Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ: Абайтану ғылымын түркі әлемін біріктіру мақсатында жолға қойдым

6849
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистранты Ықылас Әділеттің белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлынан алған сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

Қазір адамзат баласы жауыздықтан басқаны ойламай кетті. Ал, біз «адамды қалай ізгі етеміз?» деп талпынудамыз. Яғни Толық адамды толық меңгерген бала өзін-өзі рухани тазалайды. «Мына жерің қате, мынауың былай екен...» деп мұғалім түсіндіреді, одан кейін жетесіне жетеді. Абайтануды  жалпы 8 университетте оқытып жүрміз. Негізі бүкіл Қазақстан бойынша оқыту керек. Кейін бұл ілім бүкіл түркі халықтарына жайылады. Әлемде бұндай ілім жоқ, тіпті Еуропада да. Бұлар құдайын танымайтын атеисттер, олардан адамгершілік шықпайды. Олардың дүниетанымы бес ғасыр бойы затшылдық көзқараспен қалыптасқан. Квантофизиктер квант арқылы біз тұрған үлкен кеңістікте – энергетикалық өрістің үстінде «ұлы ақыл иесі» барын ақыры дәлелдеді. Енді, бағыттың барлығы солай бағдарланады – Абайды да сол рельске қоюымыз қажет.

- Жазушы М. Мағауин зиялылардың бір конференциясында:   «М. Әуезов Абайды тануда Абайдың тізесіне жетсе, мен тобығына жеткен адаммын» деген екен. Осы жөнінен Абайтану ғылымы жолындағы ізденісіңізді бағамдап өтсеңіз.

