Қазақстанды енді мұнай асырамайды

4630
Adyrna.kz Telegram

Экономист сарапшылар болжам жасап отырғандай, әлемдік нарықта мұнайдың бағасы енді бұрынғыдай бола қоюуы екіталай.

Бүгінде АҚШ тақтатас мұнайын көптеп шығарып былтырғы жылы мұнай өндіру көлемін тәулігіне 11 млн баррелге жеткізген. Ал бұған Сауд Арабиясының тәулігіне өндіретін 9,45 млн баррель мұнайын қоссақ нарықта, мұнай көлемінің онсызда көп екенін бағамдаймыз. Мамандар ОПЕК қанша шектеу енгізіп отырғанмен, келешекте осылайша шикі мұнай өндіру көлемінің арта беретінін алға тартты.  Осы жайттарға қарап «мұнай құнды энергия көзі ретінде өз сұранысын жоғалтады» дейді сарапшылар.

Бұдан соң қазір нанотехнологияның дамыған заманы. Мұнайдың орнын алмастыратын заттар да көбейді. Қазір дамыған әлем елдерінің басым бөлігі көмір мен ағашты химиялық синтездеуден өткізіп мұнай жасауды ойластырып отыр. Тіпті осылай жұмыс жасап отырған елдер де бар. Демек келешекте мұнай бағамының төмендеуіне негіз бар. Сондықтан бір ғана мұнайға байланған экономика құрудың дұрыс еместігіне ендігі көзіміз жеткіздік. Демек, біз үшін қазірде маңыздысы инновацияға бет бұру. Отандық өнім өндіру саласына ден қою. Қазақстанның өзін-өзі қамтитын деңгейін артту маңызды болмақ.

Жалпы, мамандардың байыптауынша, болашақта АҚШ, Қытай тәрізді алпауыт елдердің өзі мұнай бағасын түсіруге ықыласты болады. Себебі, ғылымы дамыған елдердің дені мұнайдан күнделікті тұтынатын заттардың барлығын алып жатыр. Киім-кешектен бастап, кір жуатын сабын, жазатын үстеліміз, қолданатын қаламсабымызға дейін бірқатар елдер мұнайды химиялық синтездеу арқылы алады. «Жасанды талшықтар түгелдей дерлік мұнайдан алынатындықтан келешекте шикі мұнайы өтімді болуы үшін Қытай мен АҚШ-тың өзі мұнай бағасын түсіруге барын салады» деді мамандар.

Сондықтан мамандар алдағы уақытта  елдегі агро-саясатты нақтылау қажеттігін алға тартады. Олардың айтуынша, біз үшін қазір агро-секторды бәсекеге қабілетті ету өте маңызды.

«Болашақта біздегі халықты ауыл асырайтын болады. Біз 1998 жылдары жекешелендіру кезінде мұны толық ұғына алмадық. Сол кезде шаруаның қолына жеке-жеке мал бердік те «өз күніңді өзің көр» дедік. Ал сол кезден бастап ауылдың бизнесті өркендету қабілетін арттырғанымызда қазіргідей абдырап қалмайтын едік. Ауылдық жерлерде шағын кластерлер жасақтау, сол кластерлер арқылы дайын өнім өндіруге дейін қол жеткізу бізді дер кезінде қызықтырмады. Алғаш жекешелендіру тұсында шаруаның қолына мал беріп тұрып, «ертең сен осы малды етке өткізесің, сол арқылы елдегі ет комбинаттарын етпен қамтамасыз етесің, олар өнім шығарады» деп бағыттағанда қазір жағдайымыз анағұрлым жақсы болар еді. Рас, елде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бірқатар компаниялар, холдигтер құрылды. Бірақ олардың барлығы дайын өнімге дейін ең соңғы дайын өнім өндіруге дейін жұмыс істемеді. Ауылдарға арзан несие жүйесін апара алмадық. Ауылға салалық банктер бармады. Ендігі кезекте осы жайттарды шешпесек, тек астықты экспорттаудан ұтпайтынымыз белгілі. Сондықтан болашақта дағдарыстан ұтып шыққымыз келсе агросаясатты жүйелі, сауатты ету керек»,-дейді экономист-ғалым Ғалижан Мәдиев.

Бұл ретте маман «біз болашақта  шетелге шикізат емес, тауар шығаруымыз керек. Тым болмаса жартылай дайын өнім, мысалы ұн, ең дұрысы нан өнімдері, макарон тағы басқа өнімер. Шикізатқа байланған  мемлекеттің келешегі бұлыңғыр. Ұлттық экономиканы нығайтатын тек өндіріс, өнім шығару. Алыпсатарлық экономика әр уақытта импортталған тауарға тәуелді болмақ. Ал импортқа жүгіну, импорттың тасқынын көбейту бұл экономиканың әлеуетін көтеретін жол емес. Сондықтан біз үшін болашақта отандық дайын өнім өндіруді арттыру, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беру маңызды болмақ» деп отыр.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы  

.

 

 

Пікірлер