Әр ай сайын мың өрт болған!

2714
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың басынан бері техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жалпы төтенше жағдайлардың  санының
88,5%-ын  құраған. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйене отырып хабарлайды.  Техногендік сипаттағы 10 358 оқиға тіркеліп,  605 адам зардап шеккен (соның ішінде 294 адам қаза болды.

Техногендік сипаттағы жағдайлардың негізгі үлесі өндірістік және тұрмыстық өртке  (96,2%) тиесілі болып келеді.  2020 жылдың он айында 9 963 өрт болса, оның зардабы  497 адамға тиген, олардың  255 –і  өкінішке орай  қаза болды.
Осы өрттердің салдарынан келтірілген материалдық нұқсан 2 184,1 млн. теңгені құрады.

Өрт саны  өткен жылмен салыстсырғанда Алмат, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында  азайса, керісінше Батыс-Қазақстан, Шығыс-Қазақстан, Қызылорда облыстарында көбейген.

Өрт көбінесе тұрғын үй секторларында орын алады екен, мұның үлес салмағы 62,5 пайызды құраса, екінші орында көлік-құралдарының өртенуі жиі кездеседі, ол 15,3 пайызға тең. Ал орман өртінің үлес салмағы 6,3 пайыз болса, басқа да ашық аумақтар 5,7 пайызды алады, сауда кәсіпорындары 3,5 пайызға, өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар 1,5 пайызға, далалар, шалғындар, жайылымдар 1,2 пайызға, әкімшілік-қоғамдық ғимараттар 1 пайызға, ауылшаруашылық объектілері 0,9 пайызға тең.

Ал енді өрттің пайда болуының  кең таралған себептеріне тоқталсақ, бұл жерде де адам қолымен жасалған, біздің жауапкершілігіміздің аздығынан болатын өрттің үлес салмағы басым екендігін байқауға болады. Мысал,  40,4 пайыз жағдайда  отты абайсыз қолданудың салдарынан өрт шықса, 28,2 пайызда  электр жабдықтарын техникалық пайдалану және монтаждау қағидаларын  бұзудан болып өрт шығады екен.  10,3 пайызы   пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзуға тиесілі болса, анықталған әдейі өртеудің үлесі  6,2 пайызға тең, тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан болатын өрттің үлес салмағы  3,6 пайызды құраса,  3,3 пайыз жағдайда  найзағайдың тікелей соғуы және олардан туындаған ықпалды әсерден болса, 2,6 пайызы  балалардың отпен ойнауына тиесілі екен.

Мына статистикаға қарап отырып, біз өз-өзімізге осыншама жау болып кеткенбіз бе? – деген ой туады. Бір ғана қателіктен болып, сәл щалыс басқандықтан, жауапсыздығымыздың салдарынан орны толмас оқиғаға тап болатынымызды біле тұра, неге абай болмаймыз екен? Өрт тілсіз жау, оны бәріміз мойындаймыз. Алайда сол тілсіз жаудың сайрандауына көп жағдайда өз қолымызбен жағдай жасайтынымыз өкінішті.

 

Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер