Елімізде Көрісу күні тойланды

2294
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Көрісу күні тойланды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Қазақстан Халқы Ассамблеясына сілтеме жасап.

14 наурызда еліміз Наурыз мейрамының басы Көрісу мерекесін атап өтеді. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.

Елордадағы Достық үйінде Фанида Мұқатайқызының жетекшілігімен Көрісу күні тойланып, оған барлық этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Мерекелік кеште Нұр-Сұлтан қаласының «Есіл толқындары» ардагерлер ансамблі өз өнерін көрсетті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтай отырып:

«Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Бұл - нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы», - деп жазды Тwitter-дегі парақшасында.

 

 

Пікірлер