Біздегі азаматтық беру тәртібін жеңілдету керек пе, әлде қатайтқан жөн бе?

3979
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан - көпұлтты әрі зайырлы мемлекет. Қонақжайлық қанымызда бар. Содан ба, шетелдіктер үшін есігімізді айқара ашып қойғандаймыз. Ең алдымен, 1991 жылдың 20 желтоқсанында қабылданған "Қазақстан  Республикасының азаматтық туралы" заңына үңіліп көрейік. Ел азаматтығына қабылдау шарттары қандай?

1)Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.

Осы жерден үлкен бір мәселе туындайтындай. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдың өзінде 2472 қазақстандық азаматша басқа ел азаматына тұрмысқа шыққан. Көрсеткіштер күн санап артып жатыр. Заң бойынша күйеу балаларымыз мен жиендерімізді сыртқа тебе алмаймыз. Не себепті шетелдіктер біздің қаракөз қыздарымызға құмар? Ойланып көрдіңіз бе? Үш жыл некеде  тұрғаннан кейін ажырасып кеткендері қаншама?

2)Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

Бұл да бір құйтырқылық механизміне жол ашатындай. Мысалы, шетелдік азамат елімізден  бала асырып алып,әп сәтте  қазақстандық атана алады. Осыдан кейін оның өзге елде тұратын туыстарына азаматтық алу мүмкіндігі оп-оңай пайда болады.

Бұл еліміздің азаматтыққа қабылдаудағы негізгі шарттары. Ал өзге елдерде азаматтық қалай беріледі ?

Ресей, Дания,Финляндия, Македония сынды елдердің азаматтығын алу  үшін мемлекетті тілді міндетті түрде жетік білу керек. Ал Тайландта бизнесмен ретінде ел дамуына үлес қосып, уақытылы салық төлеп отыру міндеттелген. Үміткер төлқұжатты алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсырып, тағы бес жыл күтеді.  Біріккен Араб Әмірліктерінде тек араб азаматына күйеуге шыққан әйелге ғана азаматтық алу құқығы берілген. Қазақстанның жалпақшешейлігін осыдан-ақ көре аламыз.

Азаматтық алу төңірегіндегі өзекті тақырыптың бірі - этникалық қазақтарды атажұртына қайтару  мәселесі . Өкінішке орай, қандастарымызға қарағанда шетелдіктердің азаматтық алуы әлдеқайда оңай. Этникалық қазақтар азаматтық алу үшін саны көп құжаттарды жинап, әлек болады. Олар бұрынғы өзі тұрған елінен азаматтықтан шыққаны туралы анықтама әкелуі тиіс. Алайда Қытай Халық Республикасы мен Иран Ислам Республикасымұндай анықтаманы бермейді.

Қазіргі таңда "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңына ел азаматтарының көңілі толады ма ? «Адырна»ұлттық порталы сұрап көрді:

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, журналист:

«Азаматтық алу оңай болмауға тиіс. Жалпы, заңда "өзгелер үшін былай, ұлты қазақтар үшін былай" деп айырып көрсетілмеген жағдайда, ол қазақтан гөрі өзгелердің пайдасына жарап кетеді. Ондайда шетелден келгендер үшін(оралман немесе қандастар) "Көші-қон заңына" сүйенуге тура келеді. Сол себепті, оралмандардың азаматтық алуы мүлдем басқаша қаралуы керек. Бәрін бірдей қараса, қаны басқа бөтендер үшін тиімділік жасаған болып шығады. Азаматтық алудың жеңіл болуы мынадай салдарды туындатады:

1)шетелдіктердің Қазақстан азаматшаларымен(қазақпен) үйлену үрдісін арттырады;

2)жалған "некеге тұру куәлігін" сатып алу(белгілі шартпен)  алаяқтығын асқындырады;

3)азаматтық алған адам Қазақстанда 15 жыл тұрса және жасы 40-тан асса, демократиялық елдің сипатына сай, ол өзін президенттікке ұсына алады. Өзге қолдаушы күштер мен экономикалық қуаттылық, басымдылық арқылы ондайлар күні ертең президенттік таққа таласуы бек мүмкін. Өйткені "президент болатын адамның тегі қазақ болу керек және ол қазақ тілін білуге міндетті" деген шарттар болмаған жағдайда  олар ойына келгенін істейді. Ондайда бұл ел көрінгеннің қолжаулығы болуы ғажап емес. Мінеки, азаматтықты алу жеңілдеген сайын оның зардабы да ауыр болады».

Ақжол ПИОНЕРОВ, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының магистранты:

«Азаматтық туралы заңның бабына көңілім толады, себебі  демократиялық мемлекетте азаматтық алу жеңілдетілген түрде болуы қажет. Онымен қоса, Қазақстан үшінші деңгейдегі мемлекет болғаннан соң, ешкім ұмтыла бермейді. Ең басты қаралатын мәселе,  азаматтардың елге берер пайдасы болуы керек».

Нұрахен ЕРКІН, дәрігер:

«Мен 2005 жылы ҚХР-дан атажұртқа қоныс аударып, 2006 жылы азаматтық алуға өтініш бердім. Өте көп қағаз жинадым. Азаматтық арызды бір емес, бірнеше рет қайтара жазуға тура келді. Арызымды бірден қабылдай қоймады. Шынымды айтсам, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңын оқымадым.  Десе де, қандастарымыздың азаматтық ала алмай, зар илеп,шапқылап жүргенінен хабардармын».

 Малика ЖАСТАЛАПОВА, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті:

«ҚР-ның Азаматтық туралы заңына көңілім толады. Әсіресе,ТМД елдері үшін жеңілдетілген формасы ұнады. Алайда өз тарапымнан міндетті түрде мемлекеттік тілге емтихан тапсыру талабын қосар едім. ҚР азаматтығын алатын тұлға кемінде А1 деңгейінде қазақша немесе орысша сөйлей алуы керек».

Мемлекеттің негізгі миссиясы - ұлттық бірізділікті сақтау. Осы арайда қазақтың тілі мен дәстүрін білмейтін өзге мәртебемізді көтеріп, бірлігімізді арттыра алады ма?!   Еліміздің азаматтығын беру кезінде сақ болсақ екен...

 

Диана АСАНОВА, "Адырна" ұлттық порталы. 

Пікірлер