Қазақтар Қытай коммунистерінің арам пиғылын әшкереледі

5846
Adyrna.kz Telegram

Жақында «Демос» құқық қорғау ұйымының төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың «Зұлмат: Шығыс Түркістанның күйреуі» атты кітабы шықты. Бұл Тұрарбектің жарық көрген үшінші кітабы. Осыған дейін "Мен қалай рухани жаңғырдым" және "Шырмауық" деген екі кітабы қазақ қоғамында дүмпу туғызған болатын. Автордың бұл кітабына да оқырман тарапынан қызығушылық туындауда. Осыған орай кітап авторынан қысқаша сұхбат алдық.

- Бұл кітап - әдеби шығарма емес, Қытай коммунистік билігінің қазіргі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесін атам заманнан мекен еткен халықты тілінен, дінінен, ұлттық салт-дәстүрінен күшпен айыру үшін жасап жатқан қатыгез репрессиясының сипаты мен оның түпкі мақсаты жөнінде жазылған деректі сараптама. Мұнда Шыңжаңдағы концлагерлердің ішіндегі адам төзгісіз жағдай, қорлық пен сұмдық сот үкімінсіз ұзақ мерзім қамауда болған тұтқындардың тағдыры арқылы сипатталған. Сол арқылы концлагердегі тұтқындардың тән және жан азабы, Қытай коммунистік билігінің зұлым саясаты қандай мақсат көздейтіні айтылады. Бұдан басқа, концлагерь сыртындағы өмір, үрей билеген Шыңжаң тұрғындарының қазіргі жағдайы, құқықтарының аяқасты етіліп тапталуы нақты мәліметтер бойынша сарапталды.

- Кітаптың атауы да көңілсіз, қайғылы десе де болады. Сараптаманың қорытындысы да қорқынышпен аяқталады. Неге?

- Әр нәрсенінің нақты атауы бар. Қазір Қытайдың провинциясы саналатын Шыңжаң түркі әлемінің шығыстағы қиыр шеті болатын. Сондықтан да ол Шығыс Түркістан деп аталды. Өкінішке орай, Қытай коммунистері сол аймақты мыңдаған жылдан бері жайлап отырған халықтың ұлттық ерекшелігін жойып, Шығыс Түркістанды түбегейлі күйретуді көздеп отыр. Әрине, ешкім, тіпті Шыңжаңда аяусыз қысымға ұшырап жатқан түркі тілдес халық та ҚХР-ның территориялық тұтастығын бұзуға, өз алдына отау тігіп, тәуелсіз мемлекет құруға үндемейді, сепаратистік пиғыл мүлдем жоқ. Мұндағы басты мәселе - адам құқықтары. Ұлттық ерекшелігі мен наным-сенімі үшін, саяси көзқарасы үшін адамды қудалауға болмайды. Бұл қағида халықаралық конвенцияларда да, тіпті коммунистік ҚХР конституциясында да жазылған. Солай болса да, Қытай коммунистік билігі сексен жыл бұрынғы фашистік Германияның зұлымдығы мен сталиндік репрессияны қайталауда. Ал түркі тілдес және халқының басым бөлігі мұсылман болып саналатын елдер Қытайдың ығына жығылып, Шыңжаңдағы геноцидтік саясатты көрмегенсіп, білмегенсіп отыр.

- Шыңжаңда екі ұлттың үлес салмағы басым. Біріншісі ұйғырлар болса, одан кейінгі орын қазақтарға тиесілі. Шыңжаң проблемасына қатысты Қазақстан қандай позиция ұстанады?

- Кітапта ресми Нұр-Сұлтанның ұстанымы анық айтылған. Қазақстан да Қытайдың саяси-экономикалық ықпалында қалды. 90-шы жылдардың басында Қазақстан ішкі демографиялық жағдайды түзеу үшін шетелдегі қазақтарды елге шақырып, арнайы көші-қон заңын қабылдаған. Бірақ бұл заң қытай-қазақ экономикалық байланысының құрбандығына шалынып отыр. Тіпті, ҚР азаматтығын алған байырғы Шыңжаң тұрғындары да концлагерлерге қамалып, қорлық көріп шықты. Әлі Қазақстанның бірнеше азаматын үйқамаққа алып, жібермей отыр. Осыған байланысты да Қазақстан үкіметі Қытайға наразылық білдірген жоқ. Қытайдың ығында қалған Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемелерін де орындай алмай, пұшайман күй кешті. Мұның бәрі Қазақстанның әлемдегі имиджіне кері әсер беретіні анық.

- Қытай билігінің Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасап жатқан қысымына тосқауыл қою мүмкін бе?

- Менің ойымша, Қытай билігі Шығыс Түркістанның тағдырына қатысты кесімді шешім шығарып қойған. Халықаралық ұйымдардан қандай қысым болса да, Шыңжаңды күшпен қытайландыру жоспарын қысқа мерзімде аяқтайды. Сарапшылардың ойынша, осы мерзімде Қытайдан әрі кетті дегенде тағы 400 мыңға жуық этникалық қазақ қоныс аударуы мүмкін. Жалпы алғанда, Қытай билігінің Шыңжаңдағы репрессиясының салдары Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп жатыр. Қытайдан кеткісі келетін қазақтарды бизнесінен айырып, үй-жайын, дүние-мүлкін сатуға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан Қытайдан келген оралмандар Қазақстандағы кедей-кепшіктің санын көбейтіп жатыр. Бұл Қазақстандағы антиқытайлық көңіл-күйді одан бетер ушықтыратыны анық. Мұның бәрі аймақта тұрақсыздық қалыптастырады.
Солай болғанның өзінде, оқырман кітаптағы позитивті жағдайға көңіл бөлген жөн. Ол – қазақ қоғамының әлеуеті. Қазақстанда құрылған «Атажұрт еріктілері» волонтерлік ұйымы Шыңжаңдағы адам құқықтарының тапталуын нақты дәлел келтіре отырып, БҰҰ-ның күн тәртібіне шығарды. Қазақ қоғамы Шыңжаңда концлагерлердің барын және онда тұратын халықтың ұлттық ерекшелігін жою үшін геноцидке тән саяси репрессия жасалып жатқанын дәлелдеп берді. Бұл – үлкен жеңіс. Ендігі қадам концлагерден зардап шеккен әрбір адам Қазақстан соттарына арызданып, Қытай үкіметінен моральдық және материалдық өтем талап етуі және бұл процесті халықаралық сотқа дейін жеткізуі болмақ. Сонда ғана Қытай коммунистерінің арам пиғылы түбегейлі әшкере болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер