Жастарымыз неге білімге, ғылымға ұмтылмайды?

2826
Adyrna.kz Telegram

2017 жылы ЮНЕСКО-ның шақыруымен Түркияда бір апталық жиынға қатысқан едім. Алғашқы күні бір қаласының әкімі банкет жасап, қонақ қылды. Сол банкетте мені бір нәрсе қатты таң қалдырды.

Ол не дейсіз ғой?! Бірінші боп сөз алған әкім «қош келдіңіздер» дегеннен кейін «Сіздер үшін бар өнерін салып, ас дайындаған, он саусағынан өнер тамған, тамағы бал татитын» деген секілді небір теңеуді келістіре отырып, ортаға бас аспазды шақырды. Қырыққа жетпеген жігіт екен. Жұмыс киімімен шыға келді. Таныстырды, жер-көкке сиғызбай әбден мақтады, халыққа шапалақ ұрғызды. Енді, барын салып бақты әкім. Мен отырмын, ішімнен: «талай банкетке бардық, талай жердің дәмін таттық. Пісірсе не болыпты, әдеттегі тамақ қой, сонша мақтағаны несі» деп. Сол банкетте қанша өнерпаз өнер көрсетіп жүр. Олардың бірін де өйтіп мақтамады.

Қараңызшы, аспазын ерекше қадірлеп, азғантай ғана еңбегін жоғары бағалап жатыр. Енді, осындай құрметтен соң түрік асханасы әлемді жауламағанда қайтеді?! Қай елге барсақ та, әсіресе еуропада түрік асханасын іздеп кететініміз жасырын емес қой?!

Тағы бірде Анкарада келе жатсам, бір асхананың сыртына «Аданадан ең мәшһүр сорпашы келді» деп жазып қойыпты. Аданалықтар асхана ісіне шебер келеді. Содан ба, ел ағылып барып, кезекке тұрып сорпа ішіп жатты.

Мұны неге айтып отырмын? Олар еңбек адамын ерекше қадірлейді екен, әсіресе, ауылшаруашылығы саласының мамандарын. Олардың әрбір ісін бағалайды. Сол себепті шығар, халқының көбі еңбекке қайыл, бейнеткеш. Өскелең ұрпақ та соларға еліктейді. Мемлекет тарапынан да қолдау ерекше. Нәтижесінде өндірісі дамып, өркендеп жатыр. Мақтағаным емес, көзіміздің көргені осы.

Ал, бізде ше? Сахнаға шыққанның, аузын ашқанның бәрі жұлдыз. Оған соңғы кезде хайп қуғандар қосылды. Қоғамның ең қадірлісі де, ең ардақтысы да солар боп қалды. Қысқасы, қолымен емес, аузымен орақ орғанды бағалайтынымыз өкінішті. Адамның маңдай терінің де, ой еңбегінің де құны ескерусіз қалып жатады. Сол себепті шығар, өскелең ұрпақ әнші болғысы кеп тұрады, хайп қуғысы келеді. Ғылым мен еңбекке ұмтылатын жастар аз.

Соңғы кезде Қызылордада болған екі жағдай осыны жазуға себеп болды. Біріншісі, өткенде кәсіпкер Марат Сарсенбай ағамыз фейсбукта жариялаған бір видео. Көрген бойда көңілім түсті. Видеода орылған күріштікте бір табын сиыр жайылып жүр. Құдай-ау, ол деген күрішшілердің бір-екі күндік емес, ала жаздайғы маңдай тері ғой?! Орып қойып, енді жинап алам деп отырғанда, бұл таза қиянат емес пе?! Сонда шаруаның еңбегі еш, тұзы сор болғаны ма?! Ол сиырларды қамайтындай немесе иесіне айыппұл төлетердей күрішшілердің құқығы жоқ. Сонда олар не істемек?! Жалпы, біз кісінің ақысын жегеннің, еңбегіне қиянат жасағанның зардабын сезіне бермейміз-ау деймін. Кесірі өзіне болмаса да, ұрпағына тиетіні ақиқат. Тарихта дәлел көп оған.

Екіншісі, Асқар Тоқамағамбетов аулындағы оқиға. Жер дауының соңында ала жаздай өсірген егінін жинау мұң болды. Қайсысы дұрыс болса да, нәтижесінде бейнеткеш елдің қадірі кетті. «Еңбек» ұтылды.

11 ғасырда жазылған Ж.Баласағұнның «Құтадғу білігінде» егіншілер туралы айтылады. Олардың жаны ізгі, маңайына жақсылығы мол, ісіне адал дейді. Қыбырлаған жәндіктен бастап, ұшқан құс, жануар, адам, қысқасы бәріне пайдасы мол. Мемлекетке әкелетін пайдасы тіпті орасан екен. Сондықтан, мемлекет қызметкеріне егіншілермен көркем мәміледе болып, олардың құқығын қорғауды тапсырады.

Тарих тағылымы да, өмір заңдылығы да бізге еңбек адамын қадірлеудің, еңбекті бағалаудың маңызды екенін көрсетіп отыр. Егер өндіріс дамып, өскелең ұрпақ еңбекқор болсын десек, төгілген тердің хақысын жемей, бейнеткеш елді бағалауымыз керек.

 

Бекарыс НҰРИМАНОВТЫҢ жазбасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

 

Пікірлер