Беларусь еліндегі жағдай Қазақстан экономикасын құлдырата ма?

2732
Adyrna.kz Telegram

"Беларусь  еліндегі қалыптасқан жағдай мен  шиеленіс қашан өз шешімін табады?" деген сұрақтар осы елдің азаматтарын ғана толғандырмайтыны белгілі.  Біреулер ел тұрғындарының табандылығына тәнті болып, Лукашенконы қаралап жатса, кейбіреулер оның жағына шығып жатыр. Әрине, бізде көршілес ел ретінде жағдай қан төгіссіз, бейбіт жолмен шешілуіне тілектеспіз.

Дегенмен, Беларуссиядағы саяси дағдарыстың біздің елдің экономикасына қаншалықты әсер етеді деген сұрақта көкейде қылаң беретіні жасырын емес. Осы көпшілікті толғандырған сұраққа сарапшылар не дейді екен, пікірлерін оқып көрейік.

 

Экономист Олжас Тулеуов: Қазақстан экономикасы Ресейдің рубліне байланысты

«Беларусьтегі процестердің  әсері тиюі мүмкін Қазақстан  экономикасының  басқа бағыты - валюталық бағыт қалай болатыны қызығырақ», дейді автор өз пікірінде.

«Елдегі жағдайды бақылау уыстан шығып кететін болса,  Лукашенко жағдайды  "тұрақтандыру"  үшін ресейлік ресурстарды (қаржылық, әскери, әкімшілік, ақпараттық) тарту әрекеттеріне күш салады.  БАҚ – да Ресей Лукашенкоға қолдау көрсетуі мүмкін екендігі хабарланған болатын.

Бұл ресейлік  бағалы қағаздардың  инвесторлары тарапынан қатты алаңдаушылық тудырады,  әңгіме ең алдымен   мемлекеттік облигациялар немесе ФҚО  туралы болып отыр.  Жалпы номиналды құнды немесе ресейлік ФҚО сұранысын көрсететін Rgbi индексінің Беларуссиядағы наразылықтардың басынан бастап Мосбиржада төмендегені осыны меңзейді.  Аталған индекс қазір  153 белгісіне жетті, бұл 8 мамырдан бастап ең төменгі меже болып отыр.

Ресейдің Беларуссиядағы  саяси дағдарысқа араласуы Батыс елдері тарапынан  жаңа санкциялардың салынуына  әкеліп соғуы  мүмкін,  2014 жылғы Украинадағы  оқиғалардан кейін солай болған еді, бұл өз кезегінде Ресей бюджетіне түсетін  қысымды арттырады.

Барлық үш фактор (ФҚО-ның сатылуы, салынуы мүмкін санкциялар, бюджет параметрлерінің нашарлауы)  өзі де әлсіз рубльдің бағамына қосымша қысымның пайда болуына  өте үлкен тәуекел  тудырады, бұл дамушы елдер мен Ресейдің саудалық  серіктес елдерінің  валюталарына әсерін тигізеді.  Екі жағдайдың да  еліміз  мен теңгемізге қатысы бар.

Осылайша, Беларусь саясатының Қазақстан экономикасына тікелей теріс әсері болуы екіталай. Бірақ, Ресей тарапынан Беларусьтің ішкі процестеріне араласу  мүмкін болған жағдайда,  құнсыздану арқылы соққыға тап болатын рубль бағамының теңге бағамына  қатысты тәуекелдері артады», деп сөзін түйіндейді О.Тулеуов.

 

Экономист Гүлдана Сермаханова: Бұл елді үлкен тоқырау күтіп тұрғандай сезіледі

«Бүгінгі таңда Беларусь елінде жадпыұлттық наразылық акциясы 23 тамызға жоспарланып отыр деген ақпараттар бар. Бұл наразылық негізінде оншақты күннен бері басылмай тұрғаны белгілі. Халық қайта сайланған Александр Лукашенконың жеңісін мойындамай, оның биліктен кетуін талап етуде. Бұл елдің саяси ғана емес, сонымен қатар экономикалық жағдайы да мәз болмай тұр. Беларусь елінің  зауыттарының өнімдері негізінен экпортқа шығарылатындықтан, Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктес елді үлкен тоқырау күтіп тұрғандай сезіледі. Дегенмен, Қазақстан мен Беларусьтің өзара тауар айналымы 900 млн доллардың шамасында болғандықтан және біз одақтас мемлекетке негізінен мұнай, түрлі-түсті металл, бидай, күріш, мақта жөнелтсек, ол елден ауылшаруашылық, тұрмыстық техникалар, азық-түлік, жиһаз, дәрі-дәрмек жеткізіледі. Сондықтан бұл жағдай елімізге біраз әсерін тигізгенмен көп зардабын әкелмеуі де мүмкін», дейді Гүлдана Сермаханова.

 

Экономист Бейсенбек Зиябеков: Қазақстан Республикасына әсер ететін жағдай өте көп

«Қай қоғам болса да қайшылық болады. Биліктің даналығы сол қайшылықты көбейтпей, уақытында талдап, шешіп тұруында. Беларусьта да осындай жағдай. Қазақстан Республикасына әсер ететін жағдай өте көп, Беларусьта соның біреуі ғана. Жалпы өмір қозғалыс, сондықтан не нәрсеге болмасын уақтылы өзгеріс қажет. Тұрақты еш нәрсе жоқ, ол өмір заңы, оны ешкім бұза алмайды».

 

Еркегүл ТОҚТАМҰРАТ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер