11 жасар аспаз: Париждегідей мейрамхана ашқым келеді

10300
Adyrna.kz Telegram

Болар бала жасынан. Дулат Тантаев - еліміздегі ең жас аспаздардың бірі. Небәрі он бір жастағы жеткіншек бала кезінен аспаздық өнерді меңгеріп, бүгінде өз нәпақасын тауып жүр. «Адырна» ұлттық порталы  өнерлі өренмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

Аспаздық - сүйікті ісім

– Осыдан екі-үш жыл бұрын ғаламтордан танымал аспаздардың видеоларын көре бастадым. Уақыт өте келе тамақ пісіруге деген қызығушылығым арта түсті. Ең алғаш тәтті кекс әзірлеген болатынмын. Оны дайындау барысында айтарлықтай қиындықтар болмады. Осылайша басқа да тағам түрлерін жасап үйрендім.  Қазіргі таңда аспаздық менің сүйікті ісіме айналды.

Кез келген тамақты жасай аламын

– Қанша түрлі тамақ әзірлей алатынымды нақты білмеймін. Десе де, тағамның рецептісін білсем, кез келген түрін жасай аламын. Олардың ішінен ұнағанын таңдап, дайындалу жолымен бөлісемін.

Instagram арқылы тапсырыс қабылдаймын

–Instagram  желісінде жеке парақшам бар.  Оны негізінен түрлі рецепттермен бөлісу үшін ашқан болатынмын. Бірінші видеомда Наполеон тортының жасалу жолын түсіндірдім. Көпшілік өздерінің жағымды пікірлер қалдырды. Кейін түрлі ұсыныстар түскендіктен, тапсырыс қабылдай бастадым.  «Ас иесімен тәтті» демекші,  әрбір тапсырысты үлкен ыждағаттылықпен дайындаймын.

Отбасым мені бірден қолдады

– Кәсіпті бастауыма ағам көмектесті.  Отбасым мен жақындарыма жасаған тағамдарым қатты ұнағандықтан,  менің қызығушылығымды бірден қолдады. Бүгінде тапсырыс қабылдаумен қатар,  түрлі тәттілер мен тағамдардың видеорецептілерін түсіремін.

6-сыныпта оқитын жас талант сұхбат барысында барлығына үлгеретінін жеткізді.

– Оқу үлгерімім жақсы. Бос уақытымда футбол ойнап, спортпен шұғылданамын. Сондай-ақ, YouTube-тен әртүрлі рецептілерді көріп, жаңа тағам түрлерінің мәзірімен танысамын.

Арманы асқақ Дулат

– Армансыз адам болмайды. Болашақта мықты аспаз болып, Алматы қаласында Париждегідей күшті мейрамхана ашқым келеді.

Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз!

– Алтындай уақытыңызды босқа өткізбей, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Еңбектеніңіз. Сол кезде сіз ең бақытты адам боласыз.

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер