«Адырна» бірлестігінің бас есепшісі Төлегенова Гүлсімнің әкесі дүниеден озды

2901
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің бас есепшісі Төлегенова Гүлсімнің әкесі Төлегенов Әсет 97 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Бухгалтерлік есепке келгенде алдына жан салмайтын, сауатты маманымыз Төлегенова Гүлсім қайтпас қайсар мінезді әкесінен алған болу керек. Бас есепшіміздің әкесі Төлегенов Әсет Төлегенұлы 1923 жылы 10 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында мұғалімдер отбасында дүние есігін ашқан.

1942 жылдан бастап Ұлы Отан соғысына қатысқан. Сол жылдары Орынбор облысының 13-ші бригадасында кіші командирлерге арналған 3 айлық курстан өтіп, сержант атағын алды. Сталинград майданы 21-армиясының 293-ші атқыштар дивизиясының 1034-ші атқыштар полкінде соғысқан. 1942 жылдың 19 қарашасында шайқас барысында іс-түссіз жоғалып кетіп, кейіннен ауыр жараланып, ұрыс даласында қалғаны анықталды.

 

Осылайша Төлегенов Әсет ауруханадан шаққаннан кейін тағы да майдан даласына қаймықпай қадам басты. Соғыстан кейін туған жерінде ұзақ жылдар мұғалім болып қызмет етіп, зейнетке шықты. Халық ағарту ісінің үздігі атанды.

Ол Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының құрметті азаматы еді. Кейіннен Алматыға көшіп келіп, ұзақ жылдар бойы бас қалада тұрақтанды. Бүгінгі күні марқұмның ұрпақтары, отбасы Алматы қаласында беделді мекемелерде қызмет етеді. Мәңгілік сапарға аттанған Төлегенов Әсеттің отбасына, туған-туыстарына «Адырна» бірлестігі ұжымының атынан қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Артта қалған отбасына береке-бірлік, ырыс-несібе тілейміз!

 

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер