Абайдың күйші болғанын білесіз бе?

3776
Adyrna.kz Telegram

«Құлақтан кіріп бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй», деп өзі жырлағандай Абай атамыз тек ақын ғана емес, ән жазған сазгер ғана емес,  күйші де болған. Тек  басқа күйшілердің шығармаларын шертпеген,  өзінің  жанынан күйде шығарғанын біреу білсе біреу білмес.

Ән мен күйдің адамның ішкі жан дүниесіне, сана-сезіміне әсері, олардың терең мәні жөнінде Абай жырларында жиі кездеседі. Осы ретте Абайдың әндерін білмейтін қазақ жоқ дейміз, ал күйлеріне келетін болсақ, домбырашылардың да есіне түспей қиналып қалатын кездері болады. 

Мұның өзіндің себептері де бар. Абайдың күйлерін жеткізушілері мен жазып алып қалғандардың көзі тірісі жоқ, оларды насихаттаушылар да жоқ деуге болады, содан бұл күйлер әлі терең зерттелмей отыр.

Абай атамыздың «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» атты төрт күйі бізге жетіп отыр. «Май түні», «Торы жорғай күйлерін жазушы, журналит Шығыс Қазақстандық Ғайса Сармурзиннің орындуында, күйші-зерттеуші, ғалым Уәли Бекенов 1983 жазып алып, нотаға түсірген, делінген зерттеулерде. Бұдан бұрын 1977 жылы экспедициялық іссапармен Шығыс Қазақстанға барған ғалым Қайролла Жүзбасов Қатонқарағайда тұратын Хамза Демшіновтен «Абай желдірмесін» жазып алған екен.  Абайдың кейіннен табылған тағы бір күйі «Майда қоңыр» Шұбартаулық домбырашы Жүнісбай Стамбаев деген ақсақалдың орындауында,Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклорлық зертханасында сақталған.

Абайдың бұған дейін белгісіз болған «Ақтолқын»деген күйі бар екендігі туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы»ғылыми зертханалық институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану PhD докторы Ардаби Мәулетұлы  egemen.kz тегі материалында айтады.

«П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде 3 курста оқып жүргенімде, ұстазымыз күйші-зерттеуші М.Әбуғазымен бірлесіп «Әшім және Іле аймағының күйлері» атты Іле бойындағы күйшілердің күйлерін негіз еткен бір кітап құрастырдық. Осы кітапқа қатысты материалдар жинау мақсатында 2008 жылдың жаз кезінде ҚХР-ның Іле қазақ автономиялы облысына күй жинау жұмыстарымен бардым.Іленің Күне Зекті қалашығында тұратын Имаш Асқарбекұлы (ол кезде 88 жаста еді) және Камал Мақайұлымен болған бір сұхбатта Іле бойындағы  ертедегі күйшілердің орындауында  «Абылау ханның сыбызғысы», «Абайдың ақтолқыны», «Қызылмойын Қуандықтың күйі»,  «Қарайт батырың күйі» сияқты ескі күйлердің соңғы кезде ұмыт бола бастағанын өкінішпен айтты. Әшімнің «Ақ ерке» деген күйін «Абайдың ақтолқыны» деп жаңсақ айтып отыр ма деген оймен, әңгімеге араласып анықтап сұрағанымда, Имаш ақсақал маған «Ақ ерке» күйінің басқа күй екенін, ал «Абайдың ақтолқыны» атты күйдің бұрыннан бері тартылып келе жатқан көне күй екенін айтты. Сондай –ақ Имаш Асқарбекұлы 1950 жылдардың шамасында Қазақстаннан келген зерттеушілердің осы «Абайдың ақтолқыны» атты күйін естіп, бір жоғымыз табылды деп қатты қуанып, жазып алғандарын да осы әңгімесінде айтып берді», делінген мақалада.

Зерттеушілер,  хакім Абайдың өзінің әндері мен  күйлерін үш ішекті домбырамен жазып, орындағанын айтады.  Әкесінен қалған үш ішекті домбыраны ұлы Ақылбай көзінің қарашығындай сақтап, өзінің баласы Исраилға мирас еткен. Бұл құнды жәдігер 1981 жылы Семейдегі Абай әдеби мемориаль музейінен Қазақ ұлттық аспаптар мұражайына алынған. Содан бері  домбыра мұражайдың алтын қорында сақтаулы тұр.

Абайдың музыкалық әлемі әлі үлкен ізденістер мен жан-жақты зерттеулердің қажет етеді, өйткені оның күйшілік қырын көпшілік біле бермейді, дейді өнертанушылар.

 

Еркегүл Тоқтамұрат

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер