«112» -ге бес миллионнан астам қоңырау келіп түскен

2216
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі басқа да министрліктер, мемлекеттік атқарушы органдарға қарағанда Төтенше жағдайлар министрлігі мен аталған органға қарасты мекемелердің атқаратын міндеттері мен қоғам алдындағы жауапкершілігі, адам өмірі үшін маңыздылығы әлде қайда жоғары.

Басымызға іс түсіп, қандай да бір апатқа ұшырасақ, күтпеген оқыс жағдайға тап болсақ, өрт шықса да, су тасқыны болса да, жер сілкініп, сел жүрсе де ең алдымен төтеншеліктерге қоңырау шаламыз.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей биыл жыл басынан бері «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік         қызметі      пультына   халықтан 5 146 831 қоңырау келіп түскен.

Жалпы  өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері және Республикалық жедел-құтқару жасағы 9 767 адамды құтқарса, 14 190 адамды қауіпті аумақтардан эвакуациялаған.

Зардап шеккен 178 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілсе, төтенше жағдай  орындарынан 527 адамның денесі шығарылды.

Шұғыл дабыл бойынша 56 088 рет оқыс оқиға орнына бару жұмыстары жүргізілген,  соның ішінде 10 122-сі өртке тиесілі болса, 8 061 - авариялық-құтқару жұмыстарының еншісінде, 33 741 - өрт ретінде есепке алынбайтын жану болса, 83 - көрінеу жалған шақырту, 1 573 расталмаған жану фактілері, 2 508 басқа да оқыс жағдайлар.

Жоғарыдағы мәліметте құтқарушыларға 83 рет жалған шақыртулар түскендігі айтылған. Осы ретте, көрінеу жалған шақыртулар жасайтын тұлғаларға айтарымыз: «Сіз мүмкін екі қолыңыз алдыңызға сыймай ерігіп отырған боларсыз? Бәлкім осылайша көңіліңізді көтергіңіз келген шығар?  Алайда,  жалған қоңырау шалмастан бұрын, сіздің өтірік ойыныңыз келесі бір жанның өмірін жалмап кетуі мүмкін екендігін де естен шығармаңыз». Расымен де төтенше жағдай орын алатын болса әр бір сәттің маңызды екендігін, бір минуттың өзі адам өмірін құтқарып қалуға болатын мүмкіндік беретінін ұмытпауымыз керек.

Адамның ағаттығынан болып байқаусызда орын алып жатқан, арты орны толмас қайғыға әкеліп соғатын оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлардан сақ болайық.

 

 

Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер