Доллар 550 теңге бола ма?

3057
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда бір доллардың құны 450 теңгеге жуықтады. Қор биржасында үш күн қатарынан көк қағаздың құны шарықтап тұр. Тіпті қайсыбір сарапшылар «бір доллар 550 теңге болуы мүмкін» деп елдің үрейін алып жіберді.  Елдегі қаржы саласын басқарып отырған мамандар  «Бұл девалвация емес. 2015 жылдан бері теңгені еркін айналымға жібергенбіз. Доллардың екпіні басылған соң теңге күш жинай бастайды. Жағдайды нарық өзі реттейді»,-десе де, бұқарада алаңдау басым.

Сонымен қайтпек керек?! Ұлттық банк интервенция жасай ма, әлде «теңге еркін айналымда» деп еркін тыныстап отыра бере ме?! Бұл ретте экономист-ғалым,  Жұмаділде Баяхметов «Ұлттық банк Енді Ұлттық банк халыққа берген уәдесін орындап, теңге бағамын қалпына келтіруге араласуы тиіс. Олай етпесек, теңгеге жан-жақтан қатты қысым түсіп жатыр. Әлемдік нарықтағы мұнай бағамының 30 долларға дейін төмендеуінен бөлек, ішкі нарықта теңгені теңселтіп тұрған ахуалдар жетерлік»,- дейді.

Маман айтып отырған теңгеге қысымды әсіресе отандық валюта айырбастау орындары көрсетіп отыр. Мысалы, долларды Ұлттық банк белгілеген бағамнан жоғары қойып сататын айырбастау орындары бар. Валюта тәуекелін олар әдейі қабылдайды. Қор биржасында доллар 415 теңгеден тұрса да, валюта айырбастау орындары көк қағазды 440 теңгеден бағалап қояды.

«Заң бойынша валюта айырбастау орындары долларды Ұлттық банк бекіткен бағадан 7 теңгеден артық асырып қоюға болмайды. Ал бізде керісінше, доллар қымбаттай бастаса бітті, валюта нарығы да ырыққа көнбей кетеді. Осы салада жүрген ірі ойыншыларға билік тұсау сала алмай отыр»,-деді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Маманның пайымынша, келешекте валюта айырбастау орындарына қатысты заңды күшейту керек.  Әсіресе ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде отырып саудасын жүргізіп отырған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті.

«Олар сәті келгенде валюта бағамымен ойнап, тіпті биржадағы акциялардың құнын да бір сәтте түсіріп жібере алады. Ал мұның соңы үлкен шығынға апарып соқтырады. Сондықтан  бірінші кезекте заңды қатайтып  мемлекеттік бақылауды күшейткеннен кем болмаймыз» дейді маман.

Валюта алыпсатарларына қатысты мамандардың пікірі осылай түзілді. Ал енді экономиканы қолдауға, нарықты күйреуден аман алып қалуға қатысты мамандардың айтар ойына жүгінсек,  біздің экономикамыз әлі тәуелсіз бола алмай отыр. Экономика ғылымының докторы, профессор  Жангелді Шымшықовтың айтуынша, біз экономикасы тәуелсіз ел болғанда ғана тығырықтан шыға аламыз.

«Кезінде тоқсаныншы жылдары мұнайдан түскен түсім ЖІӨ-нің 8 пайызын құрайтын ал ауыл шаруашылығы саласы ЖІӨ 38 пайызын құрайтын. Ал бізде қазір керсінше,  ауыл шаруашылығы саласын құлдыраттық.  Экономикамызды мұнайда түсетін түсімге байладық.  Осыдан барып әлемдік нарықта мұнайдың бағасы түссе еңсеміз қоса түседі»,-деді маман.

Жангелді Шымшықовтың пайымынша, біздің импортқа тәуелділігіміздің жемісі алдағы уақытта қатты сезіледі. «Жердің асты-үстін ұңғылап, қазба байлықтарымызды шикі күйінше экспорттай беру экономиканы өрге шығармады. Дамыған елдер біздің шикізатымызды арзанға сатып алып, одан өнім өндіріп өзімізге бірнеше есеге қымбатқа сатып отыр.  Осы арада үлкен қателік жіберіп үш есе ұтылып отырмыз»,-дейді маман.

Әу баста ұстанған бағытымыз дұрыс болмады,-деген  қаржыгер Арман Мусин болса,  «Мұнай енді бұрынғыдай болмайды. Қазір мұнайға сеніп отыратын кезең өтті. Сондықтан келер кұзде бізге қымбат долларға көндігуге тура келеді. 2021 жылдан бастап әлемдік нарықта жаңа мұнай кен орындарының көптеп ашылуы, АҚШ-тың айналымдағы мұнай өндіру көлемін көбейтіп жіберуі өз әсерін бере бастайды. АҚШ қазір тақтатас мұнайын көптеп шығара бастады. Айналымдағы мұнайдың көбеюуі оның бағасын да арзандатып жіберетіні даусыз. Демек, болжам бойынша келер  күзде -ақ көк қағаз 500 теңгені төңіректеп ұлттық валюта тағы жоғалта бастайды»,-дейді.

Қарлығаш Зарыққанқызы,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер