Амангелді Кеңшілікұлы. Бальзакпен қоштасу

2939
Adyrna.kz Telegram

(«Флобердің серті мен дерті» деген үлкен еңбегімнің бірінші бөлімінің нүктесін қойдым. Елу беттей болды. Наурызда еңбек демалысымды алып екінші бөлімін аяқтауды ниет етіп отырмын. Енді осы эссемнің бір кішкентай үзіндісін әлеуметтік желідегі достарымның назарына ұсынғанды жөн санадым. Толық бітіргеннен кейін толық нұсқасын республикалық басылымдардың бірінен оқисыздар)

1850 жылы 18 тамызда Парижде атақты Оноре де Бальзак дүние салды. Күні кеше ғана әр шығармасының жарық көруін сағына күтіп, тағдырлы туындылары ең жақын сырласы, нағыз досына айналған оқырмандар үшін қабырғалы қаламгердің қазасы орны толмас ауыр қайғы болды.
Кез-келген ірі суреткердің дара қолтаңбасы, өнерде өзге ешкімге ұқсамайтын мінезі бар дегенімізбен, шығармалары шындықтың шарайнасындай ғана емес, ар-ұятындай да болған данышпанмен қоштасудың қаншалықты қиын екенін тап сол күні француздардан артық сезінген халық жоқ шығар, сірә.
Қаралы хабарды ести салысымен Бальзакты ақтық сапарға шығарып салуға тайлы-тұяғы қалмай асығып ойдан-қырдан жиналған елде есеп жоқ. Кеуделері өксікке, жәудіреген жанарлары жасқа толып, жүректері қан жылаған жұрттың көзі тірісінде сүйікті қаламгеріне бір жақсылық жасай алмаған немқұрайлықтарына қапаланып, ең құрығанда онымен мәңгілікке қоштасарда аруағына құрмет көрсетіп қалғысы келген періште пейілін түсінуге болатын еді. Сұлулық пен бақыт жайлы асыл армандардың мекеніне жетелеп, бойларына құлшыныс бітіріп, алға ұмтылдарған және рухтандырған том-том кітаптары бөлмелерінің сөрелерінде тұрған француздар сол күні мына дүниедегі ең жақын адамынан айырылғандай аза тұтып, жазушыны жоқтады.
Дәм-тұзы ерте таусылған Оноре де Бальзак бар-жоғы 51 жыл өмір сүрді. Әй, бірақ қарыздан көз ашқызбай, алаяқтардың жемі қылған арсыз тіршілікті, күніне он төрт, он бес сағаттан еңбектенуге мұқтаж етіп, маңдайдың тері шүмектеп аққан адал бейнеттің балын жегізудің орнына, кермек дәмін татқызып, басына бақ құсын қонғызбаған талайсыз тағдырды өмір деуге бола ма, айтыңдаршы?
Бейнет пен жоқшылықтың жанын қинаған қамытынан құтыла алмағанына қарамастан, Құдай берген азғантай ғұмырында артына өлмейтұғын сөз қалдырған француз классигі ұлтының әдебиетіне көп жаңалық әкелді. Роман жазудың аясын кеңейтті, натуралистік және реалистік прозаның негізін салып, романтизмнен малтығып шыға алмай батпақтаған әдебиетке сара жолды нұсқап кетті.
Жеке адамдардың мінездерін ғана емес, қоғамның картинасын айнытпай салған жазушы қаламының құдіреті туғызған, бақыт іздеп адасып материалдық игіліктердің, оңай олжаның, құрмет пен атақтың қыр соңынан қуған аянышты кейіпкерлерді қалай ұмытасың. Уақыт өте келе ұлы суреткер туындыларындағы образдар сөз өнерінің символына айналып (мысалы, Гранде – сараңдықтың, Горио – әкелік махаббаттың), әлем әдебиетінің галереясын байытты.
Бәрінен бұрын Бальзак сомдаған 30 бен 40 жас аралығындағы бір-біріне ұқсамайтын нәзік жандылардың қайталанбас бейнелері қандай! Әр әйел -ерекше құбылыс, теңіздей терең – тылсым әлем.
Өмір шындығын асқан шеберлікпен бейнелеп, қоғамның жалған болмысын аяусыз әшкерелеуден қорықпаған, ақиқаттың алдаспанындай жарқылдаған реалист ақынның әйелдер тағдырын суреттеуге келгенде қатқыл қаламының жұмсарып, жүрегіндегі мұзының еріп сала беретінің біз білмейтін құпиясы неде екен, ә! Неге оның туындыларында еркектердің көбісі оңбаған, ал, әйелдер...жо, жоқ, басын кесіп алса да әйелдерге деген махаббаты шексіз болған Бальзак олар жөнінде жаман ой айта алмапты.
Құдайым-ау, Лоре де Берни, Сара Гидобони-Висконти, Зюльма Карро, Эвелино Ганскаяларға өлердей ғашық болған сыршыл суреткердің ондай сөздерді айтуы қалайша мүмкін болмақ? Ал, біз білмейтін, жазушының жүрегін оттай жандырған арулар қанша?
Баладай аңғал, сәбидей сенгіш суреткердің гүлдей нәзік сезіміне шоқ тастап, басын шыркөбелек айналдырған сұлулар-ай! Сұлулар! Сендердің арқаларыңда Бальзактың қаламынан Морсоф, герцогиня де Ланже, мадмазел Туш, Беатрис сияқты әйелдер образының тұтас бір галереясы өнерге келді. Бәлкім сондықтан ба екен, қаламгердің қазасына қабырғасы қайысып, оны жоқтап жылағандар, әсіресе әйелдердің арасында көп болыпты. Әйелдердің!
Ормандай оқырмандары, өнеріне сүйсінген халқы болғанына қарамастан байғұс Бальзак өлерінде жүрегін соқадай жыртқан жалғыздық дертін емдей алмай, тағдырымен торға түскен арыстандай арпалысты. Дәм-тұзы таусыларын сезгенде сөнуге айналған үміт шоғын үрлеп «Мына мол мұрамды қайтадан жазып шығуға бірнеше жыл уақыт берші, Тәңірім!» деп Жаратушыға да жалбарынды.
Ұлы адам өмірден өткенде жасалатын құрметтің бәрі көрсетіліп Оноре де Бальзактің сүйегі 1850 жылдың 20 тамызында Пер-Лашез зиратына жерленді. Ұлы жазушымен қоштасу рәсімі кезінде суреткердің мәйіті салынған табытты сол кездегі Францияның атақты әдебиетшілері бірінен кейін бірі кезектесіп көтеріп, зиратқа қарай беттеді. Марқұмның мүрдесі жер қойнына тапсырылғаннан кейін, аза тұтқан халықтың көкейінде өксіктей тіреліп, сыртқа шыға алмай тұрған азалы сөзді Виктор Гюго айтып, жүректерді жылатты.
«Мырзалар!»- деп бастады ол, кейін тарихта қалатын атақты сөзін. Жиналған жұртқа бір қарап, жас тұнған жанарлардан халықтың кімнен айырылып қалғандарын енді түсінгендеріне көзі жетіп, дірілдеген дауысымен сөзін сабақтады. «Жаңа ғана жерленген адам, бүкіл халық болып соңғы, азалы сапарға шығарып салғандардың бірі. Біздің уақытымызда алдамшы ұлылық жоқ. Ендігі кезде халықтың назары патшалық құрғандарға емес, ойшылдарға тігіліп, арамыздан сондай ойшылдардың бірі кеткенде оның өлімі бүкіл елді қайғыға батыратын болады. Бүгінгі күні талантты адамның қазасына қоғамның көптеген топтары, ал, кемеңгердің өліміне бүкіл ұлт қайғырады. Бальзактың есімі біздің дәуіріміз өзінен кейін қалдыратын сәулелі кезеңнің алтын шуағы болып жарқылдайды. Бальзак ұлылардың – ең алғашқысы, таңдаулылардың - ең үздігі».