- Менің тоқталған салам – Абайдың шығысы. Бұны ашқанда академиядағылардың бәрі қарсы болған. М. Горбочевтың «әрбір ұйым басшысын өзі сайласын» деген кезінде мен пробком болатынмын. Акадамияда С. Қирабаев директор болған соң, 1989 жылы докторлығымды қорғап, ең қиын салаға саналы түрде бардым. 1949 жылы «космополитизм» туралы қаулы шығып, шығыс пен батысты дәріптегендерді айыптаған. Олардың ішінде әлем әдебиетін жазған еврейлерді аямады. Шығыстанушы әзірбайжан ғалымы Даулат Гаспреми қуғынға ұшырап, ақыры өмірден өтті. М. Әуезов пен Ә. Қоңыратбаевты да қудалады. М. Әуезов: «менің айтып жүрген шығысым – советтік шығыстың ақсақалдары, иранды, арабты айтпаймыз» деп жалтарып жол тауып кетті. Ә. Қоңыратбаев жеті жылға жер аударылып, алыстан үйінен қатынап, сабақ беріп жүріп күнін көрген. Кейін Ә. Ермеков көмектесіп кандидаттығын, докторлығын қорғап ғалым болып шықты. Сол уақытта менің кітабымды шығармай тастаған еді – осылардың бәрін біле тұрып, кейін Ләйлә Мұхтаровна арқылы өткіздім. Редакторы ғалым Зәки Ахметов болды. Ол кісі саясатқа қиғаш тақырыпқа барудан сескенді. Сол себепті, докторлық тақырыбын саясат жүрмейтін өлең құрылысынан қорғаған. Кейін академик болған соң, университеттің вице-президенті болып тағайындалды. Алғаш докторлық қорғау тұсында   З. Ахметов бұл тақырыпты көтерсем барлығы қарсы шығатындығын айтты. Құлмат Өмірәлиев екеуіміз сол кезде түк тайсалмадық. Ол тақырыбын Дулат Бабатайұлынан алған. І. Кеңесбаевпен алысып жүріп, ақыры қорғады. Кейін қудалауға түсті, қатты қыспаққа алынғандықтан аурудан 55 жасында дүниеден қайтты. Ғалымның өзі маған «Абайдың шығысын көтерейік, уақыт келді, бұлай қашанғы жата береді» деп, қолдау білдірген.   Абайды басында қазақ халқы теріс түсінді, кеңес кезінде Абайды атеист-материалист санап кандидаттық қорғағандар болды. 1965 жылы кандидаттығымды қорғау кезінде профессор Қасым Бейсенбек мені қатты сынады. Үлкен тартыс болып, менің қорғауым алты жарым сағатқа созылды. Комиссия мүшелерінің көбісі маған қарсы сөйледі. Оларға «сіздер Абайды қалайша атеист жасайсыздар?! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, құран да рас, пайғамбар да рас...» деп отыр ғой, тағдырына қарасаңыз да атейст болмайды» деген едім, ақыры жеңілді. Ол кезде бір жақсысы – сырттан келгендер дауыс бермейтін, ҚазПИ-дің адамдары дауыс беретін. Кейін, әскерге барып келіп, қайта қорғап кандидаттықты әрең алғанмын. Докторлығымды бірінші рет қорғағанда қабылдамай «ананы алып таста, мынаны жазба», тіпті «қорғамайсың» деп жүріп сегіз жыл бойы ұстады. Үстімнен бір қапшық арыз түсіп жала жапты. Үнемі қабылдамай қойды, бірақ өз көзқарасымнан қайтпадым. Кітап қылып шығарып алған соң, шабыттана түстім. Қоғамдық пікір қалыптасып үлгергендіктен, кітап күйінде докторлығымды қорғауға БАҚ-қа жазып жүріп рұқсат алдым. Сондай күреспен жүргенде Абайтану ғылымын түркі әлемін біріктіру мақсатында жолға қойдым. Оған қоса Түркістанда «Ясауи» лабараториясын, ғылыми зерттеу иститутын аштым. Сөйтіп жүріп А. Ясауи әлемін жарыққа шығардық. Әйтпесе оны теріс бұрмалаған. 1988 жылдан бастап қоғамдық көзқарас өзгере бастады. Бірақ, әлі де ашылмаған дүние көп.  Абайдың Толық адамын жиырма жылдай зерттеп жүріп аштым. Зерттеу үшін Абайдың шығармаларын түгелдей білуің қажет. Абайда бес жүздей термин бар. Көпшілігі оқығанда осы терминдерді білмейді. Менің бір қиналғаным: «Ақылмен қауас барлығын, Білмейдүр жүрек, сезедүр. Мутәкәлимин, мантикин Бекер босқа езедүр» дейді, түсіне алмадым. Сонда байқап қарасам, «қауас» дегеннің өзі үш түрге бөлінеді екен. Адамның ішкі және бес сезімі біріккенде, оны – «қауас» деп алынады және оның жоғарғы жағында Алланы да «қауас» дей береміз. Мұнда «Ақыл мен Қауастың барлығын білмей, сезіміңмен сезесің» деген сопылардың философиялық кредосы тұр. «Мутәкәлимин, мантикин» дегені – ертедегі схолостикалық (Құдайтану) логика. «Мутәкәлимин», түбірі Мута бұл, «логос» деген сөз – ғылым, соны таратушылар, яғни дін, дүниенің құбылысы туралы ілімді халыққа үйретушілер. Осыны Абай терістеп отыр. Қандай ерекше дүниетаным – осыны аштым, бәрі қарсы болған. Кейін Абайдың екі томдығын шығардық. «Ақыл» мен «Қауасты» екі бөлек алып С. Мұқанов зерттеді. Бірақ, оның логикасы дұрыс келмеді. Кейін өзім зерттегенімде «Ақылыңмен Құдайды тани алмайсың, жүрекпен сезесің» деген сопылардың философиясы шыға келді. Бұған адамдар қорқақтап әлі бара алмай жүр. Абайдың «отыз сегізінші қара сөзі» бүкіл шығармаларын қорытып айтқаны болып табылады. Оны көбі түсіне алмайды. Термин көп онда, сол терминдердің бәрін ашып бердім. 86 сөзге түсінік беретін «Абай лұғаты» деген кітап шығардым. Мен «жәуәнмәртлік» дегенді үш жыл іздедім. Өзбектерге бардым, татар ғалымдарына бардым, орыстарды қарадым. Сөйтсем, ол Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» бар екен. «Жәуәнмәртлік» ілімінінің төрт негізі бар: ақыл, әділет, қайрат, қанағат. Бұны бабаларымыз XI ғасырда-ақ жазып кеткен. Одан соң, дүниежүзі бойынша салыстырдым: ізгілік қайдан шыққан?! Қазақтың бойында бауырмашылдық анаған да, мынаған да туысқанды да, басқасын да қолтығына ала береді. Бұл – үлкен қасиет. Қайдан келген бұл десек, бұның тамыры б. з. б 626 жылы қайтыс болған Алып Ер Тоңадан бастау алған. Ол кісіні дұшпандары тойға шақырып, мас қылып, у беріп өлтірген. Өлер алдында: «мені Ақи деңдер, ол менің жалпақ атым болсын» деп айтқан сөзі бар. Соның шешімі түріктерде бар. Ақи деген жомарт деген мағынаны беретін түріктің көне сөзі. Алып Ер Тоңа  керемет мырза болған. Жүрген жерінде дүниесін шашып жүрген. Соған сол кезде түріктің балалары еліктеген. Олар біздегідей кәсіпорын ашып, ақша табуды емес, олардың принцпі басқа – өзінің отбасына ғана керегін алып, барлығын халқына беріп отырған. Содан басталған «ақи ілімі» XI ғасырдағы Құтты біліктегі «жәуәнмәртлік» іліміне негіз болды. Одан кейін Әл-Фарабидің «Парасатты адам» ілімі, одан соң Ахмет Ясауидың «Хал ілімі» шығады. Ол «хал ілімін» білмеген адам қырық есектің жүгін мәңгі арқалап өтеді» деген. Ол қазір біз айтып отырған «Толық адам».

