Ескі қазақ жазба тілі туралы бірер сөз

2845
Adyrna.kz Telegram

«Қазақтың тілі бай, сөздік қоры мол» деп жатамыз. Иә, бұл рас.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәлиұлы «ХV-ХVІІ ғ.ғ. қазақ мемлекеттігімен байланысты қазақ тілінде жазылған әртүрлі жазба мәтін, құжат нұсқалар болды. Демек жазба тіл болғаны хақ. Қазақ хан-сұлтандарының бұйрық-жарлықтары, көрші елдермен жазысқан дипломатиялық қатынас қағаздары, өзара жазысқан хаттары т.б. ескі қазақ жазба тілінің үлгі-нұсқалары болып саналады. Академиктер Ә.Марғұлан, Р.Сыздық т.б. ғалымдар Қадырғали би Жалайыридың, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресін» ескі бастау көздеріне жатқызады. Проф. Бабаш Әбілқасымов қазақ жазба тілінің «Түркістан уәлаяты» (1870-1882), «Дала уәлаяты» газеттерін қазақ жазба тілінің ескі үлгілері деп таниды, қазіргі жарияланып жатқан Мәшһүр Жүсіп мұраларында ескі қазақ жазба тілінің үлгілері молынан кездеседі»,  — деген болатын

Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының термин жасау барысындағы ұстанған басты қағидаты қазақ тілінің ішкі ресурстарын, лексикалық байлығын, сөзжасам тəсілдерін мүмкіндігінше пайдалану болғанын білеміз. Сөздік қорымызды ұлттық негізде дамыту жолында ескі қазақ жазба тіліндегі ел-жұрт, жер-су атаулары, астрономиялық, әскери-əкімшілік терминдер және т.б. өз септігін тигізері сөзсіз. Алайда ескі қазақ жазба тілі әлі де толық зерттеуді қажет етіп отыр.

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

Фейсбук парақшасынан

Пікірлер