Бабадан қалған асыл сөз

5915
Adyrna.kz Telegram

Әлемдік өркениет жаңа ғасырға қадам баса отырып, көптеген тың технологиялық жетістіктерге жеткенін көріп, оның біразының жемістерін де жеп отырмыз. Өзге көрші елдер секілді қазақ қоғамы да адам сенбестей ғажайып өзгерістерді бастан кешіріп отыр. Биыл Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне – 25 жыл! Елбасының сарабдал саясаты нәтижесінде татулық пен береке орныққан ордалы жұртымыз нарықтық қатынастарға бой үйретіп қана қоймай, түрлі жаңа кәсіптерді игере бастады. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде оқып, заманауи мамандықтардың қыр-сырын меңгерген жастар да қаулап өсіп келеді. Экономикамызды индустрияландыру, инновациялық сапалы өнім шығару арқылы әлемдік нарықтың сұранысын өтеуге бағытталған батыл қадамдар да көңіл қуантады.

Дегенмен, алаңдаушылық та­нытатын маңызды мәселелер де бар. Шынында да, ширек ғасыр аз уақыт емес, Осы мерзім арасында адамның материалдық жағдайы мен қоғамдық мәртебесіне көбірек мән беріліп, ал рухани құн­дылық­тарға, оның ішінде адамдық, иман­дылық, ұрпақ тәрбиесі мәсе­лелеріне салғырт қарау белең ала бастағанын байқамай қалған­даймыз.

Қазіргі жастар арасында ма­териалдық игіліктерді бірінші орынға қою үрдісі басым. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дейтін атам қазақтың қарапайым қағидасы да аяқасты болып жатады. Ал арзан жолмен ақша табу, ту­ған-туыс, ағайынды мансұқ ету, дәс­түрлі ата дінімізден бас тарту, өз-өзіне қол жұмсау, тәнін сату, туған нәрестесін қоқысқа тас­тау секілді қазақ халқының тари­хын­да бұрын-соңды болмаған жү­ген­сіздіктерді көргенде, «біз қай жерде қателестік?» деп еріксіз бас шайқайтынымыз да рас. Демек, қоғамда зор алаңдаушылық туғызып отырған бұл дертке шұғыл түрде ем іздеу керек немесе адам санасындағы келеңсіз жараны сылып тастау үшін ота жасау қажет. Ең алдымен – ел арасында жаппай рухани тазару үдерісіне қозғау салу ләзім. Меніңше, осы орайдағы нәтиже беретін негізгі шара – жастарға кітап арқылы тәрбие беру. Бұл да – бұрыннан келе жатқан дәстүрлі, тексеруден өткен сенімді әдіс. Қазақтың байырғы бай фольклорлық мұраларын, хал­қымыздың ғажайып ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын оқып өскен ұрпақ ондай өрескел қылықтарға бармас та еді. Осы ретте менің ойыма бірден «Бабалар сөзі» – қазақ фольклорының 100 томдық басылымы түседі.
«Бабалар сөзі» – қазақ хал­қының ғасырлар бойы жинақтаған бай қазынасы, ұлық тұтар мұрасы. Мемлекет басшысы 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында халқымыздың аса бай мәдени мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу, бастыру және жаңғыртуды мақ­сат тұтатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жасау жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Одан соңғы өткен он жыл қазақ мәдениеті тарихындағы мәуелі де жемісті жылдар санатында қалары анық.
2014 жылы Парламент Мә­жілісінің жалпы отырысында халық қалаулысы Алдан Смайыл Қазақстан Республикасының сол тұстағы Премьер-министріне депутаттық сауал жолдап, ұл­тымыздың көне дәуірлерден жеткен аса бай фольклоры – қа­зақ мәдениетінің бастау бұлағы, алаш жұртының теңдесі жоқ рухани құндылығы екендігіне үкімет пен зиялы қауым назарын аударды. Депутат Президент Н.Назарбаев бастамасымен жү­зеге асырылған мемлекеттік «Мә­дени мұра» бағдарламасының ең ауқымды әрі бірегей жобасы – қазақ фольклорының 100 томдық «Бабалар сөзі» топтамасын шығару жұмысы аяқталғанын және мұндай басылым әлем мәдениетінің тарихында алғаш рет орын алып отырғандығына тоқталды. «Дүние дидарында фольклоры жүз томды құрайтын басқа ұлт бар болса, бар да шығар, бірақ фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ екені анық. Бұл – әлемдік мәні бар оқиға, ұлт ретінде мақтаныш ете­­тін рухани жетістігіміз. Сон­дық­тан, Білім және ғылым ми­нистрлігінің М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутында әлемдік деңгейдегі фольклоршымыз, академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен басталып, жеріне жеткізілген, Мә­дениет және ақпарат ми­нистр­лігінің қамқорлығымен Ас­танадағы «Фолиант» баспасында көркем безендіріліп, сапалы қағазға басылған «Бабалар сөзі» сериясының аяқталуы мемлекет өміріндегі елеулі рухани-мәдени белес ретінде қаралуы керек» деген халық қалаулысы:
«Атап айтқанда, 100 том­дық­­тың ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Майндағы Франкфурт қаласындағы кітап көрмесінде тұсаукесерін өткізу, әлемдік тіл­дердегі салмақты журналдарда ғылыми мақалалар жариялау, осы оқиғаға орайластырылған ха­лықаралық ғылыми кон­фе­рен­циялар ұйымдастыру, дү­ние жүзіндегі ең танымал кітап­хана­лардың қорында осы құнды ба­сылымның болуын қамтамасыз ету қажет» екендігін баса айтты. 
Міне, руханиятымыздың баға жетпес асыл қазынасы – ұлт мә­дениетінің ғана емес, әлемдік өркениеттің теңдессіз құбылысына балануға лайық «Бабалар сөзі» жүз томдығы жарыққа шыққалы бірер жылдың жүзі болыпты. Еліміздің көптеген өңірлері мен облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында әлемдік фольклор мен мәдениет тарихында маңызды құбылыс ретінде бағаланған осынау бірегей туындының тұсауы кесіліп, ақжолтай басылым алаш жұртымен қауышқаны есімізде. «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясының тұсаукесер рәсімі Астана мен Алматыдағы Ұлттық кітапханада, Шәкәрім атындағы Семей және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерінде де республика көлеміндегі ірі рухани жетістіктер қатарында танылып, оқырмандардың ерекше қызығушылығын оятты. 2014 жылы қарашада Алматыда Мәдениет және спорт министрлігі мен ұлттық Кітап палатасының қолдауымен Орталық Азия елдері фестивалі мен ІІІ Халықаралық кітап форумы аясында «Бабалар сөзі» 100 томдық фольклор топтамасының да тұсауы кесілді.
