Ұрпақ ұстамы мықты болсын

3095
Adyrna.kz Telegram

Баласын бесікке бөлеп әлдилеп, алақанына салып аялаған қазақ ұрпағына «Тәрбие – тал бесіктен» деген мағынасы терең тәмсіл қалдырды. Анасының әлдиі құлағының құрышын қандырып, балбырап ұйықтайтын балапанның ұйқысы да қанық, көңілі де көтеріңкі, жаны да таза, бойы да сергек болатынын исі қазақ жақсы біледі. Ал осындай баланың өскенде қылдан тайып, ата-ана берген тәрбиені тәрк етіп бетімен кететіні болмаушы еді. Ал ара-тұра еркетотайлардың бұзықтығы болып жатса  ауыл болып «аяғын тыйдыртып», жаман қылығын қойдыртып, жөнге келтіріп, ақылға салатын еді. Бұл ретте балаларға мұғалімдердің берер тәрбиесінің жөні бөлек, ғибраты өз алдына бір төбе еді. Баласының құлағы қарайып, жасы толған құлыншағын жетелеп мектепке барған ата-ана баласын маңдайынан сүйіп тұрып мұғалімге «еті сенікі, сүйегі менікі», тәрбиелеп, оқытып адам қыларсың деп табыстап жататын. Мұны естіген мұғалім де сол бала үшін барын салып, білгенін үйретіп, тәрбиесіне тікелей өзі ғана жауапты болып қалғандай жанын беруші еді. Артық кеткен кездерде аялап отырған баласын аямай жазалап та алатын. Сол кезде бала да оны ата-анасына айтып бармайтын, үйіне жылап келмейтін. Ата-ана ондайды білсе де артық сөз айтып, шу шығарып мектепке жүгірмейтін. Керісінше, өзің бірдеме бүлдіргенсің ғой, қолыңмен істегенді мойныңмен көтеру керек, мұғалімдікі дұрыс деп баласын тыйып тастайтын. Кім баласын жеккөреді дейсің, тек қатесін түсініп, адамның ала жібін аттамайтын адал болсын, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетер адам болсын деген ниет қой ол. Ендігі жерде мұғалім де бүкіл жауапкершілікті мойынына алып, балаға білім беру мен тәрбиелеуде аянып қалмаушы еді. Тіпті, өз баласындай көріп, ештеңеден кем қалдырмай артық кетсе айыбын өтетіп, кері кетсе кетігін толтырып, аз ғана жетістігіне мақтанып, марқайып жататын әдемі бір үрдіс бар еді. Қазір ше? Қазір осы бір керемет сабақтастықтың, ата-ана мен мұғалім, оқушы мен мұғалім арасындағы керемет сыйластық пен түсіністіктің жібі жіңішкерді, тіпті тәрбиенің осы жағы аяғынан ақсап қалды... Неге? Бір сәт ойланып көріңізші. Сіз балаңызды мұғалімге не деп, қалай  табыстадыңыз?

«Таяқтың екі ұшы бар» екенін де білеміз. Барлық баланың тәртіпті немесе бұзық емес екені сияқты, мұғалімдердің де бәрі бірдей  білімді, бала тәрбиесінде салмақты сабыр мен терең ақылдың иесі ме деген сұрақ туары заңды. Екі тарапты да мақтаудан, иә, даттаудан аулақпыз. Бірақ шындыққа тура қарау ләзім. Өйткені бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген қазіргі өмірдің жақсы-жаман жақтары бала мен ата-анаға ғана емес, ет пен сүйектен жаралған мұғалімге де оң және теріс әсер етері хақ. Осындай қайшылықтарды саралай келе, жалпы осы үштіктің арасындағы түсіністік деген ұғымға сына түскенін айтпауға болмайды. Оны күнделікті өмірде көріп-біліп отырмыз. Сондықтан ата-ананың да мұғалімдердің жауапкерлішілігіне, білімі, мәдениеті мен тәрбиесіне қатысты бірқатар талап қойып, оны талап етуге құқы бар екені заңдылық.

«Балам бала болсын десең, оқыт, мал аяма» деді Абай. Ал көзі ашық, көкірегі ояу жұрт бауыр еті баласынан ештеңесін аямайтыны хақ. Оқыдым, тоқыдым, осымен болдым, толдым деме дегенді де үнемі құлағына құйып отыру ләзім. Алайда барын аямай баласына берген қазақ қажет болғанда баласынан  тәрбиесінің өтеуі ретінде оның адамгершілігін, білімділігін, біліктілігін де талап етіп, аялап отырған баласын қажет кезде аямай тәртіпке салуы да қажет қой... Ал бүгінгі ата-аналардың көбі (әрине, бәріне топырақ шашудан аулақпыз) баласынан «мал аямайтыны» сонша, сабақтан бөлек неше түрлі  курстарға оқытқанымен, балаға барынша талап қойып, қадағалауды, не оқып, нені үйреніп, кімдермен араласып, қайда барып  жүргенін бақылауды босаңсытып алды немесме қойды, себебі уақыты жоқ, болса да бос емес...  Рас, баланың аузынан не шықса соны орындап, айтқанын алып беріп, еркіне қойып қойдық. Қу тірліктен қол босамай, жұмыс-жұмыс деп жүргенде қолында табақтай планшеті, болмаса күректей смартфоны, үйінде телевизордай компьютері бар бала бақылаусыз қалды. Өзінде жоқ болса да, қатарынан қалмасын деп баласының қуанышы үшін қарызға алып бергендер қаншама?! Салдарынан қолындағы смартфонның маркасымен, үстіндегі қымбат киімімен мақтанып, қасындағы досын менсінбейтін менмендігі басым, басында атыс-шабыс ойыннан басқа дым жоқ мақтабас мақтаншақ, ертеңі қараңғы балалардың көптеп өсіп жатқаны да өтірік емес...

Планшет, гаджет пен смартфондардың өмірімізге демде дендеп еніп кеткені сонша, онсыз тірлік тоқтап, байланыс үзіліп қалатындай деңгейге жеттік. Білім беру саласында да басты қажеттіліктің біріне айналды. Қашықтан оқудың желеуімен ата-ана бала басын түгендеп кем дегенде арзан болса да смартфон алып берді. Талап сондай, қажеттілік болғанмен, алып берген дүниелерді қалай дұрыс қолдануды, әлеуметтік желілерді қалай пайдалану керек екенін жете үйретіп жатпайтыны тағы бар... Оларды қолданудың өз тәртібі, белгілі уақыты, білуге тиісті ережесі бар екенін білмейтін, өз еркі өзіне тиген бала қандай сайтты қарап отыр, қандай ойын ойнап жатыр, кімдермен байланыс жасап отыр,  қай әлеуметтік желіні қалай қолданып жүр деген көптеген маңызды мәселеге мән бермегендіктен талай баланың тағдыры талқан болғаны да жасырын емес, өкініштісі сол - ол әлі де жалғасып жатыр... Жай ғана мысал, балаңызды бір сәтке бақылаңызшы. Құлаққап тағып алып атыс-шабыс ойнаған баланың мінезі әп-сәтте өзгеріп, айналасына мейірімі жоғалғаны сонша, ештеңеге қарауға мұршасы жоқ, адреналин алып алған кезде екі беті қып-қызыл болып алабұртып, көзі жанып, алақ-жұлақ етіп ызаланып отырады.

Адреналин деген не деп отырған шығарсыз. Артық болмас айта кетейік, ол - бүйрек үсті бездерінің қабатында болатын ми тәрізді заттан түзіліп, ағза шаршағанда, миға қандай да бір психологиялық күш түскен уақытта зат алмасу   мен мидың, жалпы ағзаның қалыпты жұмысын еріктен тыс күшейтетін гормон. Мәселен, бала анау қырғын болып соғысатын құбыжықтар туралы ойындарды ойнап отырғанда беріліп кететіні сонша, ақырын байқасаңыз тыныс алуы жиіліп, атын атап шақырсаң да естимейтін, қасына барсаң да байқамайтын күйде болады. Ал абайсызда көңілі бөлініп кетсе ренжіп, өзінен кіші біреу болса ұрып та жіберуден тайынбайды. Сол сәтте ана баланың бойындағы агрессияны көргенде өзің қорқасың. Бұл жай біздің ғана емес, қазір бүкіл әлемнің бас ауруына айналған аса күрделі мәселенің бірі болып отыр. Ата-анаға, мұғалімге өте таныс жағдай  – бұл.

