Ұлт мақтанышы Нұрмұхан Жантөрин

6119
Adyrna.kz Telegram

Оысдан 92 жыл бұрын, 1928 жылы 22 сәуірде актер, Қазақстанның халық әртісі Нұрмұхан Жәнтөрин дүниеге келді.

Атырау облысының Махамбет ауданында туған.

Ташкент театр өнері институтын бітірген. 1952-1967 жылдары және 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсеткен. 1967-1988 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында актер болған. Актер көптеген спектакльдер мен фильмдерде ойнаған. Ол театрда С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Шоқан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Қодар (осы шығармалар бойынша қойылған фильмдерде де ойнаған), М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөзінде» Кебек пен Сырым, Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ерінде» Доктор, М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында» Синтаро, М.Булгаковтың «Жендеттерінде» Мольер, сондай-ақ, У.Шекспирдің «Оттелосы» мен «Макбетінде» Яго және Макбет (соңғысы Қарағанды облысы қазақ драма театрында), А.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Сальери, Барон және Дон Жуан рольдерін сомдап, үздік актерлік шеберлігін танытқан.

1948 жылдан киноға түсе бастаған. Кинодағы алғашқы рөлі «Аласталған Алитет» фильміндегі чукча жігіті - Туматуге. Жантөрин 80-ге жуық фильмге түссе, соның 30-дан астамында басты рөлде ойнаған. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов («Оның уақыты келді»), Абылайханов («Атаманның ақыры»), Құрманғазы («Құрманғазы»), Сапар («Сапарқұдығы»), Шал («Көлеңкесін қуған шал»), Бейбарыс сұлтан («Сұлтан Бейбарыс»), т.б. бейнелері бар.

Режиссер ретінде Цой Гук Инмен бірлесіп «Орман балладасы», Н.Жайнақовпен бірге «Медальдің үшінші жағы», «Қарамаржан» фильмдерін түсірген. Алматы қаласында Жантөрин атындағы көше бар.

1989 жылы режиссер Б.Мансұров қойған "Сұлтан Бейбарыс" фильміндегі Бейбарыс бейнесі — тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл образ актер шеберлігінің шырқау шыңына айналды. Ол осы рөлі үшін кеңес киносы актерлерінің бүкілодақтық "Созвездие — 90" фестивалінде "Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін" сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық "Сұл-тан Бей-барс!.. Сұл-тан Бей-барс!.." деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алған. Фильмнің дыбысын жазу сәтінде атақты режиссер Сергей Бондарчук: "Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның үнін жазудың өзі бір ғанибет қой!" — деп тамсанған екен.

Қазақ руханияты үшін еселі еңбек қосқан тұлға 1990 жылы 2-ші мамырда Алматы қаласында қайтыс болды.

 

Пікірлер