Өскеменнің көшесіне Сәбира Мұхамеджанованың есімі беріледі

2019
Adyrna.kz Telegram

Өскеменнің көшесіне жетоқсан көтерілісінің құрбаны Сәбира Мұхамеджанованың есімі беріледі. Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Altaynews тілшісіне сілтеме жасап.

Келер жылы қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Ал ызғарлы желтоқсанда намысшыл жастардың алаңға шыққанына 35 жыл болмақ. Осыған орай  Өскеменде бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру жоспарланған екен.

- "Бұл туралы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушыларымен кездесуімде кеңінен талқыланды.Басқосуға Өскемен қаласында тұратын 10 шақты желтоқсаншылармен бірге «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Маратбек Рамазанов та қатысты.Алдағы уақытта іс-шаралардың кешенді жоспары құрылып, бекітіледі. Оларды жүзеге асыруға қалалық әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, арнайы қаражат бөлінетін болады", - дейді шаһар басшысы.

Ерекше атап өтерлік шаралардың қатарында Өскеменнің бір көшесіне желтоқсан көтерілісінің құрбаны Сәбира Мұхамеджанованың есімін беру бар. Сондай-ақ ол оқыған училищеде арнайы сынып ашу және шәкіртақы тағайындау қарастырылған. Сәбира туралы кітап шығару мен деректі кино түсіруге де қолдау көрсетілмек.

 

Пікірлер