Қабір басында сөйлеген Гюгоның сөзіне толқымаған жан қалмады, мөлтілдеген көздерге мөлдіреген жас келді. Бальзакты мәңгілік мекеніне аттандырып салуға келген қарақұрым халық суреткердің оқыған кезде біресе қуантып, біресе мұңайтып, енді бірде аяушылық сезімін оятып, өмірді тереңірек түсінуге үйреткен таңғажайып туындыларын еске түсіріп жатты. Әлем әдебиетіндегі барлық формалар мен стильдер, бірін-бірі толықтыра түсетін әдемі әуендердей үйлескен ол шығармалардан алған әсеріңді ұмыту мүмкін бе? Шығармашылық құдіреті Светоний, Бомаршелардан асып түсетін, Раблемен терезесі тең талант француз топырағында енді қайта туар ма екен? Өмірді қырағы бақылаудың және қиялдаудың нәтижесінде дүниеге келген оның кітаптарында тіршіліктің терең сыры барлық қырынан жарқырай ашылды.
Қылышымен емес, қаламымен Парижді жаулап алуға серт берген Бальзак өзі өмір сүрген қоғамның дертімен күресіп, адамдық құндылықтарды ұмытқан пенделердің жараланған жанын зерттеп, жүрегінің түбінде жасырынған жұмбағына терең бойлап, ақыл-ойына парасат сәулесін түсірді.
Бейнетқор Бальзактың өмірі қысқа болғанымен, артына қалдырған мол мұрасындағы ой байлығы кім-кімді болса да таң қалдырмай қоймайды. Дәл осындай кемеңгердің, ойшылдың, суреткердің, ақынның замандасы болып, оның көзін көрудің өзі Алланың қарапайым адамға сыйлаған зор бақыты емес пе. Қаралы халықтың ендігі жерде дәтке қуат ететін жалғыз жұбанышы осы.
Виктор Гюго дұрыс айтады. Нағыз ақындардың өмірі олар өлгеннен кейін басталады. Суреткер өлімі ғайыптықтың емес – мәңгіліктің көрінісі. Ақын басына қойылған құлпытастар жанның мәңгі бақилығын дәлелдейді. Бальзак сияқты ұлылардың басына зиярат етуге келгенде ғана саналы тіршілік иелері қасірет шегу арқылы тазара түсетін құдайлық тағдырдың бар екенін шын сезеді. Өмірде дүниеқоңыздыққа салынып екі аяқты хайуанға айналудан оңай, Алла адам етіп жаратқан кездегі тазалығыңды сақтап қалудан қиын ештеңе жоқ екенін қаламымен дәлелдеген суреткер жалғыз француздардың емес - адамзаттың кемеңгері..
Сол жылы Шығысқа саяхаттап кеткен Флобер ұлы жазушының қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды шетте жүріп естіді. Бальзакты өнердегі ұстазы санағанымен, ол ұлы қаламгердің жазу мәнеріндегі автордың позициясын білдіретін ғибраты мен үн қатуы сияқты стилдік ерекшеліктерін қабылдай алмайтын. Флобер «кемелденген өнерде суреткер өзінің нағыз сезімін білдірмеуі, автордың қайда екені шығармашылықта табиғаттағы Құдайдай көрінбеуі тиіс» деп есептейтін.
Реалистік прозаның қандай болуы керек екені туралы көзқарастарында айтарлықтай айырмашылықтар болғанымен Бальзактың қазасына Флобердің қабырғасы қатты қайысты. Ұлы жазушымен бірге әдебиеттің тұтас бір дәуірінің өтіп бара жатқанын түсінді. Сол күні досы Луи Буйлеге «Бізге енді басқа музыка» керек деп хат жазып, кітапта автордың бірде-бір сезімі мен ойы қылаң бермейтін романды туғызуға серт берді. Бірақ, әдебиеттің Бальзак деген күнінің батып, Флобер деген таңының арайлап атып келе жатқанын ол кезде әлі ешкім білген жоқ.

(Жалғасы бар)

Автордың facebook-тағы парақшасынан.

Пікірлер