   -  Мекемтас аға, Абай сынаған, Абай жаны ашыған қазақ қоғамы әлі сол күйінде ме?

- Абай сынаған қоғам, парақормыз, әділеттілікке бара алмаймыз, жеке бастың қамын ойлаймыз – сөйтіп жүрміз. Қазір дүниетаным өзгеріп кетті. Себебі қазіргі квантофизиктер бұрынғы атеисттік көзқарас жалған деп тауып, бізді үстінде «Ұлы ақыл иесі» бар энергетикалық өріс басқаратындығын дәлелдеп берді. Абайдың реалисін материализмнен өзгертіп осы жолға қоюымыз керек. Сонда Абай терең ашылады. Себебі, Абай дінді терең білген. Әкесі діншіл, шыққан ортасы да діншіл, медреседе оқыған. Сондықтан, халыққа шындықты жеткізуміз керек. Оған академиядағы адамдар жарамайды. Барлығы журналисттік стилмен жаза береді. Оған терең кіріп, дүниетанымының клеткаларына бойлаумыз керек. Оған ешкімнің батылы жетіп бара алмай отыр.            Кезінде орыстар қытайлармен бірігіп отырып қазақты қазаққа айдап салды. Патша үкіметінің генералы Сперанский патшаға хат жазады: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш өседі, оны темірмен ұрсаң да, балтамен ұрсаң да жара алмайсың, өзін-өзіне ұрсаң күл-талқаны шығады. Осыны қазаққа қолданайық» дейді. Патша осы әдіс бойынша қазақты билеудің жүйесін жасауды Түркістанды билеп тұрған неміс Гуревке тапсырады. Сол кездегі болыстық жүйені жасайды да, сексеуіл әдісін ішіне кіргізеді. Бір болыста жүз мыңдаған адам болады, оның құрамында он екі ауыл, он екі ру болады. Қырық елубасы болады. Екі жүз онбасы болады. Төрт старшин бір болыс болады. Сонда екі жүз елуден астам штат бар. Сайлауда осыған жету үшін жанталасады. Кәдімгі аш иттерге сүйекті лақтырғандай, болыстыққа отыру үшін таласқанда қазақтардың мінез-құлқы бұзылады. Біз осыдан өтірікші, зорлықшыл, бәле қуғыш психологияны қабылдадық. Соны көрген Абай қалай бұл елді дұрыс жолға қоямын деп ізденгенде барып, жаңағы «Толық адам» ілімі туған. Бұл алты сатыдан тұрады: «Ақилар», «Парасатты адам», «Құтты білік», А. Иассауидың «Өсиет сөздері», бесінші Абайдың «Толық адамы», алтыншы Шәкәрімнің «Ар ғылымы». Бұндай система Қытайда жоқ, Иран мен Үндістанда да жоқ. Бірақ, қытайлар б. з. д 500 жылдары «Ұлы шуңи шаулет» деген ілімін бастаған, бірақ Конфуций бұны ары қарай дамытқан жоқ. Парсыларда «Авеста», одан «Шахнама» туындаған. Бұл туындыдағы әйел құдай Тара үнемі ізгілікті дәріптеп отырады. Олар осыны пайдаланады, бірақ біздегідей система жоқ. Бұл бір-біріне аманат етілетін дәстүр. Алты сатыдан бері Абай қосылады. Бұндай ғылым дүниежүзінде жоқ. Бізде ғана бар және бұның Тұран жерінде пайда болғанын дәлелдедім. Осы системаны жасап, Абайдың Толық адам ілімін таптым. Бұл «отыз сегізінші қара сөзінде» бір ғана жерінде айтылып кеткен. Абай ойларының даму эволюциясы көз алдымда: адамгершілік, ағартушылық идея, философия қайдан басталды – бәрі айқын. Ол үшін Абайды жатқа біліп, талдай алуың керек. М. Әуезов Абайдың рухани үш қазынасы бар деп көрсетті. Соны қайдан алғандығын іздедім, сонда «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл» деген өлеңінде тұр: «көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел?» – бұл қазақтың философиясы. Екінші «Имамсыздық намазда – Қызылбастың салған