БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ: Астананың аспаны көк түтін

2301
Adyrna.kz Telegram

Солтүстік өңірде қазан айынан бастап сәуірге дейін от жағады. Жалпы бізде қызық. Ауа-райы жылы оңтүстікте газ бар. Ең суық солтүстікте газ жоқ. Қарағанды, Ақмола облысы аудандарында жұмыс істегенде әр үйдің жылда 18-20 тонна көмір түсіретінін, көмірдің бағасы тоннасына 15-20 мың теңге аралығында екенін көріп таң қалғанмын. Әр отбасына жыл сайынғы шығын ғой қып-қызыл. Жылдың 7 айында тоқтамай от жағу, көктемде оның күлін шығаруды айтсайшы. Қысы да қатты.

Жалпы солтүстікке газ тарту біздің мемлекет шешуі тиіс мәселеге жатады.

Бүгін Астанада аспан көк түтін болды. Себебі жер үйдің барлығы көмір жағады. Кеш те болса бұл мәселені өз күшімізбен шешуге кірістік. Тәуелсіздіктің арқасында "Сарыарқа" магистральды газ құбырын салу жобасы іске қосылып, биыл алғаш рет Астанаға газ құбыры келді. Келесі жылдан бастап жер үйлерге тартылатын шығар.

Меніңше бұнымен тоқтап қалмай солтүстік өңірлерді газдандыруға күш салу керек. АҚШ-тың да қысы мен аязы қатты штаттары бар. Бірақ көмір жағып отырғанын көрмедім. Кеңес дәуірінде шешілмеген бұл проблеманы тәуелсіз Қазақстан өзіміз шешуге тиіспіз. Оңтүстік қазағының солтүстікке көшпейтінінің бір себебі де осы. Кім мына заманда суықта 7 ай от жаққысы келеді? Шымкентте газбен отырған халыққа қыстың қақаған аязында жылда 7 ай көмір жағып өмір сүруге бейімделу қиын. Сондықтан солтүстікті өмір сүруге қолайлы, барлық жағдайы жасалған өңірге айналдыру қажет. Мемлекеттік мүдде тұрғысынан бұл шешілуі тиіс стратегиялық қадам.

Пікірлер