БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ: Бұл жолдан кету керек

2254
Adyrna.kz Telegram

Өз басым біздің қоғам адамзаттық деңгейдегі мәселелерді шешуге, әлемдік дамуға ат салысатын масштабтағы дүниелерді жасауға дайын емес деп ойлаймын. Біз өз ішіміздегі ұсақ-түйек әңгімелермен басы да, уақыты да бос емес елміз. Анау сатқын, мынау жау, ол кезінде үйтіп қойған, бұл сүйтіп қойған деген тақырыптар бізге жақындау. Дәл қазір солай...

Бізге осының бәрінен тәуелсіздік алу керек. Сана тәуелсіздігі. Ой-пікір адамзаттың даму тарихын жазатындай масштабқа көтерілгені дұрыс. Айналамыздағы елдерде не болып жатыр, олар қалай өсті, өнді, дамыды деген сұрақтарды өзімізге де қою қажет.

Қытай 2030 жылы жасанды интеллект бойынша әлемде бірінші орынға шықпақшы. Осы саладағы табыстың 60% Қытайдың үлесіне тиеді деп болжануда. Ол деген сөз экономика, әскери күш, технология бойынша әлемді билейді. Оның іргесіндегі біз кім боламыз?..

Кеше Ресей президенті Ұлттық қорының 580 млрд долларға дейін артқанын атап өтті. Заманауи қарулардың жаңа түрлерін жасап жатқанын да жеткізді. Ресейдің де өз даму жолы бар. Әскер мен флот, соғыс мемлекеттің іргесін ұстап тұр. Өздері де мойындайды. Технологиясы әлемде бірінші болмауы мүмкін, бірақ бізден жоғары.

Түркі әлемінде Түркия көш ілгері кетті. Байрактар, Аксунгур атты беспилотниктерін толық өзі шығаруды көздеп отыр. 2023 жылы электр көліктерін, кейін ұшқышсыз басқарылатын ұшақ, тікұшақ шығаруды іске асырмақшы.

Израиль екі құлақтың ортасындағы ақылдың күшімен дамыған мемлекет. Карабахтағы соғыста "Хароб" дрондарының эффективтілігін көрдік. Медицинасы алда.

Тізімді жалғастыра беруге болады ғой...

Біздің үкімет те технократтық санаға елді бұруы тиіс. Жоғарыда аталған елдердің барлығында мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана жастары, ғалымдары технократтық төңкеріс жасауда. Мемлекеттік, Қазақстандық мүдде тұрғысынан бұл бізге де қажет. Уақыты өтіп барады. Кеш қимылдаудамыз. Халықтың ойын, жастардың мүмкіндігін, ұлттың пассионарлық күшін осы салаға бұруға тиіспіз. Инвестиция, қаржы осы салаға құйылуы керек.

Қазіргі Ресейдің депутаттары айтқан бір сөзден шулап отырғанымыз біздің деңгей емес. Бұлай жалғаса беруі де үлкен сын! "Келсең кел. Қазаққа тисең өзіңе де оңай болмайды" деген технологиялық күш, экономикалық өсім, мемлекеттік мүдде жолында толысқан қоғамдық сана болуы керек бізде. Қазақ ұсақ-түйек даудан бас көтере алмай қалған. Бұл жақсы емес. Бұл жолдан кету керек. Керісінше ұлттың күшін мемлекеттік мүдде үшін тиімді технокарттық бағытқа бұру қажет. Эффективті жол осы. Біздің заманымыз, адамзаттың дамуы осы бағытта өзгеріп жатыр. Мұны істеу керек. Істей алмаса істейтіндерге жолды беру қажет. Көп қой қазақта талантты жастар. Қазіргіміз болмайды.

Пікірлер