. Қытайдан тікелей жеке өзі тауар жеткізіп жүрген кәсіпкерлер бар. Олардың "банкрот болып қалмайық" деп қорқатын жөні бар. Сондықтан бұл арада тек Қытай елі ғана зардап шегеді» деп арқаны кеңге салып отыра алмаймыз»,-деді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер