Covid-19: Мен әлемге тәртіп орнату үшін келдім

3547
Adyrna.kz Telegram

Бүгін әлгі атышулы короновирусты көрдім. Ойламаған жерден автобуста кездесіп қалдым. Басындағы "коронасынан" бірден таныдым. "Әлем ауруы" байқауынан бас жүлде алдым деп паңданып тұрған ештеңесі жоқ. Айналасына жәймен ғана баяу көз тастап, қылымсып қарап қояды.
"Әә бәлем...маска кимеген біреуді аңдып тұрсың-ау шамасы",-деп ойладым.
Ақыры шыдамым жетпеді, қайтер екен деп маскамды шешіп алдым да, қалтама әдемілеп бүктеп салып қойдым.
Сол-ақ екен, жолаушылардың арасынан еш қиындықсыз өтіп, менің дәл жаныма өзі-ақ жетіп келді. Автобуста адам соншама көп болмаса да, жорта қысылған сыңай танытып, арқама өтірік сүйкеніп қояды. Жалма-жан бетпердемді қайтадан киіп ала қойдым.
-Сәлем, ауру қыз? әлгі "Әлем ауруы" деген сенсің ғой, ә?-дедім бірінші болып сөз бастап.
-Иа мен. Бірден танып қойғаныңызға қарағанда мен туралы көп естігенсіз-ау сірә,-деді ол да ұрлығы ашылып қалған адамдай өтірік қылымси қарап.
-Өй, сен туралы бүкіл әлем айтып жатыр ғой. Қалай танымаймыз? Әлемдегі ең атақты ауру өзіңсің ғой -деп көтеніне көпшік қоя сөйледім,- Бір жерге барып, кеңінен әңгімелесуге қалай қарайсың?
-Жақсы...
Айналамыздағы адамдардың біздің әңгімемізбен шаруасы жоқ. Арасында "Әлем ауруы" бар екенінен де бейхабар, жайбарақат. Бірі соткасын шұқылап, енді бірі наушникпен музыка тыңдап өзімен-өзі болып отыр.
Екеуміз келесі аялдамадан түсіп қалдық. Шай ішіп отырып әңгімелесейік деген ойымыз іске аспады. Өйткені әлгінің антисептиктен аллегиясы бар екен. Дезинфекцияның иісі шықса лоқсып тұра қашады екен. Кафе-ресторандардың көбі жабық, ал ашық тұрғандарына бұрқыратып тұрып дезинфекция жасап тастапты. Ақыры екеумізге бір үйдің бұрышында отырып әңгімелесуге тура келді.
-Әлемді осылайша әбігерге салып, саған соншама не болды? Қаншама адам ажал құшты, қаншамасы ауру болды, адамдар жұмысынан айырылып нәпақасыз қалды, балалар білімнен қағылды? Не ойлаған ойың бар, қашан құрисың -деп түрімді бұза сөйлеп, сұрақты төтесінен қойдым.
-Еее адамдар, сендер неге бәрін менен көресіңдер-деді ол ауыр күрсініп. Мен әлемге тәртіп орнату үшін келдім. Желмен ұшып жерге жабысып жатқанда бес күнде әрең өлетін мені құрту әзірге оңай болмас. Сендер қызылды-жасылды дүниеге құмартып, маңайларыңа көз салмайтын дәрежеге жеттіңдер. Көршің мен жақындарың дүкенге нанға баруға ақша таппай отырғанда, сен артық ақшаңды қалтаңа басып әлемді шарлап жүрдің. Әйелдерің демалыс күнін отбасыға арнаудың орнына сауда үйлері мен сұлулық салондарын аралап күн өткізді. Тіпті үйіңде теледидардан көруге болатын фильмді де ақша төлеп кинотеатрдан тамашалаушы едіңдер ғой. Гигиенаны мүлде естен шығарып көшеде елдің бәрі бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп амандасуға құштар болдыңдар. Уақыттың да, денсаулықтың да қадірін білмедіңдер. Жастарың түнгі клубтан, ал жасамыстарың сырахналардан шықпайтын болды. Балаларыңа үйде сабағын қарауды қойып, барлығын мұғалімдерге ысырып тастадыңдар. Дәрігерлерді диванда жатып-ап жамандадыңдар. "Ораза намаз тоқтықта" деген сөзге шабынып қарсы шықтыңдар. Тіпті өз үйлеріңде ас-ауқат дайындауға ерініп, ақша шашып қымбат дәмханалардан ғана тамақтанып жүрдіңдер ғой. Үнемшілдік пен қанағат дегенді де мүлде ұмыттыңдар. Қандай құдай сүйер қылықтарың бар? Айтшы өзің,- деп бастырмалата жөнелді.
-Иа, айтқандарыңмен толық келісімін, бірақ сонда да адам болып өмірге бір келген соң бәрін көргің келеді, той-қызық көрмесең өмірдің мәні не, бәрінен халыққа обал болды ғой,-дедім сөз таба алмай.
-Ә, бәлем той-қызық, халық дейсің бе? Кредит алып, бар тапқаныңды тойға шаштыңдар. Асаба болып халықтың 4-5 сағаттық қуанышына өтірік әңгіме айтып, ұялмай 400 мың теңге алғанда халықтың жағдайын неге ойламадыңдар? Бүкіл тойханалар, мейрамаханалар бірінен бірі асырып баға қойып, бүкіл джип мініп халыққа шекесінен шіреніп қарайтын саудагерлер мен бизнесмендер бағаны жарысып тұрып көтергенде осының барлығы қарапайым халықтың еңбегімен келіп жатқанын неге ойламадыңдар? Банктер кредитке отсрочка беріпті деп естідім. Сол банктерің бірнеше есе пайызбен кредит берер кезде неге халықты ойламады екен? Халық бір ай ғана табыссыз қалып еді, бәріңнің де арттарың ашылып қалды. Өтірік халықшыл бола қалмаңдаршы,-деді.

Бұдан ары онымен дауласып тұруға шыдамым жетпеді. Марат Омаровтың "Короновирус, кет, кет кет" деген әнін айқайлап айта жөнелдім. Сол сәтте өз дауысымнан өзім шошып ояндым. Оянсам күнтізбе 1-сәуірді көрсетіп тұр екен.

Коронвирус кет, кет кет!

Ермек Құрманғалитегі

Пікірлер