Бүгін Елубай Өмірзақов өмірге келген күн (Видео)

10162
Adyrna.kz Telegram

Осыдан тура 122 жыл бұрын, яғни 1899 жылы Қостанай облысының Б. Майлин ауданында актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақов дүниеге келді. "Адырна" ұлттық порталы атақты актердің өмірі жайлы шағын деректер ұсынады.

Болашақ актердің талантын ерте танып, өнерге баулыған әрі оны оқуға үйреткен сол кездері ауыл ұстазы, жазушы-драматург Б. Майлин болатын. 1923-1925 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтында оқыған. 1924 жылы Орынборда қойылған М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен Ж.Ерданаевтың «Малқамбайында» ол Абыз бен Малқамбай рөлдерінде ойнады. 1925 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік драма театры құрылғанда А. Абдуллин, Қ. Бадыров, С. айғожин және С. Оспановпен бірге Е. Өмірзақов та алғашқы ұлт театрының іргетасын қалап, оның өркен жаюына мол үлес қосты. 1927 жылы Мәскеу қаласында өткен этнографиялық концертке қатысты. 1931 жылы театрдың бес жылдық мерекесіне байланысты Е. Өмірзақов республиканың тұңғыш халық әртісі атағына ие болды.

Ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрын ұйымдастырушылардың бірі, осы театр сахнасында қойылған М.Әуезов пен И. Кацыктың «Айман-Шолпан» және Б. Майлин мен Е. Брусиловскийдің «Жалбыр» сияқты музыкалық спектакльдерінде халық өкілі, тапқыр Жарас пен күзетші Қайрақпайдың рөлін орындады. 1930-1940 жылдары драма театрда ойнаумен ғана шектелмей, радио мен филармонияға эстрадалық концерттер мен кино өнерінің дамуына да қызу атсалысты, табиғи талантының әр қырынан танылды.

Халық өнерінің қайнар көзінен нәр алған актер әйгілі халық батыры Амангелдінің, сондай-ақ Жарас пен Дәркембайдың бейнесін шеберлікпен сомдады. Өмірзақов ойнаған рөлдерінің саны 150-ден асады, актерлік шеберлігінің ерекшелігі сөзінен гөрі сахналық қимыл-қозғалысы мен мимикасында, ол әрбір кейіпкерінің мінезін, табиғатын ішкі сезім дүниесіне лайықтап, өзінің бүкіл дене бітімін құбылтып, құлпыртып ойнауға өте шебер сахна суреткері болды.

Ол халық әндерін («Шәпибаяу», «Кербесті», «Нақ-нақ», «Қыздар-ау», «Зулатшы-ай», тағы басқа) шебер орындаушы ретінде де белгілі. 1936 және 1956 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1976 жылы «Ұстаздарым – достарым» атты еңбегі жарық көрді. Алматы қаласындағы Қабанбай батыр көшесіндегі № 89 үйге мемориалдық тақта орнатылып, актер есімімен көше және Қостанай облыстық филармониясы аталды. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

Қазақ өнерінің тарланы 1974 жылы 2 сәуірде Алматы қаласында қайтыс болды.

 

Пікірлер