жол» деп Үндістан мен Иранды айтып отыр. Соны мен таба алмай жүр едім. Түркілер Иранды жаулап алған кезде парсылардың Әзірет әлінің екі баласына қан шығарып құрбандық беретін «шахси-бахси» деген он күн өтетін мейрамы бар. Ол мейрамда адамдар басын крест қылып тіліп билегенде басын қан жауып кетеді, сондағы қызылбас сөзі осы рәсімнен жеткен. Имамсыздық намазада дегені мешітке барғанда оларда молда (имам) оқымайды, әрқайсысы бөлек өз алдына оқи береді. Ал, бізде мешітте имамға бағынамыз, яғни бізде билік бар және система бар. Ал, оларда система жоқ. Бұларды (қызылбастарды) «ший» (ислам ағымы) дейді. Ший деген сөз бөренені балтамен жарғанда шығатын жаңқа, яғни «шашылған жаңқа» дегенді білдіреді. Әлемде 90 проценттен астам мұсылмандар – біз. Олар екінші орында. Бірақ, тас болып қатып қалған, бұны олар саяси мәселеден шыққандығын айтады. Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін араб елдері халифат бола алатын тек пайғамбардың ұрпақтары деп санады. Ал, біз тек кез-келген оқыған ақылды мұсылман адам халифат болады дедік. Осы таластан кейін ший бөлініп кетті. Біз бөлінген жоқпыз. Қазірге дейін шийттіктерге Америка қысым жасап келеді. Иран құрал жасап шығарғаннан кейін олар маңайына да жолай алмай отыр. Америка атом бомба жасап алуы мүмкін деп алаңдауда.  Жасыратыны жоқ, қазақ халқын капиталды заман құртты. Қазақ даласын мәңгүрттендіруге Голощекиннің жоспары болды. Сталинге жазған хаты бар: «Қазақ халқының іргесі мықты, сол үшін бұларды бір-біріне айдап салып жауластырып, сосын түгел жою керек. Солардың идеясы келесі ұрпаққа өтіп кету үшін жазуын екі рет өзгерту керек. Бірінші латыншаға алып келейік, онан кейін орысшаға алып келейік, орысша оқыған адам латыншаны да білмейді, тарихын білмей кетеді» деді. Тарихтың бетін ашпайтын себебі осы – біздің ұлттық санамыз оянып кетуі мүмкін. Алашорда кезінде оянған, оларды бізге жеткізбей қойды. Орта азияны жаулағанда орыс полковнигі «біз орта азияны жүз елу жылда зорға жаулап алдық, енді азияға баруға қорқамыз, олардың заманауи қаруы, тұрақты әскері бар. Ал қазақтарда бір орталыққа бағынған хандығы жоқ, бірақ қазақтардың батырлары бізді алға жылжытпай қойды. Бұлардың ұлттық санасы биік деңгейде. Біздің орыстың шаруасына қарағанда, қазақтардың шаруасының жағдайы артық» деп бағалады. Енді мынаған барғанда (қазақтан басқа түркі халықтары) қалай болады деп тұрып, бұларды екі жылда бәрін тас-талқанын шығарды. Сонан кейін қортынды жасады: «қазақтардың ұлттық санасы оянған күшті халық, ал мыналарда ешқандай ұлттық идеология жоқ. Себебі бәрін жаулап алғаннан кейін не тәжіктің, не сарттың, не өзбектің, түркіменнің бір батыры қол бастап қарсы шыққан жоқ. Ал, қазақтар аяғына дейін қарсы шығып жатыр. Сондықтан, қазақтардың ұлттық санасын шаю керек». Бұны кейін компартия да қостады. Біздің қатарымыз көбі мәңгүрттенген, жасыратыны жоқ. Кейін Сталин өлген 53-інші жылы он сегіз баланы Өзбекстанға жіберді. Мен бір жыл сырттай оқыдым, кейін райком студенті болдым. Төрт жыл істегеннен кейін мен «райкомда періштелер отырады» деп ойлайтынымын, сөйтсем жаңағы парақорлар, бәлеқорлардың ортасы екен. Мен таңғалдым.

- М. Әуезовтен кейінгі Абайтану ғылымының дамуы қаншалықты қарқын алды?

- Мұхтар Әуезов Абайдың шығысын аша алмай кеткен. «Абай және Шығыс», «Абайдың адамгершілік мұраты», «Абайдың сопылыққа танысы» және үлкен екі кітабымды Қытайда Қазақстанның атынан басылды. Оны көрген Елбасы Н. Назарбаев министірлікке тапсырма беріп, екі томды төрт мың дана етіп шығарып берді. Сексен жылдық мерейтойыма байланысты Қазақстанның 400 мектебіне оқытуға енгізді. «Абайтану тарихы» деген еңбегімде 175 жылда Абайды танудың кезеңдері жүйеленген. Мен негізі Абайды мектеп жасымда білмейтінмін. Кейін  аспирантураға түскенімде Абайтануға баруыма академик Қ. Жұмалиев себеп болды.  Абайды атеист-материалист деген философтардың далбасасын тыңдаудың қажеті жоқ. Ол қайтіп атеист болады?! Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп айтып кеткен. Абайдың дүниетанымына терең үңілуіміз қажет. Ішінде бірнешеуі ғана болмаса, оған мына академиядағылар жарамайды. Шымкентке барғанымда 950 млн ақша алып 400 томды шығару туралы мәселе қойдым. Қаржылық жағынан Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов қолдады. 310 томы шықты, оның ішінде VIII – XVIII ғасыр аралығындағы біздің бабалардың мұралары бар. Оны шетелдегі мұрағаттардан әр бетін жиырма доллордан сатып алып, аударып шығардық. Сондай қиын жұмысқа өзімді салдым, олай істемесек, біздің өткен рухани мұраларымызды келер ұрпақ білмей кететін еді. Шықпай қалған тоқсан томы қалды, оған Д. Исабеков пен Аян деген ақын үстімнен арыз жазып тоқтатып тастады. Жоспарланған тоқсан томның ішінде VIII – XVIII ғасырдағы арабша, шағатайша жазылған қазақтар бар.  Әл-Фарабиді ғалымдардың көбі қыпшақ деп жүр, бірақ оның заманында Отырарды қаңлылар билеген. Ол кездегі Хорезм хандығын Шыңғысхан құртқаны дұрыс болды, өйткені олар Орта Азияны парсыландырып жіберетін еді. Әл-Фараби сол жердің түркі-қазағы, бірақ қай руға жататындығын білмейміз. V ғасырда Еуропаны билеген Атилланы (Еділ) біз бертінге дейін кім екендігін білмей келдік. Кейін бір болгар тарихшысының үш том кітабы шықты, соны қарағанымызда көзіміз шайдай ашылды. Атилла бүкіл славян халқын билеген, сонымен қатар саяси структурадан хабары жоқ, мемлекет құруды білмейтін Еуропаны аяққа тұрғызған. Атилланың руы Дулат. Біздің бір түп отанымыз Енисейге құятын Алаш өзенінің сағасы. Қазақтар сол жерден тараған. Қазір ол жердегі топонимикалық атаулардың бәрі тұр: «Алаш» өзені, «Тұран» қаласы... Ол жаққа орыстар тиіспеген.  Бізді жаулар жеті рет таптап өткен: бірінші қытайлар, екінші парсылар, үшінші гректер, төртінші арабтар, бесінші монғолдар, алтыншы қалмақтар, жетінші орыстар – жеті қабат жатыр.

- Өзіңіздің ізбасарыңыз, бүгінде мықты Абайтанушы ретінде кімдерді атай алар едіңіз?

- Қазір мықты Абайтанушы Мақсат Әліпхан бар. Одан кейін магистратурада бір жігіт оқып жатыр, келесі жылы бітіреді, ол да мықты біледі. Одан соң ҚазҰУ-де оқитын Бекет деген баланы Абайтануға даярладым. Ол үшінші курста 150 беттік «тек» туралы монография берді. «Тек» теориясына философтар да бара алмайды. Оның даярлығы мықты болды. Бітіргеннен кейін магистратураға түседі, түбінде сол бала Абайтануға келеді. Түлкібас ауданында Абайды жақсы білетін бір қыз бар, С. Демирел оқу орнына барып сөйлесейін деп жүрмін. Бұған Абайды білген адам бару керек. Абайдан ғылыми жұмыстар қорғайтындар көп, бірақ ішіне толық кіре алмайды. Көбісі Абайдың орыс әдебиетіне қатынасын қараған. Ол жағын қашанғы қорғай береді? Қазір Абайдың «шығысын» зерттеушілік нысаны етіп жатыр. Қазына сонда жатыр, бұған араб-парсы, шағатай тілдерін білген адам керек. Қазір академиядағы Абайтану оңтүстікке ауысып кетті. Он екі адам қорғаттым, көбі сонда жүр. Маған аспирант бермеді, Түркістанға кетіп қалғаным да сол себепті. Кейін 2000 жылдары Таразға келіп он екі кандидат, үш доктор қорғаттым. Ал, үш миллион халқы бар оңтүстік Қазақстанда журналист Қ. Ергөбектен басқа доктор жоқ. Ол С. Мұқановты тақырыбы етіп алды.

- Ел президенті Қ. Тоқаев «Абайдың 175 жылдық» мерейтойын әлемдік деңгейде өткіземіз деді. Осы орайда Абайды тануда болашаққа қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Бұл бастама дұрыс. Абайды тануда бірінші қояр шешуші ұсыныс – қазіргі буын атеистік-материалистік көзқарастан арылып, «ұлы сананың» жолына түсуі керек. Барлық көзқарасқа өзгеріс керек. Қазіргі тарихи қоғамдық ғылымдар дағдарыста. Олар бағытын «ұлы сананың» жолына қойғанда ғана дағдарыстан шығады. Еуропа жүз жылдан кейін келесі ұрпақ келгенде солар сезінсе, сонда ғана бері қарай бет бұрады. Ал, біз қазақ, түркі халықтары жиырма-отыз жылда түгелдей бет бұра аламыз. Оны квантофизиктердің өзі айтып отыр. Немістің бір физигі таяу уақытта оңалмайтындығын айтқан. Бірақ, біздің философтар бұғып сөйлемей отыр. Сөйлеу керек енді, жариялай беру керек. Мен бастап, Семейде «Абайтанудың ұшар биігі» деген баяндама жасадым. Жұрт онша қабылдай қоймады. Одан кейін Еуразияда конференция болып, онда да осы мәселені қойдым. Сосын жұрт түсіне бастады, бірақ, пікір білдірмей жатыр. Ешқайда кетпейді, бәрібір осыған келеді. Еуропа жүз-жүз елу жылдан кейін барып құдайды танитын болады. Оған дейін Еуропа да, Америка да атеистік-материалистік көзқараспен жүре береді. Бұл көзқарастың ең жаман жері – ол ақшаға құрылады, сол үшін соғыс болады. Байлықты тартып алу үшін жерді жаулап алады. Бұндайды түркі халықтары тез қабылдады.   Жиырма үш жасымнан  бастап ұлт мәселесінде көзқарасым өзгере бастады. Сол кездегі «ұлттар теңдігі» деген болатын. Бәрібір сол барлық жерде орыстар істеп, біз соның қолшоқпары есебінде болдық. Райкомда «саяси сабақ» деген болатын, ол жерде мен ұлттық мәселеден сабақ бердім. Сол кезде райкомның бірінші хатшысы Юсупув деген болды. Менің көзқарасым сол жерден бастап қатты ашылды. Дүние жүзінде не бар жазылған – бәрін конспектілеп, анализ жасадым. Сосын жаңағыдай қортындыға келдім. Кейін мені Түркістандағы түрік-қазақ университеті шақырды. Онда кеткендегі мақсатым – кеңес одағы түркі халықтарын бір-біріне қарсы қойып, ыдыратып тастады, енді рухани тұтастыруымыз қажет. Мен оны Абайдың ілімімен дәлелдеп шықтым. Толық адамды өмір бойы зерттедім. Оның көзқарасы мен өлеңдері көз алдымда: қай жылдан басталды, қалай басталды – даму эволюциясын байқай аламын.  Кеңес үкіметінің қайнап тұрған 1989 жылы «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген кітап жаздым. Кейін орыс тілінде шықты. Бұл кітапқа араздық тудырдың деп қарсы болғандар болды. Ешқандай араздық тудыру мақсатында емес, бұл еңбек ресейдің архивтерінде сақталған дүниелер негізінде жазылды. Бар нәрсені халыққа айту керек.  Енді оқулықтарға іріктеу керек болып тұр. Ұлттық намысы бар, Абайды терең білетін адамдарды оқулыққа кіргізуге болады. Құр мақтанға қуғандарды болмайды. Оқулықты түзеуге болмайды. Бірнеше жыл бұрын  Ж. Дәдебаев екеуімізге орта мектепке оқулық жазып бер деп ұсыныс түсті. Оқулық жазуға ғылыми негізде кірісіп жатқанымызда «Абайтанудың негізі салынды, оқулық бар» деп тоқтатып тастады. Сөйтсек бізге қаламақы бергісі келмеген. Басқа біреулер Абай туралы мақалаларды жинады да кітап етіп шығарды. Ол не хрестоматия болмайды, ол не оқулық болмайды. Біздегі қазіргі педагогика бізге жарамайды. Ол – батыстың болмысынан туған педагогика. Біздің өзіміздікі ұлттық шығыстық педагогика. Біз педагогиканы қайта жасауымыз керек. Оған академиктер керек. Қазір педагогикада пайдасыз докторлар көбейіп кеткен. Бұл қазір үлкен мемлекеттік проблема болып тұр. Мен бұны президентке кірсем айтам.

- Абай қай жағынан толық зерттелді, енді, қай жағынан зерттеуіміз керек?

- Абайдың екі жағы зерттелмей тұр. Абайдың толғау әдебиетке қатысы – бұл тақырыпта Қ. Жұмалиев докторлық қорғады, содан кейін тоқтап қалды. Абайдың шығысы айтарлықтай ашылған жоқ. Мен ашқан болдым, бастап бердім, жолдарын ұзарттым. М. Әуезов Абайдың батысынан шығысы басым екенін өзі айтқан. Бұны зерттеймін деп қудалауға да ұшырады. Сонда, ендігі бағыт – Шығыс. Абайдың туған еліне қатысын зерттеуіміз керек: ол бүкіл қазақтың болмысынан шықты. Өзі қазақты жанындай жақсы көрді, шырылдап талай дауға да түсті. Сол замандағы болыстық сайлау елді бүлдіріп жіберді. Отаршылдарға бір-бірімізді құртып жабайы болуымыз керек. Абайдың кезіндегі сол психология бізде әлі бар. Сондықтан, Абайдың «Толық адам» негізіне келуіне осындай себеп бар.

Абайдың орыс әдебиетіне қатысы туралы екі жүздей еңбек жазылды. Одан артық енді керек емес. Абай шығыс пен өзінің туған әдебиетінің өкілі. Осының басын ашу керек. Сонан кейін Абайдың өзінің туған мәдениетіндегі үлесін зерттеуіміз керек: ақындарға әсері, педагогикасы, философиясы толық ашылмады. Кезіндегі атеистік-материалистік көзқараста жазылған еңбектердің бәрі жарамсыз. Енді, жаңа күнде «Ұлы санаға» қарай бағытталады және бүкіл қоғам тұр. Қазір қоғамдық сана дағдарыста, философтар үндемей отыр. Тарихшылар да үн-түнсіз отыр – баруға қорқады. Мен батыл айтып жүрмін, бірақ мен бір-ақ адаммын. Идея бергенмен қолымда құралым жоқ. Алдында «Қазақстан» каналына сұқбат бергенде бұл мәселені терең аштым. Бірақ, бір мәселе бар: біздің қоғам үздік шықсаң артыңа түседі.