Сол жылдың соңында Майн­дағы Франкфуртта өткен әлемдік кітап жәрмеңкесінде қазақ фольклорының 2000 жылдық мұрасын қамтитын «Бабалар сөзі» жүзтомдық басылымы әлем жұртшылығына таныстырылды. 
Осы орайда «Бабалар сөзі» 100 томдығын әрдайым қолдап, серияның тоқтаусыз жариялануына ықпал еткен Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов, осы ұжымға жетекшілік жасаған Мәулен Әшімбаев пен Бағлан Майлыбаев және сол уақытта ҚР Ақпарат министрі қызметінде болған Сауытбек Абдрахманов сияқты азаматтарға үлкен алғыс айтуымыз керек деп санаймын. Сонымен бірге, 2003 жылы Елбасының «Мәдени мұраға» байланысты идеясын ұлттық фольклорымыздың шынайы жанашыры ретінде іс жүзінде қолдаған және осынау алып ғы­лыми жобаны жүзеге асыру жұмыстарына тікелей жетекшілік жасаған академик Сейіт  Қасқабасов пен Мемлекеттік бағ­дарламаның соңғы кезеңіне белсенді қатысып, сөйтіп 2013 жылы мерзімінен 1 жыл бұрын 100 томдықтың соңғы нүктесін қоюға бар күш-жігерін жұмсаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижановтың есімдерін ерекше атар едім. Бұл ретте осы алып рухани жобаны жүзеге асыруға бастан-аяқ қатысып, 100 томдық басылымның жауапты редакторы әрі ғылыми топтың жетекшісі болған Б.Әзібаева, С.Қосанов, Т.Әлбеков сынды ғалымдардың жанкешті еңбектерін лайықты бағалаған жөн. 
Сонымен, «Бабалар сөзі» 100 томдық басылымы 3000 данамен Астанадағы «Фолиант» баспасынан шығып, еліміздің жүздеген мәдени ошақтарына, мыңдаған мектептері мен кітапханаларына таратылып, қазақстандық оқырмандардың көз қуанышына, рухани сусынына айналып үлгерді. Асылында, мұн­дай көлемді фольклор топ­тамасы бұрын-соңды ешбір елде тіркелген емес. Мысал үшін, 100 томдық серияға енген батырлар жырының өзі – 20 томға арқау болса, тарихи эпостар – 13 том, діни дастандар – 7 том, хикаялық дастандар – 13 том, ғашықтық дастандар – 8 том, ертегілер – 5 том, аңыз-әпсаналар – 10 том, мақал-мәтелдер – 5 том, болып шықты. Өзге де шағын фольклорлық жанр үлгілері 10 томға жинақталған екен. Жинақтың тағы 10 томы Қытайдағы қазақ қандастарымыздың халық әдебиеті мұраларын қамтуымен құнды. 
Жүз томдық – Тәуелсіздіктің арқасында ғана шығып отырған аса бағалы басылым. Расында, мұндай ұлттық сөз өнері тарихындағы толағай еңбектің кеңестік кезеңде толық жариялануы мүмкін емес еді. Бұрындары бар-жоғы 16 томға зорға жетіп жығылған ұланғайыр ұлт мұрасының осынша көлемде жинақталып, жүйеленіп, ғылыми түсініктерімен жариялануы – қазақ әдебиеті тарихындағы зор мәні бар оқиға. Шынында, әлем тарихында 100 томдық фольклор мұрасын біртұтас серия аясында бастырып шығарған ұлтты естіген емеспіз. Ол үшін соншалық көлемдегі бай халық ауыз әдебиеті туындылары болуы шарт және оларды мұрағат қорларынан тірнектеп іздеп тауып, мәтіндерді қазіргі харіпке көшіру, ғылыми басылымға әзірлеу жұмыстарының бейнеті де оңай шаруа емес. Кітапхана мен мұрағат сөрелерінің шаңын жұтып, жылдар бойы тынымсыз ізденіспен еңбек етуге кез келген ғалымның шыдас бермесі де шындық. Бұл реттен келгенде, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының соңғы 10 жыл көлемінде қазақ ғылымы мен мәдениетіне сіңірген еңбектері мен жеткен жетістіктері айрықша атап өтуге тұрарлық  деп санаймын.
Сөйтіп, қазақ халқының мәңгілік мұрасын жинақтаған «Бабалар сөзінің» 100 томдық басылымы біртұтас сериямен жарық көріп, жұртшылыққа жол тартты. Ендігі міндет – мұн­дай ұлт жауһарын көздің қара­шығындай сақтап қана қой­май, қалың жұртшылыққа, оның ішінде өскелең ұрпаққа кеңі­нен насихаттап, ұлтымыздың мерей­лі мәртебесін арттыру. Бұл басылымның барша жұртшылық, соның ішінде, қазақ фольклорын зерттеушілер үшін де аса бай халықтық мұрамен танысу, оны зерттеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашарына ешбір шүбә жоқ. Расында да, осындай бүтін дүниеде баламасы жоқ бай мұрамызды әлем алдында мақтануға тұрарлық рухани құндылық деңгейінде қарастырар мезгіл жетті. 
Кешегі алаш арыстары ар­мандап, бүкіл қазақ оқығандары сарыла күткен қазақ тарихы мен мәдениетінің өткен 2000 жылдығының көркем бейнесі болып табылатын «Бабалар сөзі» – жүз томдық топтамасын қазақ руханиятының зор табысы, айтулы құбылыс ретінде бағалау керек. Сол себепті, ҚР Президентінің бастамасымен жүзеге асырылған Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген осы 100 томдық қазақ фольклоры сериясын баспаға әзірлеуге белсене атсалысқан С.А.Қасқабасов, У.Қ.Қалижанов, Б.У.Әзібаева, Т.К.Әлібеков, С.Қ.Қосанов сынды бір топ ғалымдардың ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы – бабалар рухына көрсетілген лайықты құрмет ретінде бағалар едім.


Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

философия ғылымдарының докторы, профессор

"Айқын" 

 

Пікірлер