Масанчидағы оқиғадан 8 адам қаза тауып, 30 үй мен 23 көлік қираған

2134
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масанчидегі оқиғадан 8 адамның қаза тапқанын, 30 үй мен 23 көлік қирағанын айтты.

Министр ОКҚ брифингінде "Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесіп, видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Соның салдарынан басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кеткен. Екі тарап бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданған. 8 адам қаза болып, 40-тан астам жарақат алды. Арасында қарудан зардап шеккендер де бар. Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді", - деп хабарлады.

Сондай-ақ, министр бұзақылық әрекеттердің, оның ішінде от қоюдың салдарынан алдын ала мәлімет бойынша 30 жекеменшік үй, 15 сауда нысаны және 23 көлік қиратылғанын, қазіргі уақытта оқиға орнын қарау шарасы жүріп жатқанын жеткізді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер