Қазақтың тарихы терең оқулық пен кітап шығару дәстүрі бар – Ғ.Бейсембаев

2403
Adyrna.kz Telegram

«Оқулық» РҒПО мен С.Демирель атындағы университет бірлесіп өткізген «Заманауи оқулық және білім беру құндылықтары» атты республикалық ғылыми конференцияда «Оқулық» орталығы директоры Ғ.Бейсембаев еліміздің оқулықтар мен кітап шығару тарихын қозғады.

 

«Елімізде оқулықтар жылнамасы академиялық тұрғыда көп зерттелмеген салаға жатады. Бастау-қайнары сонау Әл-Фараби заманынан арна тартатын, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат-ат-түрк» еңбегі мен Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік» еңбектерімен нығайған, орта ғасырлардағы қаншама аты мәшһүр ғұламалардың туындыларымен толыққан  кітаби дәстүріміз бар екенін мақтаныш етеміз. Одан берідегі заманауи мектеп оқулықтарының басы болған 1879 жылы жарық көрген Ыбы­рай Алтынсаринның «Қазақ хрестоматиясы» мен Ахмет Байтұрсыновтың  1912 жылы жарық көрген  «Оқу құ­ралының», 1925 жылы жарық көрген «Әліппесінің»  мәнділгі мен құндылығы тәуелсіздік жылдары  жаңаша дерекнамалық тұрғыдан танылып жатқаны қуантады», - деді Ғ.Бейсембаев.

Оның айтуынша, айтулы тұлғалар М.Шоқаев, Ғ.Қараш, Қ.Сәтбаев, Ж.Ай­мауытов, М.Жұмабаев, Ә.Ермеков, Ж.Күдерин және тағы басқа атпал азаматтардың қазақ тілі мен әдебиеттану, психология мен педагогика, өсімдіктану мен тіршіліктану, математика пәндерінің сындарлы оқулығы әрі алғашқы зерттеулер болып табылатын еңбектері қазақ елінің ұлттық білім беру жүйесінің іргетасы болып қаланды.

«1926 жылы Қазақстандағы білім беру жүйесі кеңестік ортақ жүйеге көшіріліп, 1934 жылы «Әліппенің» алғаш­қы нұсқасы латын әліпбиімен, кейіннен кирилл әліпбиімен қайта жарық көрді. Қазақстандық баспалардың алғашқысы болып 1947 жылы 20 мамырда құрылған «Мектеп» баспасы «Просвещение» баспасынан шыққан оқулықтарды қазақ тіліне аударып басумен қатар, «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қа­зақ­стан тарихы» және «Гео­графия» пәндерінен төл оқулықтарымызды жазумен айналысты. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдары отандық баспалардың оқулықтардың толық­ты­рылған нұсқаларын алдымен қазақ тілінде, содан соң орыс және басқа да тілдерге аударып басып, жақсы үрдіс бастағанын атап өту керек. Мұнан кейінгі араға бес жыл салып, бiлiм тұжырымдамаларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар, оқу-әдiстемелiк құралдар және тексеру тапсырмаларының жүйе­сiн жасау мақсатында 1996 жылы Үкімет қаулысымен бекіген жаңа Мемлекеттік мақсаттық бағдарлама қабылданды. Осының нәтижесінде 1998 жылы Ы. Алтынсарин атындағы білім мәселелері институтының Ы. Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясы болып қайта құрылуымен қазақстандық оқулықтардың жаңа буынын шығару қолға алды», - деп ойын жалғады «Оқулық» РҒПО директоры.

Сонымен қатар, сонда айтылған дерекнамаға қарағанда, оқулық шығару ісінде жаңа ізденіске еркіндік берілген сәт 2000 жылдардың өрі болды. Себебі, осы кезде бір пәннен бірнеше нұсқада, балама оқулық шығару мүмкіндігі берілді.

«2005 жылы ҚР Үкіметінің №405 қаулысымен   ғылыми және педаго­гикалық сараптама өткізу­дің ғылыми-әдістемелік негіздерін жасау, білікті сарап­шылардың базасын құру және оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік кешендерді мемлекеттік сараптамадан өткізу сапасын жетілдіру мақсатында «Оқулық» республикалық ғылыми-практи­калық орталығы» құрылды. Бүгінгі өткізіліп отырған  конференция  «Оқулық» орталығының ашулуына  15  жыл толуымен тұспа-тұс келуімен ерекшеленіп отыр.

Тарих үшін үш бес жылдық аса көп уақыт болмағанымен, осы мерзім ішінде  Орталық маңызы мен жауапкершілігі  жоғары  еңбек жолын еңсерді. «Оқулық» орталығы білімнің мазмұнын бағалау, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білімнің сапасын қамтамасыз ету міндетін орындап  келеді, бұл әрине,  оқушылардың білім сапасына, тәрбиесіне  оң ықпалын тигізді.

Қарапайым ғана мысал, жаңартылған мазмұндағы 1-11 сынып оқулықтары кезең-кезеңімен 2016-2020 жылдары оқу процесіне енгізілді. Аталған кезеңдерде «Оқулық» орталығы арқылы орта білім бойынша 5053 аталым оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сараптамадан өтіп, оның 40%-ға жуығы білім беру ұйымдарына ұсынылды. Соның ішінде 643 оқулық оқу процесіне енді. Осы орайда үрдіске қатысқан мыңға жуық оқулық авторлары мен басқа да баспалардың, сыртқы сарапшылардың да ерен еңбегіне алғыс айта отырып, ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн», - деп тұжырды Ғ.Бейсембаев.

Аталмыш шара орталықтың 15 жылдық мерейтойына орайластырылған. Іс-шараның басты мақсаты заманауи оқулықтардағы білім беру құндылықтарына, оқу әдебиеттерінің тіліне,  мәтіндік және мәтіннен тыс аппаратына қойылатын талаптар бойынша өзекті мәселелерді талқылау.

Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен оның бағынысты ұйымдарының, жоғары, техникалық және кәсіби,  орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ұйымдарының  қызметкерлері, білім беру ресурстарын әзірлеуші баспа мен ғылыми ұйым өкілдері, оқу әдебиеттерінің авторлары мен сарапшылары қатысты.

Айта кетейік, «Оқулық» РҒПО білімнің мазмұнын бағалау, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау арқылы білімнің сапасын қамтамасыз етуге атсалысады. Орталық өзінің құзіреті шегінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің міндеттемелерін орындап, оқулықтардың сапасын арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың  білімін жетілдіру бағытында жұмыс істеп келеді.

 

Пікірлер