Ең жас батыр ана

3033
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда облысы Тасбөгет кентінде тұратын Көздібаевтар әулеті жаңа жыл мерекесі қарсаңында тағы да бір жанға толықты. Жасы әлі отызға жетпеген Динара Аяжан есімді жетінші нәрестесін құшағына алған деп жазады baq.kz Ақмешіт апталығына сілтеме жасап.

Үлкен өмірге 17 жасында қадам басқан Динара бүгінде Әбдінұр, Жансезім, Рүстем, Жаннұр, Дамир, Аружан, Аяжан есімді балақайлардың анасы.

“Жолдасым Ринат екеуміздің отау құрғанымызға биыл 10 жыл толады. Ата-енемізбен бірге 11 жан бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Балаларымның санын айтып ешқашан көпсінген емеспін. Лайым, Құдайым көп көрмесін”, – деп бастады әңгімесін ол.

Бір қызығы, Динараның үлкен енесі дүниеден озар алдында босағадан жаңа аттаған жас келініне ырым етіп, өзінің күміс алқасын сыйға тартыпты. Өмірінде 9 құрсақ көтеріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кейуана жолымды берсін деп осылай бата беріп кеткен көрінеді. Келінінің де сол ізді үзбей жалғап келе жатқанын өзінің енесі Кабира ризашылықпен айтты.

«Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың» деген. Мен бір бала ғана сүйген жанмын. Есесіне, Құдайға шүкір, жалғыз баламнан тараған немерелерімнің қызығына тоймай келемін. Үлкен енем сырқаттанып, фәни дүниеден өтер алдында немересі Ринатты үйлендіріп, келініне өз қолымен күміс алқасын бергені бар еді. Динара әжесінің сол үмітін ақтады”, – деді Кабира апа.

Ал мемлекеттің беретін күміс алқасына Динара осы қаңтар айында қол жеткізбекші. Асып-тасқан тұрмыс болмаса да, несібесі ортаймаған қарапайым отбасы бақыттың кілтін балаларында деп біледі. Бұл отбасының асыраушысы Ринат электрик болып жұмыс жасайды. Ал, балалардың тәрбиесімен тікелей үйдің ақылшысы Кабира апа айналысады екен.

Сөз соңында жас ана бала саның 10-ға жеткізу ойында бар екенін де жасырмады.


"Ақмешіт" апталығы 

 

 

Пікірлер