Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар – 4 миллиардтан көп теңгеге шығын әкелді

4303
Adyrna.kz Telegram

Елімізде төтенше жағдайдың алдын –алу бойынша халықты оқыту және хабар беру жұмыстары ілгерлеп келеді. Кез-келген ақпаратты  көзді ашып-жұмғанша жеткізіп отыратын байланыс құралдарының да осы тұста зор  үлесі мен маңыздылығы басым.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің төтенше жағдайларға қабылданған алдын алу және уақтылы ден қою алдын ала шараларының арқасында 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда оқиға саны 8,2%-ға (1 052 оқиғаға)  азайған, бірақ бұл ретте зардап шеккендердің саны 30,6 есеге (68 336 адамға), қаза болғандар саны 2,8 есеге
(876 адамға), материалдық нұқсан 47,8%-ға (1 411 млн.теңгеге) өскендігі байқалады.

Биылғы жылдың он айында 11 702 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен  оқиғалар тіркелсе,
70 641 адам зардап шеккен, соның ішінде 1 353 адам қаза болып, келтірілген материалдық нұқсан 4 365,7 млн.теңгені құраған.

Төтенше жағдайлар негізінен өткен жылғымен салыстырғанда  Түркістан облысында 32,2 %-ға, Алматы облысында 26,7 %-ға, Ақтөбе облысында 20,3 %-ға, Қарағанды облысында 17,2 %-ға, Жамбыл облысында 14,6 %-ға, Қостанай облысында 12,4 %-ға, Нұр-Сұлтан қаласында 9,1 %-ға азайған.

Керісінше төтенше жағдайлар саны артқан өңірлер олар: Батыс-Қазақстан облысында 11 %-ға, Шығыс-Қазақстан облысында  9,7 %-ға, Павлодар облысында
3 %-ға, Шымкент қаласында тіпті 155,7 %-ға дейін артқан.

Төтенше жағдайлардан зардап шеккендер мен  қаза болғандар саны да әр облыста әр түрлі деңгейде төмендесе, кей өңірлерде олардың саны айтарлықтай өскен.

Мысалы, Атырау облысында зардап шеккендердің саны 122,8 есеге өссе, Нұр-Сұлтан қаласында бұл көрсеткіш 106,7 есені құрады. Зардап шеккендердің саны жағынан осы екі өңірден соң Батыс- Қазақстан, Солтүстік-Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы тұр.

Төтенше жағдайлар салдарынан қаза болғандар саны жағынан  Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Елордада өткен жылмен салыстырғанда қаза болғандар саны 16,7 есеге көбейсе, Маңғыстау облысында 11 есеге ұлғайған. Одан кейін Батыс-Қазақстан облысында 6,8 есеге, Атырау облысында 6,4 есеге, Шымкент қаласында 6,2 есеге, Ақмола облысында 3,6 есеге дейін өскен.

Бұл айтылғандардың бәрі тек сандар болғанмен, есеп үшін жасалған ақпарат деп қарағанымызбен, осылардың әрбіреуінің артында өмір мен  ерлік, орны толмас  қайғы мен күтпеген  қуаныш жатыр.

 

Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер