Жалтақ мұғалімнен қайсар шәкірт шықпас

3914
Adyrna.kz Telegram

Елімізде өтетін депутаттарды сайлайтын күнге санаулы уақыт қалды. Биылғы парламенттік сайлау бұрынғыдан өзгерек болар ма екен деген үміт көмескілене бастағандай. Неге десеңіз, биыл мұғалімдеріміз аса маңызды қадам жасап, «Мұғалімді сайлау жұмысына араластырмасын!» деп бастама көтерген-ді. Осы бастаманың негізінде ұстаздар челендж де бастаған болатын. Өкінішке қарай, челендж қолдау таппады ма, әлде басқалай себеп болды ма, жалғаспай қалыпты.

2019 жылы Білім және ғылым министрі еліміздегі мұғалім саны 500 мыңнан астам екенін айтып еді. Осы жарты миллионнан астам мұғалімнің бар-жоғы 90-ы «сайлау жұмысына мұғалімді араластырмасын» атты челенджді қолдапты. Қалғандары қайда? «Жалпы сайлау жұмысына мұғалімдерді араластырмау жөніндегі челенджімді 90 мұғалім ғана қолдаған екен. Өкінішті...» деп жазды Жанна Сакетаева челенджге байланысты. Осы жазба әлеуметтік желідегі «Қазақстан ұстаздары" тобында аз-маз талқыға түсіпті. Өкінішке қарай, бұл пікірталас алаңында әзірге бастаманы қызу қолдап, әрі қарай қалай дамытып, нақты жүзеге асыру туралы ешбір ой айтылмапты. Керісінше, сайлау жұмысына мұғалімнің араласуын құп көретіндер мен бастаманы көтергендерге қарсы пікір айтушылардың қарасы көбірек сияқты. Бұл қалай? Әлде, сайлау қарсаңында билік фейктерінің тізгінін босатып, барынша жанталаса жұмыс істеуге бұйрық берген бе? Әлде, расымен, мұғалімнің өзіне қатысы жоқ жұмыспен шапқылауын дұрыс көріп және оны заңды санайтындардың болғаны ма?

Мысалы, Аскар Еркебаев атты желі қолданушы: «Ерте бастаған екенсіз... Ақсақ қой түстен кейін маңырайды... комиссия бекітетін кезде айту керек. 1-2 жыл бұрын»,-дейді. Бұл бастама кеше-бүгін айтылмағанынан әлде бейхабар, әлде қыңырлыққа салынып отырған біреу дерсіз. Бұл бастаманың екі жыл бұрын министрдің тіке алдында сөз болғанын жазған  Өмір Шыныбекұлына «Батыр екенсің» деген Нурсултан Нурстың жалдамалы фейк екеніне дауыңыз бар ма? Егер бұл «адам» расымен Қазақстанның мұғалімі болса: «Челлендж уйымдастырып арам тер болып журген акымактар Колдарынан келмейтинди белдерине байламай жайларына журиндер ким кайда муше болады катысады оздери биледи» (жазбаны өзгеріссіз беріп отырмыз – ред.) деп жазбас еді, сіз қалай ойлайсыз?

Мұнан бөлек, тағы бірі мұғалімді ешкім сайлау жұмысына күштеп қоспайтынын алға тартса, енді бірі «бәрібір түк өзгермейді» дейді. Өзгерісті біреу келіп жасап бермейтінін мойындайтын кез келді емес пе? Десек те, әлі де арамызда өзгерісті сырттан біреу келіп жасап береді деп күтетіндер бары өкінішті. Бастама көтерілді. Сол бастаманы азамат ретінде, мұғалім ретінде қолдауға не кедергі? Әлеуметтік желіде де басшысының бақылауынан шықпайтын, «көріп қояр» деген қорқынышын жеңе алмаған мұғалім қай кезде үн шығарады? «Қазақстан ұстаздары» тобы жүз мыңдаған мүшесі бар, ірі топ. Осы топта мұғалімдер өз мәселесін шешіп, проблемалардан құтылмаса, онда қай жерде және қашан мәселесін шешпек? Сұрақ көп, жауаптары көңіл көншітпейді.

Жалақысы уақытылы түспесе, не болмаса, айлығы қысқарады десе ғана қарша боратып пікір жазатын мұғалімдердің салмақты, маңызды мәселеде бас бұғып қалатыны қалай? «Мұғалім – саяси науқанда үй бетін көрмей жұмыс істеуге міндетті. Саяси науқанның тұтас қағазбасты жұмысы да мұғалімнің мойнында» деген заң жоғын біле тұрып, басшысының бұйрығына бас шұлғып, айтқанын бұлжытпай орындауды құп көретін мұғалімнің саны азаймай, Қазақстанның ертеңінен үміттену бекер-ақ. Өзі құрақ ұшып, құлдық ұруды ғана білетін мұғалім оқушысына қалай «құқығыңды біл, талап ет!» дей алады? Десек те, ақиқаттан аттамайтын, өз құқығын беске білетін, талап етіп қана қоймай, талабын іске асыра алатын нағыз ұстаздарымыз жоқ емес. Көңілге сол мұғалімдеріміз медеу.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер