Қазақ пен Алтай әншілері тәжірибе алмасты

2589
Adyrna.kz Telegram

 "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алтай Республикасынан келген өнерпаздар Ырысту Мечешев пен Алтын-Ай Баратовалар мен қазақ әншілері Жоламан Құжиманов, Еркін Нұрханов, Бақтияр Ақымжанов «Дәулет» шаруа қожалығының қымызханасында бас қосып, тәжірибе алмасты. Шараға нидерландиялық түріктанушы ғалым Білге Өзел де қатысып, қазақтың ерекше дархандығына разы болды.  

 Шетелдік қонақтар біраз уақыт бұрын елімізге келген. Екі-үш күннен соң Қырғызстанға сапарлап кетті. Енді, міне, сапарларын аяқтап, қазақ жеріне қайта табан тіреп отыр. "Дәулет" шаруа қожалығының директоры Өтеміс Махановтың зайыбы, от анасы Мәриям апамыз қонақтарға ет асып, қазы-қартасы мен қымызын ұсынды.  «Қырғызда да қымызға қарық болдық, бірақ осы қымыздың дәміндей болмады», – деген қонақтар үй йесіне ырзалығын жеткізді. Көптеген жылдар бойы жылқы шаруашылығымен айналысып келе жатқан Өтеміс аға жылқының қасиеттері мен қымыз баптау әдістері туралы әңгімелеп берді. Бетпақдаланы кесіп өтіп, мал айдаған ақсақалдың әсерлі әңгімесін тыңдай отырып, табақ-табақ етке бас қойдық. Астан кейін әңгіме өзегі әнге ауысты. Әнді кез келген жерде тыңдауға болар. Бірақ, туысқан екі елдің әншілері алма-кезек ән салған жерде отыру, тіпті, тамаша екен. Ырысту мен Алтын-Ай «Құлын», «Маадай Қара», «Жылқы» секілді шығармаларын орындаса, Ж.Құжиманов халық әні «Екі жиренді», Е.Нұрханов Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын», Б.Ақымжанов Біржан салдың  «Он саусағын», Берікболдың «Ағаш аяғын», «Нартайдың термесін»  әуелетті. Дәстүрлі өнерге жанашырлықпен қарайтын Өтеміс аға екі елдің дәстүрлі әншілерін бір дастархан басына жинап, олардың өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісуіне мүмкіндік жасады. 


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ 

 

Пікірлер