Қытайдағы қазақ қасіреті – барша қазақ қасіреті!

3702
Adyrna.kz Telegram

Достар, соңғы жылдары іргеміздегі Қытайда (ал мен оны «Аждаһалар елінде» деп атаған дұрыс дер едім) өмір сүретін «аз ұлттарды», соның ішінде, әсіресе, түрік-мұсылман халықтары – ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқаларды тіл, дін, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр және басқа ұлттық құндылықтарынан айырып, ассимиляциялап-қытайландыру арқылы жұтып қою мақсатымен Қытай Компартиясы жоспарлы түрде мықтап қолға алып, орасан зор қарқынмен және кең ауқымда жүзеге асырып жатқан жексұрын геноцидтік һәм этноцидтік саясат жөнінде сіздер, әлбетте, түрлі ақпарат көздерінен, сондай-ақ, о жақтан Қазақстанға бас сауғалап қашып келген қандастарымыздың (Сайрагүл, Қастер мен Мұрагер және т.б.) ауызынан естіп, оқып, біліп отырсыздар.


Алайда, күні бүгінге дейін ол мағлұматтар әр жерде шашырап, бытырап жүргендіктен, көрші елде қазаққа қарсы жүргізіліп жатқан зұлматтың адам шошырлық айқын көрінісіне тұтас картина ретінде көзімізді жеткізіп, оның терең мән-мағынасын жан-жақты ұғыну жетісіңкіремейтін еді. Енді, міне, жуырда алғаш рет осы олқылықтың орнын толтырған өте күрделі еңбек – «Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық Журналистер федерациясының мүшесі Тұрарбек Құсайыновтың «ЗҰЛМАТ: ШЫҒЫС ТҮРКІСТАННЫҢ КҮЙРЕУІ» атты кітабы жарық көрді.
Ол кітаптың шыққанына қуанып, авторын құттықтаған өте дұрыс, бірақ оны өз қолыңа алып, өз көзіңмен бастан-аяқ оқып шығудың жөні мүлде бөлек, әрине. Мен сөйттім. Сөйттім де, бүкілқазақтық аталмыш проблемаға қатысты өзім бұрын білмеген көптеген ақпаратқа қанықтым.
Өйткені бұл кітаптың бір артықшылығы – оның түгел нақты-нақты фактілер мен цифрлардан және фотоматериалдардан құрастырылғандығы. Екінші артықшылығы – жеңіл оқылатын сауатты әдеби тілмен жазылғандығы. Үшінші артықшылығы – «многа букф» деген сырқатқа ұшыраған бүгінгі заман оқырманын бірден үркітіп жіберетіндей тым көлемді емес, 60 беттік шағын ғана шығарма екендігі. Төртінші артықшылығы – бірінші артықшылық арқасында сондай жинақы көлемге өте көп және аса құнды мағлұматтар сыйып кеткендігі.
Қорыта айтқанда, достар, бүгінгі таңда барша қазақ қасіретіне айналған Қытайдағы қазақтар қасіретімен жақынырақ танысқыларыңыз келсе (ал мұны мен әр қазақтың міндеті деп есептеймін!), аталмыш кітапты сатып алып оқығандарыңыз дұрыс деп білем. Бір жағынан бұл, әлбетте, ең алдымен өздеріңіз үшін керек болса, екінші жағынан – кітап авторына, оның еңбегіне қолдау көрсетіп, кітап шығаруға кеткен шығынның орнын толтыруға көмек ретінде қажет ағайыншылық тірлік болар еді.

Бағасы 2000 тенге, Алматы қаласы, Мақатаева 45-Зенкова, Тұлпар-авто ғимараты, 2-ші этаж.
Сейіт:87079529345

Жасарал Қуанышәлин,

қоғам қайраткері

Пікірлер