Беларусь оппозициясы жалпыхалықтық маршқа дайындалуда

2829
Adyrna.kz Telegram

Беларусь билігі  19 тамызда құрылған  үйлестіру кеңесінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Ал Оппозициялық үйлестіру кеңесі 23 тамызда жалпыхалықтық марш өткізбекші. 

Қауіпсіздік кеңесін өткізген А.Лукашенко енді Минскіде тәртіпсіздік болмау керектігін ескертіп, халықтың тыныштықты қалайтынын айтты. Ал елдің бас прокуроры Александр Конюк Светлана Тихановская бастаған үйлестіру кеңесінің құрылуын билікті басып алуға бағытталғанын айтып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Оппозициялық үйлестіру кеңесі бұған дер кезінде жауап қайырды.

"Мақсатымыз – билікті күшпен тартып алу емес. Ұсынысымыз қылмыс болып саналатын болса, онда Белоруссия заңында мәселе бар болғаны,"-  дейді кеңес мүшелері.

Үйлестіру кеңесі билік өкілдерін бейбіт келіссөзге келуге шақырып отыр.  Олар елдегі саяси және экономикалық дағдарыстың  жауапкершілігі қазіргі биліктің биліктің мойнында дейді.

Конституция құрылымын өзгертуді мақсат етіп отырмаған топ 23 тамызда (алдағы жексенбі - ред.) жалпыхалықтық марш өткізетінін мәлімдеді. Наразылық акциясы жалғыз Минскіде емес, бірнеше қалада қатар өтетін көрінеді.

Еске сала кетсек, бұл елде сайлау нәтижесі бұрмаланды деп бейбіт жиынға шыққан жүздеген адам жараланып, мыңдаған адам ұсталып, кісі өлімі тіркелді. Елдің Ішкі істер министрлігі жазықсыз жараланған беларусь азаматтарынан кешірім сұраған.

Жасұлан Наурызәлі,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер