Оңдасын СЕЙІЛҰЛЫ: мәдениет ескерткіштерін кешенді түрде зерттеп, ғылыми айналымға енгізбекпіз!

2011
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ақпараттық агенттігі оқырмандарға қызығырақ болар деген оймен Ақтөбе облысының тыныс-тіршілігі туралы сұхбаттар мен мақалалар сериясын ұйымдастыруды қолға алған еді. Ендеше облыстың ескерткіштер мен қоғамдық көпшілік шаралар тұрақтылық турасындағы портал тілшілерінің  Ақтөбе облысының әкімі Оразалин Оңдасын Сейілұлынан алған мәлімдемесін назарларыңызға ұсынамыз.

 

 

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының аумағында республикалық дәрежедегі маңызы бар ескерткіш – 9, жергілікті дәрежедегі  маңызы бар ескерткіштер – 850. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, тас дәуірінен бастап, орта ғасырлық қалалар, XVII-XIX ғасырлар сәулет өнері ескерткіштері болып саналатын қорғандар мен қорымдар зерттеліп, белгісіз болып келген ескерткіштер есепке алынуда. Атап айтқанда Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдар облыс аумағындағы Темір, Мұғалжар, Хромтау, Қарғалы және Әйтеке би аудандарындағы ескерткіштерді анықтап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бұрын-соңды ғылыми айналымға енгізілмеген көне қоныстар мен петроглифтерді анықтады. Мұнымен қатар қазба жұмыстары кезінде неолит, тас дәуірінен қалған археологиялық олжалар тапты. Сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. профессор С.Әжіғалидың жетекшілігімен «Доңызтау» экспедициясы жүзеге асырылуда. Экспедициясының мақсаты тарихи-мәдени құндылығы аса жоғары халықтық сәулет өнері мен мәдениет ескерткіштерін кешенді түрде зерттеп, ғылыми айналымға енгізу және насихаттау болып табылады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірлесіп, Ойыл ауданы аумағындағы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына жататын қазақтың қорымдары мен мешіттеріне ғылыми түрде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында Ойыл өзенінің бойындағы Ботакөз батыр кесенесі, Егізқара бейіті, Тілепмола, Темірмола, Жауымбаймола, Балапан және т.б. қорымдар мен кесенелер, тасқоршаулар және діни-әулиелік орындардың тарихы, этнографиясы, семантикасы, ғылыми түрде жүйеленіп, зерттелді.

2018 жылы Әйтеке би мен Ырғыз аудандары аумағындағы жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар 30-дан астам ескерткіштің орналасқан орындары мен жай-күйін анықталды, фотофиксация жұмыстары жүргізіліп, координаттары нақтыланды. Бұл өңірдегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына жататын кесене-ғибадатханалардың қатарында Нұрсейіт, Қали, Назар, Жаныс, Кепер, Алмат тамы сияқты мазарлар бар. Ескерткіштер күйдірілген және шикі кірпіштен салынған, күмбезді болып келеді. Бұл ескерткіштерде далалық сәулет өнерінің тамаша дәстүрлері айқын сезіледі. Өкінішке орай, ежелгі саяхатшылар мен зерттеушілердің назарын өзіне аударған халқымыздың сәулет өнері ескерткіштерінің басым көпшілігі қазіргі таңда табиғи факторлардың әсерінен жойылып кетудің алдында тұр, көпшілігі жойылып та кетті. Мәселен, Әйтеке би ауданындағы Құлтас мешітінің мұнарасы 1980-жылдары биіктігі 11 метр деп ғылыми айналымға енгізіліп, суретке түсірілген. Ал қазір мұнара құлап, мешіттің тек орны ғана қалды. Сондай-ақ Н.Шәйкенов, Д.Беркімбаев, Ұ.Құлымбетов, Бөкенбай батыр, Жалаңтөс баһадүр, Есет батыр Көкіұлы, Едіге батыр, Абай Құнанбайұлы тәрізді көрнекті қоғам, мемлекет қайраткерлерінің ескерткіштері мен ескерткіш-мүсіндері орнатылды. Ашаршылық және саяси репрессия құрбандарына арналған ескерткіш белгі қойылды. Облыс бойынша барлығы 97 ескерткішке, оның ішінде қала аумағындағы 39 ескерткішке, аудандардағы 58 ескерткішке бірегей және жекелеген QR-кодтар орнатылды. Ескерткіштерге келушілер QR кодтар арқылы арнайы мобильді қосымшадан ескерткіш бойынша негізгі мәліметтерді (орналасқан жері, ескерткіштің тарихы, тарихи орынмен байланысты аңыз-әңгімелер) ала алады.

2017 жылы Қобда ауданында орналасқан Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне реконструкция жасалып, сонымен бірге, Қазақстан Республикасының ортағасырлық бірегей ескерткіштерінің бірі - Абат-Байтақ қорымының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Өткен, жылы Темір ауданындағы Досжан ишан мешітінде консервациялау жұмыстары басталды және Хан моласы қорымын абаттандыру (қоршау қондыру) жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Биыл Ырғыз ауданындағы Алмат тамы мавзолейіне, Шалқар ауданындағы Оңалбек ата кесенесіне және Алға ауданындағы Шәкен ишан мешітіне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар мен жұмыс жобалары әзірленетін болады.

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер