Қазақстандық спортшылар Токио Олимпиадасына дайындалуда

7649
Adyrna.kz Telegram

Жапония астанасы Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиадаға 159 күн қалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген олимпия ойындары биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Ашылу салтанаты Токио ұлттық стадионында өтеді деп жоспарланып отыр. Жалпы бәсеке қаладағы 42 спорт нысанында өтеді.

Осы Олимпиада бағдарламасына 3х3 баскетбол, бейсбол/софтбол, каратэ-до, серфинг, құзға өрмелеу және скейтбординг сияқты жаңа спорт түрі енгізілген.

Алдын ала есеп бойынша әлемнің 205 елінен келген атлеттер 33 спорт түрі бойынша 339 медаль жиынтығын сарапқа салады деп жоспарланған.

Мемлекеттік тапсырысты орындау аясында олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлерінен ұлттық құрама спортшыларын даярлауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті жүзеге асырады. Ал 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетіне осындай функция берілді.

Қазақстан құрамасы спортшыларының сапалы дайындығы мен сәтті өнер көрсетуі үшін Үкіметі тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған.

Өткен жылы лицензия жеңіп алу жоспарын іске асыру үшін 431 оқу-жаттығу жиыны өтті. Құрама командаларымыз 104 халықаралық бәсекеге қатысып, 105 медальге ие болды (18 алтын, 35 күміс және 52 қола).

Біздің анықтама: (жеңіл атлетикадан 3 лицензия - Георгий Шейко, Ольга Рыпакова, Айман Ратова, велоспорттан (тас жол) 4 лицензия, жүзуден 2 лицензия - Дмитрий Баландин, ашық суда жүзу 1 лицензия - Виталий Худяков, садақ атудан 4 лицензия - Санжар Мұсаев, Денис Ганкин, Илфат Абдуллин, құзға өрмелеуден 1 лицензия - Ришат Хайбуллин, синхронды жүзуден 1 лицензия - Александра мен Екатерина Немич, грек-рим күресінен 2 лицензия - Мейрамбек Айнағұлов, Асхат Ділмұхамедов, әйелдер күресінен 2 лицензия - Валентина Исламова, Эльмира Сыздыкова, еркін күрестен 4 лицензия - Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали, спорттық гимнастикадан 1 лицензия - Милад Карими, стенд атудан 1 лицензия - Сәрсенгүл Рысбекова, оқ атудан 1 лицензия - Юрий Юрков, қазіргі бессайыс бойынша 2 лицензия - Елена Потапенко, Павел Ильященко, каратэ WKF 1 лицензия - Дархан Асаділов, бокстан 9 лицензия – Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Закир Сафиуллин, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдәулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев, Надежда Рябец, велотректен 3 лицензия, су добынан 1 лицензия).

Алдағы уақытта Олимпиадаға дейін жолдама үлестіретін 11 құрлықтық (оның бірі күрес түрлерінен Алматы қаласында өтеді деп жоспарланған), 7 әлемдік іріктеу жарысы, 3 әлем кубогы мен 20 рейтингтік турнирге спортшыларымыз қатысады.

Жалпы еліміз Олимпиадаға 31 спорт түрінен кем дегенде 100 жолдама иеленуді жоспарлап отыр.

Қазіргі ұлттық командалар 18 спорт түрінен 43 лицензия (52 спортшы) жеңіп алды, оның ішінде 17-сі жеке және біреуі командалық спорт түрінен (су добы).

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер