Бір газеттің күші бір әскерден әлдеқайда мықты

2547
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздік алғаннан кейін, бірнеше жылдың көлемінде қазақ азаматтары аты-жөндерін жазудың ұлттық үлгілеріне көше бастаған болатын. Кешегі қандастарымыз да тегінде еш орыс жалғаулықтарынсыз отанына оралып жатты. Оған қоса Елбасымыздың 1996 жылғы Жарлығы аты-жөндерімізді дұрыс жазу тұрғысында талпыныс жасауға жол бастап, бірден қанатының астына ала кетті. Дегенмен көпшілігіміздің ата-тегімізде өзге тілдің жұрнақтары мен кейбір аффикстері сүліктей жабысып, айырылар ойы жоқ. Яғни ағалы-інілі «ов», «ев» немесе апалы-сіңілі «ова», «ева»-лар өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары дүниеге келген немесе туылғалы бері аты-жөндері орысша жазылған азаматтар мен азаматшалардың төлқұжаттарында тайға таңба басқандай әлі бадырайып тұр.

Қазақ аты-жөнінің дұрыс, сауатты жазылуы дегенде санаға бірден Бауыржан Момышұлы еске түсе кетеді. Көзінің тірісінде аңызға айналған тұлғаның соғыстағы ерлігі былай тұрсын, туған тілін жаудың суық қанжарынан қорғаштаған азаматтық парызы әр қазаққа үлгі екені даусыз. Батыр атағын қазақша фамилиясы үшін бермепті дегенін зор мақтаныш көріп, кеудемізді соғып, көңіліміз көкте, басымыз жерде қалатын еді. Ал тәуелсіздік туы желбіреген заманда өз еркімізбен аты-жөнімізді қазақыландыруға Бауыржан атамыздай бір ерлік көрсетпек түгіл, тегіміздегі артық екі-үш әріпті алып тастауға құлқымыз жетпей жүргені, болмаса бұлыңғыр саясаттың шеңгелінен шыға алмауымыз рухтың төмендігі мен рухани сананың әлсіздігін айғақтайды.

Өткен жылы Қажет Андастың «Ілиястың жұрт біле бермейтін бүркеншек есімдері хақында...» атты мақаласы жарыққа шыққан еді. Онда  «Қазір Ілиястың есімін бір жерде Ілияс Жансүгірұлы, енді бірде Ілияс Жансүгіров деп жазып жүр» деп, Ілияс ақынның бүркеншек есімдерін саралай зерттеген еңбегін мен де зерделеп шыққан едім. Бұл жерде автор біз білетін Ілияс Жансүгіров біраз қолжазбаларда Жансүгірұлы Ілияс деп жазылғанын көрсеткен. Түйіндісінде «...қазір Ілияс шығармалары шетел тіліне аударылып, әлемдік әдебиеттің алтын қорына ене бастады. Алдағы уақытта салмағы тіпті аса түсетінін біледі. Оны жұрттың бәрі көріп, біліп отыр. Сол еңбектерде Ілиястың ататегін орысша Ілияс Жансүгіров болып жазылып жүр. Оның орнына қазақша Ілияс Жансүгірұлы болып жазылса, шетелдіктер Ілиястың қазақтың қаламгері екенін сезінер еді. Осы ойым қолдау тапса, нұр үстіне нұр болар еді...» деп көпке сенім артты. Тұлға тануда алдымен осы тұрғыдан бастау керектігін айтып, қалың көпшілікке, әсіресе әріптестеріне тағылымды ой салған еді.

Жалпы осы мәселе жөнінде өзгелермен әңгіме өрбіте қалсаңыз, кешегі Кеңес үкіметі билік құрып тұрған кезінде Қазақстан тұрғындарының барлығы дерлік фамилияларын орыс халқы сияқты әлгі жалғаулармен қосып жазатын дегенді естисіз. Иә, ол кезде көпшілік КСРО-ның идеологиялық машинасының шынжыр табанының күшіне мойынсұнып кеткен еді. Бірақ барлық кезде солай болды деу – әбестік. Қазақтар фамилияларын «ұлы», «қызы» деп жазған.

Ол үшін тарих беттерін саралайық. Онда мынадай деректер бар екен. 1937 жылы қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Алаш зиялылары «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов», «ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деп Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан арнайы қаулы шығарған екен. Ұлт зиялыларының басын қырқып тастаған 1937 жылдан кейін қазақтың бәрі көгенделген қозыдай орыс үлгісімен аты-жөнін толтырып, қаулыны қабылдағанымен, оны іске асыра алмай кетті.

Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апайымыз өзінің «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты кітабында «Куәлікті әкем араб әріптерімен және орысша жазып өз қолымен толтырған. Бұл құжат менің қолымда сақтаулы» деп жазады. Осы құжаттағы «Әкесі» деген сұрақтың тұсында – «Міржақып Дулатұлы – 40 жаста» деп жазылған.

Сәбит Мұқанұлы 1932 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде сол кезгі ақын-жазушылар туралы жазып, оларды: Байтұрсынұлы Ахмет, Дулатұлы Міржақып, Қарашұлы Омар, Жұмабайұлы Мағжан, Торайғырұлы Сұлтанмахмұт, Дөнентайұлы Сәбит, Күлейұлы Бернияз, Әуезұлы Мұхтар, Аймауытұлы Жүсіпбек деп көрсеткен. Бұл кітап сол күйінде 2008 жылы «Атамұра» баспасынан 1000 дана болып жарық көрді.

1936 жылы қазақ әдебиетінің басы-қасында жүргендер, мысалы, С.Сейфоллаұлы, С.Мұқанұлы, М.Әуезұлы, Ә.Тәжібайұлы ол кезде фамилиялары «ов» емес, «ұлы» деп жазған. Бүгінде көп адам білетін Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романы 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып, автордың аты Сейфуллаұлы Сәкен деп жазылғанын білмейді.

Ол кездегі саяси жағдайдың қандай болғанын қазір екінің бірі біледі. Кеңес үкіметінің басшылығы «халық жаулары» деп көптеген азаматтарды атты, түрмеге қамады, алыс жерлерге жер аударды. Тірі қалғандар амалы жоқтықтан биліктің дегеніне көнді. Бүкіл ел фамилияларын «ұлы», «қызы» деп жазғанды қойып, «ов», «ев» деп жазды. Оны біздің қатпарлы тарихымыз айтады. Жоғарыда аталған сол қазақтың қаймақтары бүгінде көзі тірі болса, еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап аты-жөндерін жөнге салатын еді.

Кейінгі жылдары «ов» пен «ев»-ке қарсы тұрып, басқалардың сана-сезімінің өсуіне ықпал ете білген тұлғалардың бірі Бауыржан атамыз болды дедім сөз басында. Батыр басқа ұлттың өкіліне қазақ деген халықтың аты-жөнді жазу дәстүрі орыстардікінен мүлдем өзіндік мәдениеті бар екенін түсіндірген еді. Ол осылайша КСРО-ның билік басындағылардың барлық ұлттарды «ов» деп жазып, бәрін бір совет халқы етіп жіберуіне өзінше қарсылығын білдірген болатын.

Ал тәуелсіздік таңы атқан тұста «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза бір-ақ күннің ішінде ешбір заңсыз-ақ «ов» пен «ев»-ті газет парақтарынан сызып тастады. Содан Қазақстанның төрт бұрышындағы көптеген республикалық, облыстық, аудандық газеттердің бетінде авторлар мен журналистер «ов» пен «ев»-сіз шыға бастады. Қазірде де біраз газет-журналдар, тіптен сайттар сол жолдан ауытқымай, түзулеп келе жатқан жайы бар.

Осы ретте ұлы француз ойшылы Напалеонның «Бір газеттің күші бір әскерден әлдеқайда мықты» деген жанды сөзі еске түседі. Шынымен де, сол кездегі газеттің құдіреттілігі игі істің ашылуына жол ашып берген екен. Тек қазіргі уақыттағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде тек газет-журналдар ғана емес, телевизия, радио, сайт редакторлары мен журналистері, тіптен әлеуметтік желілерді жүргізетін блогерлердің біразы бұл жағдаятқа селқос қарап отыр.

Енді заң тұрғысына келсек. Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеу «Неке және отбасы» заңы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 22 мамырдағы Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі туралы» ережеге сәйкес жүргізіледі. Бұл ереже талаптары бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарына 15 жасқа толған кезде тегін өзгерту құқы беріледі. Бұл шара өтініш берушінің тұрғылықты жеріндегі АХАЖ орындарында жүргізіледі.

Жұрттың көбі құжат өзгертуге келгенде осы саладағы бюрократиялық жүйеден, қағазбастылықтан, толып жатқан әуреден қашады. Сондықтан оқырмандарға пайдалы ақпарат болсын деген ниетпен Ескелді аудандық АХАЖ (Алматы облысы) бөліміне барып, бөлім қызметкерлерінен заң тұрғысындағы ережелерді білуге бекіндім.

  • Аты-жөнін өзгерту туралы өтінішті қарау оны берген күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Өтініш иесі белгілеген үлгідегі арыз, өмірбаян, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, азаматтың тіркеу кітабын, мемлекеттік алым төленген түбіртекті қоса тапсырады. Азаматтардың тегі өтініш берушінің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тіліне жат «-ов –ев, -овна, -ович» жұрнақтары алып тасталып, оның орнына «ұлы», «қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады, - деді Әсел Рахымова есімді бас маман. Оған қоса мамандар бүгінгі күні сол жалғаулықтарынан арылғысы келетін азаматтардың көп екенін растады.

Куә болып отырғанымыздай, фамилиядағы Кеңес заманынан қалған сарқыншақтың бұл белгілерін өзгерту көп қиындық тудырмайды екен. Ресми орындарға барып, керекті құжаттарды рәсімдесеңіз болды. Бұл – мемлекеттік деңгейде шешілген мәселе. 

Бір жарым жыл бұрын Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты тамаша мақаласы жарыққа шыққан еді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы өзіміздің тарихи тамырымызды өзге елдерге таныстырып, бар құндылықтарымызды жаңғыртатын уақыт жеткенін баса айтқан болатын. Сөз басында тілге тиек еткен Ілиястың бүркеншек аттарын зерделеген Қажет ағамыз «Ілияс Жансүгірұлы болып жазылса, шетелдіктер Ілиястың қазақтың қаламгері екенін сезінер еді» деген салмақты ой тастады. Яғни қазақ дегенде біздің өзімізді айшықтап тұратын таңба болуы қажет. Қазір Димаш Құдайбергеннің аты аталған жерде Қазақстан деп жаңғыруына сүрінбей жеттік. Сол сияқты біздің аты-жөнімізден қазақтың дархан даласының жұпар иісі шығып тұруы керек деп ойлаймын. 

Өзге халықтарды, не басқа ұлт өкілдерінің аты-жөнін естігенде, оларды бір-бірінен еркін ажырата алатынымызды жасырмайық. Мысалы, Француздар Депардие, Саркази, Жан Марэ, Мирей Матье деп, грузиндер Саакашвили, Георгадзе, ағылшындар Черчиль, Тетчер, Холмс, Уатсон деп, алмандар Шмидт, Вайс, Мюллер, Штирлиц деп өзінше жазады. Тіпті қытайларды, жапондарды, кәрістерді, мексикандықтарды, италияндықтарды, бәрін-бәрін аты-жөндеріне қарап кімнің кім екенін көз жұма тауып аламыз. Сондықтан бізді де өзгелер «мынау қазақ қой» деп танитын жағдайға қол жеткізу керек. Ал бұл саясатты халыққа кеңінен насихаттайтын бірден-бір өкіл – бұқаралық ақпарат құралдары.

ТҮЙІН: Шерхан Мұртазаның «Баукең солақай емес» деген ойтолғауы еске түсіп отыр. Онда жазушы Тараздағы драма театрының жанына Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылғанын жазған еді. Бірақ мүсінде батырдың қылышы оң жағына тағылған екен. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес. Сонда қаламгер «Сызып тастап түзететін жазу емес, қисық-қыңырын түзете салатын бояулы сурет емес, шойыннан құйылған ескерткіш. Әттең, бір кем дүние» деп қатты қапаланады. Біздің құжаттар да алтынмен апталып, күміспен бапталмаған. Балқытылған болатпен әріптері құйылмаған. Төлқұжаттың түрлері жыл сайын жаңарып жатқан заманда аты-жөнімізді тиісті мекемелерге барып дұрыстайық. Әрине, тегіміз қазақ болсын десек...

 

Зейнегүл ЖҰМАБЕК

Пікірлер