Ал осындай баланы мектепке жіберіп отырып қандай бір жағдайда мұғалімге кінә артатындардың да аз емес екені шындық. Тәртіп бұзған баланы жөнге салғаны үшін мұғалімнің екі аяғын бір етікке тығып, балаларын әндегенде мұғалімнің құнын көк тиын қалатын ата-аналар бар. Қалай ойлайсыз, осы дұрыс па?  Мектеп - қоғамдық орын. Ал қоғамдық орында тәртіп жалпыға ортақ және заң. Енді осыған бағынбаған баланы мұғалім не істеуі керек сіздіңше? Тәртіпті талап етуге хақы бар ғой. Баласының бетіне қарап қой деген мұғалімнің артына шам алып түсіп, қолы жағасында кететіндерді де көріп жүрміз. Ең жаманы сол, осының бәрін баланың көзінше жасайды, мұғалімді жерге жеті кіргізіп, жеті шығарып жамандайды, оның ісінің дұрыс емес екенін барынша айтуға тырысып бағады. Мұны көрген бала өз ісінің қате болғанын ұқпақ түгілі, мұғалімнің мұғалім екенін мойындаудан қалады. Бұл жерде мұғалімдер де жетісіп тұрған жоқ деген уәж артық, ұят. Міне, бала болашағына шабылған балтаның бірі осы деп біліңіз.

Баланың айтқанын алып беріп, қадалағаусыз қалдырып бір және үлкен қате жібереді, баланың көзінше біреуді жамандап екінші қатені, оның ісінің дұрыс емес екенін түсіндермей үшінші қатені, қойшы, сөйтіп тек бір ғана бұзықтық жасағаны үшін мың қатені өзі жіберіп алғанын білмейді, білмеген соң мойындамайды. Өйткені «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегенді ұмытқан ата-ананың өзі қолы қалт етсе сол смартфонның немесе планшеттің «ішінде жүреді». Оның зияны шаш етектен екенін біле тұра, оқушы баланы қойып, жылаған құйтақандай сәбиді де жұбату үшін қолына смартфонды беріп ойын қосып ұстатып қояды. Ертең оның болашағы  не болады деген үлкен сұрақтың барын ұмыт қалады…

Айтайық дегеніміз ол емес, мынау. Елімізде таралып отырған індетке байланысты қашықтан оқумен оқытудың тәжірибесінен  азды-көпті болса да өттік. Көп қиындықтың болғаны да рас. Ол өз алдына бір мәселе. Алда сабақ басталатын уақыт жақындады. Балалар қашықтан оқитын болғандықтан бағанағы планшет, гаджет пен смартфондарға, компьютерлерге байланатын уақыты келе жатыр. Сіз сабақ оқып жатыр деп бейқам отырғанда ол баланың «басқа әлемде шарлап жүрмесіне» еш кепілдік жоқ. «Баланы тәрбиелеудің қажеті жоқ, ол бәрібір саған тартады» дегенді бір жерден оқыған, болмаса, ес тіген боларсыз. Жаны бар сөз. Сондықтан, әуелі, өзіңізді тәрбиелеуге тырысыңыз, техниканың жетістіктерін дұрыс қолданып, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдаланып үйренсеңіз балаңызды да соған үйретеріңіз хақ. Солай ғой. Мұғалім мен баланың арасындағы қарым-қатынастағы басты дәнекер - ата-ана екені белгілі. Балаларды үнемі бақылауды естен шығармай, қадағалауға да міндетті және ол аса маңызды, өте қажет екенін әр ата-ана ұғуы керек. Онсыз «су аяғы - құрдым» екенін ұмытуға болмайды. Ата-ана ұстамды болса, ұрпағы да ұлағатты боларын, «ұстазы мықтының - ұстамы мықты» екенін білетін елміз ғой, ұрпағымыз ұстазымен мақтанатын, ата-анасын құрметтеп, бауырына мейірін төгіп, айналасына шуағын шашып тұратын мерейі үстем, ұстамы мықты, ұлағатты болсын!

 

Жанбота Сұлтанмұратқызы,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер