"Жігіттің жақсысы - түрмеде, аттың жақсысы - кермеде"

12542
Adyrna.kz Telegram

Түрмеден шыға сала абыройынан айырылып, қоғамның қатты сынына ұшырап жатқан Макс Боқаевқа ең тиімді ақыл кеңес айтпас бұрын түрменің жалғыз кісілік камерасында жатқан Арон Атабектің ішкі психикалық жай-күйіне тоқталғым келеді. Әсте, ойымды жүйелеп, пікір-ұсынысымды дәл жеткізу үшін адамгершілік пен этикаға жат болып көрінетін кейбір түйткілді мәселені қозғамай кетпеуге болмас. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген тәмсілді де қаперімде ұстап отырмын. Түрменің ащы дәмін бір кісідей тартқан мен екі азаматты өзіме тағдырлас санаймын. Сондықтан Макс пен Аронның және оның туыстарының көңіліне қарап, тілімді тістеп үнсіз қала алмадым.
Сөздің басын Арон Атабектен бастайын. Ол қандай адам? Ол отбасының қамы үшін кез келген жұмысты істейтін, күреп ақша табатын бала-шаға асыраушы емес. Бұл Аронды жамандау емес, оның еркек ретіндегі типі, жаратылысы сондай еді. «Отбасына масыл болды» деп айтпай-ақ қояйын, мұндай еркектердің әйелге де, балаға да сүйкімі болмайтыны анық. Бостандықта жүргенде Арон үйінің шатыры тесіліп, қирап жатқанын, отбасының тым кедей өмірін суреттеу мүмкін еміс-ті.

Арон және оның отбасы ауыр кедейшіліктің шегіне жетті. Оның үстіне, тік мінезді Арон оппозициялық қауым ортасында сүйкімсіз еді, ол үнемі қоғам белсенділерімен кикілжіңге түсіп қалатын, тіпті жаға жыртысып төбелесіп қалған кезі де болды.

«Шаңырақ оқиғасы» бойынша Арон Атабек ұзақ жылға сотталып, түрмеге түсті. Осы кезден бастап, бостандықта жүргенде ешкімге сүйкімсіз болған Арон және оның отбасының жағдайы қалай өзгерді? Серікжан Мәмбеталин, Мұхтар Тайжан секілді "ұлтшыл патриоттар" халықтан жылу жинап, Аронның үйін толық жөндеп берді, бала-шағасына, азық-түлікпен болсын, ақшалай болсын, көп көмек көрсетті. Болат Әбілев бастаған оппозиционерлер ақша бөліп Арон Атабектің кітаптарын шығарып берді, кітаптың тұсаукесерін өткізіп, сатылымнан түскен қаржыны тағы да Аронның бала-шағасының қолына ұстатты.
Оппозиция қауымы түрмеде жатқан Арон Атабекті де ұмытқан жоқ. Оған да жылы киім, газет-журнал, қаржы жіберіп тұр. Тіпті Польшада тұратын Балли Мажец (Балжан Наурызбаева) түрмедегі Аронды жыл сайын былғары аяқ киім қамтамасыз ететін. Қазір де осындай қайырымдылық шарасы тоқтаған жоқ.
Қазақ баспасөзі түрмеде жатқан Арон Атабекті «ұлт батырына» теліп жиі жазады. Халықаралық адам құқықтары ұйымдары оны «ар-ождан тұтқыны» деп санайды. Ол қаншама рет сыйақы ақшасы бар марапатқа ие болды. Әрине, сыйлықтар бірде Аронның балаларына, бірде оның әйеліне берілді.

Заң бойынша, жазаның үштен екісін өтеген сотталушыға жеңілдік бар. Шартты жазамен бостандыққа шығу үшін соталушы өтініш жазуы керек. Ал қайтпас-қайсар Арон Атабек өтініш жазудан бас тартты. Бұл оның түрмеде қала беруге бейіл екенін көрсетеді. Сонда оның түрмеден шыққысы жоқ па? Бұл сұраққа «Ол түрмеден шыққанда не істейді, қандай жұмыс істейді, қайтіп нәпақа табады?», «Шаруаға ебі жоқ отағасы отбасына қажет пе?» деген қарсы сұрақ қояр едім. Оның жауабы жоғарыда жазылды. Сондықтан, Аронның түрмеде қала беруі өзіне де, оның бала-шағасына да тиімді болып тұр.

Баспасөзде «Түрмедегі Арон Атабек төрт-бес жылдан бері карцерде жатыр» деген тақырыппен мақала жарияланып жүр. Шындығында, ол карцерде емес, бір кісілік камерада отыр. Басқа сотталушылар үшін бір кісілік камерада отыру – ауыр жаза. Мен де жападан-жалғыз алты айдай сондай камераны мекен еткен едім. Шынымды айтайын, үш мезгіл тамағыңды есіктің ойығынан беретін адамның қолынан басқаны көрмейсің, ішқұса болып, жынданып кетуге сәл қалдым. Ал Арон бір кісілік камераға өз еркімен кіріп алған. Ол - шығармашылықтың адамы, ондай камерада ешкім кедергі жасамайды, өз ойымен өзі болып, өлеңін жазып жата береді. Оған осы жағдай ұнайды: бала-шағасына қайырымды жандар көмектесіп жүр. «Арон - ұлт батыры», «ар-ождан тұтқыны», «билік оны карцерге жауып қинап жатыр» деген ақпарат дүмпуі әсте басылмай, оның саяси күрескерлік имиджі күн санап өсіп жатыр.


Ащы шындықты айтуды бастаған соң түрме көрген тағы бір белсенді Жанболат Мамай тұлғасына да тоқтала кетейін. Ол Арон мен Макс сияқты адам емес, шаруаға икемді, бала-шаға мен ата-анасының алдында жауапкершілікті сезінеді. Мамай прокурормен процестік келісім жасап, түрмеден шартты түрде шығып алды да Жовтистің офисінде жұмыс істеп, бала-шағасына нәпақа тапты. Ол партия құру жобасын қолға алған соң тіпті Мамайдың отбасы жағдайы жақсарып сала берді. «Жер үй сатып алып, оны күрделі жөндеуден өкізді, үйін қымбат жиһазға толтырып, қымбат көлік мініп алыпты, балаларын өте қымбат мектепке оқуға беріпті» деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ, түрмеде жатып-ақ Демпартияға қосылған Макс пен партия жетекшісі Жанболаттың айырмасы жер мен көктей емес пе?!

Макс Боқаевтың тағдыры Арон Атабекке ұқсас. Макстің бала-шағасы болмағанымен кәрі анасы, қарындастары бар. Макс те Арон секілді қара шаруаға ебі жоқ, жұмыс істеп табыс табуға бейім емес, ол өмірін саяси күрес жолында өткізді. Макс түрмеде жатқанда оның жақындарына оппозиция қауымы қолынан келгенше көмектесіп тұрды. Мұны Макстің өзі мойындап, ол түрмеден шыққан күні қамқоршы жұртқа алғысын білдірген.

Түрмеде жатқанда Макс Боқаевтың Талғат Аян секілді кешірім сұрап, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға талпынбауы қайсарлыққа, принципшілдікке баланды. Оның түрмеден шыққан күні «Исатай-Махамбет» алаңына барам» дегені де қайтпас күрескердің мінезі ретінде саналған. Бірақ ол өзінің саяси имиджін өзі бұзды. Мен сол күні «Макс Боқаевқа әділдік пен күрес жолында тек көрегендік пен қырағылық, саяси тәуелсіз көзқарас тілеймін» деп ақыл беріп, оны Мамай секілді мүдделі топтардан барынша сақтандыруға тырыстым. Өкінішке орай, ол ақыл тыңдамайтын адам екен.

Егер ол күрескерлік жолын Арон Атабек сияқты жалғастырғысы келсе, Мамайға арқа сүйемей-ақ, митинг болсын, басқа наразылық шарасы болсын, әрекетін тәуелсіз жүргізуі тиіс еді. Әрине, билік «заң бұзды» деп тағы да оны қамауға алуы мүмкін. Дегенмен, Макс Боқаев үшін түрмеде жату түк емес, үш мезгіл түрменің тегін тамағы мен төсегіне ол әбден үйренген. Сонда оған және оның отбасына оппозициялық күштердің бәрі бұрынғыша көмектесіп тұрар еді. Әрине, мақсатқа жету үшін оған әзір де кеш емес. Тек ол үшін саяси тәуелсіз көзқарас пен нақты әрекетке көшуі керек.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ, 

"Демос" ҚБ төрағасы

(Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейі. adyrna.kz тәуелсіз ақпарат алаңы болған себепті кез келген тараптың мақаласына орын беріледі). 

Пікірлер