XXI ғасырда жер бетінен жойылуы мүмкін 10 қала

3694
Adyrna.kz Telegram

Жер беті жыл өткен сайын өзгеріске ұшырап барады. Мұның көптеген себептері бар. Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы да әсер етуі ықтимал. Ғаламдық жылыну да климаттық өзгеріске әсер етуде. Соның салдарынан теңіз, мұхит суы көтеріліп келеді. Мамандар  жиырма бірінші ғасырдағы ең қауіпті құбылыс ретінде қазір осы мәселені жиі атап отыр. Нақты айтқанда, 2100 жылдары оннан астам қала жер бетінен жойылып кетуі ықтимал. Оған не себеп? Атап айтқанда қандай қалаларға қатер төніп тұр? Сонымен...

1. Сан-Франциско. АҚШ

АҚШ-тың аталған шаһары кез келген уақытта қиранды қалаға айналуы ықтимал. Қазіргі уақытта бұл қала сейсмикалық тұрғыдан ең қауіпті аймақта тұр. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, алдағы 70 жылда Сан-Францискода бұрын-соңды болмаған қуаты 7 балдан жоғары жер сілкінісі болуы мүмкін.

Қалай айтқанда да, табиғи апат адамдардың санасына өзгеріс әкеледі. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Бір ғана мысал, АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында жер сілкінісі болған уақытта бұл аумақта 500 мың адам тұрған. Ал бір жылдан кейін қала халқы екі есеге күрт  азайып кеткен.

Ал қазір  Сан-Францискода 900 мыңға жуық халық тұрады. Шаһардағы нысандар аспанмен таласқан, өте биік. Егер жер сілкінісі бола қалған жағдайда нысандардың 75 пайызы қирайды. Ал адам өлімі өте жоғары болады. Көрікті жерде тұрғанымен, халықтың санасында үрей бар. Ол әрине тікелей жер сілкінісіне қатысты болып отыр.

2. Италия. Венеция

Әлемдегі ең романтикалық қалалардың бірі кейінгі кезде шөгіп барады. Өйткені теңіз суының көтерілуі қала тұрғындарына жыл сайын үлкен қатер төндіріп тұр. Ең соңғы рет 2019 жылдың қараша айында қаланы су басты. Теңіз жағалауынан тасыған судың деңгейі қала көшелерінде 2 метрге дейін көтерілді. Тұрғындар үй-жайын тастап қашты.

Венецияның жергілікті билігі теңіз суынан қорғану үшін бірнеше рет бағдарлама жасағанымен, ешқайсысы да нәтижелі бола қойған жоқ. Көбісі жемқорлықпен ұсталып, сотталып кетті. |

Венеция әлемнің әр түкпірінен туристер жиі келетін аймаққа айналғанымен, жергілікті тұрғындар үшін су тасқыны үлкен қауіп төндіріп тұр.

3. АҚШ. Детройт

ХХI -ғасырдың соңында Детройт қаласы үшін естеліктер ғана айтылуы мүмкін. Неге дейсіз ғой?

Соңғы он жылда мұнда тұратын халық екі есеге азайды. Егер мамандар болжағандай жағдай  осылай кері кете беретін болса, онда 2100 жылдары бұл аймақ ешкім тұрмайтын елдімекенге айналады. ХХ ғасырдың ортасында мұнда 1,85 миллиондай адам тұрған. Ал қазіргі уақытта 600 мыңнан аса тұрғын қалды. Себеп, 2016 жылы қала банкрот болды, қазынаға ақша түспеді, жемқорлық жайлады, тұрғындардың 30 пайыздан астамы жұмыссыздар қатарын толықтырды. Қылмыс өршіді, адам өлімі Нью-Иоркке қарағанда он есе жоғары. Детройт «елес кезген қалалардың» қатарына енді.Тұрмыстың ауырпалығынан халық баспаналарын тастап кетті. Forbes  журналының сарапшылары Детройтты АҚШ-тағы болашағы жоқ қалалардың қатарына қосып отыр.

4. Ресей. Иваново

Кеңес Одағы кезінде тоқыма өндірісінің алды болған облыс орталығының бүгінде ажары кеткен. КСРО-ның түкпір-түкпірінен келіп жұмыс істейтін бұл шаһарды тіпті «қалыңдықтар қаласы» деп те атаған. Өйткені мұндағы тоқыма фабрикаларында он мыңдаған қыз-келіншектер жұмыс істеген. КСРО келмеске кетті. Ал өндіріс тоқтаған соң  қыз-келіншектердің  60 пайызы Ивановадан кетуге мәжбүр болды. Ресейлік тоқыма нарығын Түркия мен Қытай киімдері басты.1990 жылы Ивановада 500 мың адам тұрса, қазір екі есеге азайып кеткен. Жұмыс іздеген жұрт басқа қалаға ағылды. Ивановода қазір жұмыссыздардың саны артып, қылмыс өршіп тұр. Халық кедей.

5. Мексика, Мехико

Қасындағы елдімекендерді қоса алғанда Мехико қаласында 21 миллиондай халық тұрады. Бірақ Мехико мексикалықтар үшін қауіпті аймақ. Өйткені Мехико қаласы біртіндеп шөгіп барады. Соңғы 65 жылда қаланың деңгейі  9 метрге төмен түскен. Оған жерасты және теңіз суының әсері тиіп отыр.

6. Гамбия. Банжул

Теңіз суының көтерілуі Гамбия мемлекетінің тұрғындары үшін үлкен қатерге айналып барады. Егер жағдай  осылай кері кете беретін болса, Африканың батысындағы мемлекеттің егістік алқаптары мен қалың ну орманының 50 пайызынан астамы су астында қалуы мүмкін. Қазір Гамбия үкіметі жағалаудағы теңіз суынан қорғанудың барлық шараларын қарастырғанмен,  тасқын су өз дегенін істеп жатыр.

7. Мали. Тимбукту

 

Мыңдаған жыл тарихы бар Тимбукту  қаласы жасыл мекен емес, бүгінде тақыр шөл далаға айналды. Тимбукту – Африканың оңтүстігіндегі ең байырғы қала.  Аптап ыстық пен жел тұрып, құм суырған қалада тұру мүмкін емес. Адамдар өмір сүруге қолайсыз мекен болғандықтан үй-жайларын тастап кеткен. Бұл да «елес кезген қалаға» айналды. Құм басып, шырайы кеткен шаһарда қазіргі уақытта  60 мың адам ғана тұрады.

8. Италия. Неаполь

Мамандар Везувий жанартауын «баяу жарылатын бомба» деп атап отыр. Бұл жанартау кез келген уақытта атылып, Неаполь қаласын жоқ қылып жіберуі мүмкін. 1 миллионға жуық халқы бар, Жерорта теңізінің маңында орналасқан

Неапольда ЮНЕСКО ұйымының тарихи мұралар тізбегіне енген нысандар баршылық. Бірақ бұл тарихи нысандар бір сәтте жермен жексен болуы мүмкін. Бұған мысал ретінде мамандар біздің эрамызға дейінгі 79 –жылдары ежелгі Помпей қаласының жоқ болып кетуін тілге тиек етеді. Жанартаудан атқылаған бірнеше миллиондаған тонна балқыған от ағынның салдарынан сол кезде 30 мың адам қайтыс болды.

Ескерте кетейік, Везувий вулканы соңғы рет 1944 жылы «оянған». Содан бері қимыл-қозғалыссыз жатыр. Бірақ мамандар Везувий жанартауының ұзақ уақыт үнсіз жатуын құп көрмейді. «Жанартау 2050 жылы атылуы мүмкін» деген болжам бар. Егер Везувий жанартауы тағы «оянса» онда жүз мыңдаған адам өлуі мүмкін.

Неаполь қаласы қазір өте қауіпті «қызыл сызық аймағында» тұр.

9. Таиланд. Бангкок

Бұл қала да теңіз суының көтерілуінен көп зардап шегуі мүмкін. Соңғы 100 жылда Бангкоктың көшелері бірнеше рет тасқын су аққан арнаға айналған. Тайланд билігі бұл мәселеден шығудың жолын бірнеше рет қарастырғанымен, түйткіл әлі шешіле қойған жоқ.

10. АҚШ-тың бірнеше қалалары

Ғаламдық жылыну, ауа райының өзгеруі және теңіз суының көтерілуі тәрізді қауіп-қатерлер америкалықтар үшін алаңдатарлық мәселеге болып отыр. Мамандардың бағалауына қарағанда, қазіргі уақытта мұхит дауылы жағалаудағы елдімекендерді жыл сайын үлкен шығынға ұшыратуда. АҚШ-тың Лос-Анджелес, Филадельфия, Балтимор, Чарльстон, Хьюстон, Лонг-Айленд, Сакраменто, Портленд, Сан-Диего, Сиэтл және басқа да қалалары қазір де, болашақта да қауіп-қатер аймағында болатынын айта кету керек.

Еркін ҚАЛДАН

 

Пікірлер