Абайтануда әлі ашылып зерттелмеген бір мәселе, ол – Жан ілімі. Абай оны өмірінің соңында әлемде тұңғыш рет философияда көтерді. Бұл ілім батыста да, мұсылмандық шығыста да жоқ. Абай ілімін Шәкәрім жалғастырды, одан соң Мағжан қол жалғады. Мағжан: «Еуропа иманды білмейді, жанды білмейді» дейді, неге? Иманды білмейді дегені – олар ешнәрсеге сенбейді, тек ақшаға, затқа сенеді. Жанды білмейтіні – олардың адам өлгенде барлығы бітеді, тоқталады деп санайды. Ал, біздің ғұламалардың айтуы бойынша адамның жаны өлмейді, «ана жаққа» кетеді екен. Олардың анықтауынша, аспанда адамдардың жаны жиналатын бір жер бар. Жан екі-ақ грамм, түтін сияқты ұшып кетеді, оны қазіргі ғылым аппаратқа түсірген. Жан мәңгі өлмейді. «Менің жаным мәңгі өлмейді» деп сенетін адам уайымдамай өледі. Атеист-материалистер құдайды танымағандықтан «барлығы бітті, бұдан кейін ештеңе жоқ» деп кетеді. Бұның барлығы ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал, біздің философтар үнсіз отыр. Себебі, бәрі материалистер. Сондықтан, біз Абайтануды «түпкі жан» нысанасына қарай қоюымыз қажет. Сонда ғана Абай керемет ашылады.

- Абайтануға бүкіл ғұмырыңызды арнадыңыз, өзіңізді Абай танудың шыңына шықтым деп ойлайсыз ба?                                                    

- Олай айтуға болмайды. Абайдың жан туралы ілімі, дүниетануы жатыр – олар әлі қозғалған жоқ. Сондықтан оны ғарыштық деңгейде зерттейтіндер, атап айтқанда жаңа буын, жаңа көзқарас керек. Жаңағы квантофизиктер айтқан: бізді «Ұлы сана» билейді. Қазақтың түсінігіндегі «Тәңір» ұғымы. Соны мойындауы керек. Халыққа мойындатуымыз керек. Басқа дінсіз халықтар ғасырдан асқаннан кейін ойлануы мүмкін. Абайды тану үшін жан-жақты болуымыз керек. Тек қана Абайдың өзінде жүрсең ешқайда бара алмайсың. Мен ономастика саласына да бардым. Тіптен, миссионерлерді де қарадым. Мен Абайтануға жан-жақты даярланған адаммын. Бір жолмен ғана жүрген жоқпын. Сондықтан да Абайдың ішкі әлемін көре білдім. Соның біреуі Толық адам ілімін аштым. Бірақ, әлі өз деңгейінде емес. Тағы ізденіс керек, кейбір мәселелерін білмей қалуым мүмкін. Сосын оқулық жазу керек.                 Абайдың «жан ілімін» әлі ашып болған жоқпыз. Абай – жұмбақ адам. Жұмбақтарын біртіндеп ашып жатырмыз. Ең жұмбағы жан ілімінде жатыр. «Жантану» ілімін қазақта бірінші Абай бастады. Соған баруға тәуекел ете алмай отырмын. Философ емеспін, бірақ, талдап біраз деңгейге көтерермін. Ол үшін психолог, философ болуың да жеткіліксіз.

Абай – біздің ұлтты сақтап қалудың бірден-бір кепілі. Бұл тек қана қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі халқына ортақ ілім.

Әңгімеңізге рақмет!                                                                                                                                                                  

                                                 Сұхбаттасқан Ықылас Әділет,

         Абай атындағы ҚазҰПУ-нің магистранты,

Алматы қаласы

Пікірлер