Ақтөбе облысында Шалқар көлінің түбін тазарту жобасы басталды

2096
Adyrna.kz Telegram

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өзекті экологиялық мәселелерді шешуге байланысты сұрақтар қаралды.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов, экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл, «Актобеводпроект», «TOLAGAI-2050» ЖШС өкілдері қатысты.


«Шалқар ауданы тұрғындары Шалқар көлінің түбін тазартуға қатысты сұрақты бірнеше рет көтеріп, бұрынғы қалпына келтіріп беруді сұраған. Біз бұл жұмысқа мамандар мен сарапшыларды тарттық. Былтыр жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталған болатын. Үкімет аталмыш жобаны қолдады, биыл біз соны жүзеге асыратын боламыз. Ауқымды жоба үш жылға жоспарланған, дегенмен жұмысты ждағаттап екі жылда аяқтауға болады. Оның өңір үшін рекреациялық және шаруашылық тұрғыда маңызы зор. Осы жобадан үлкен экологиялық пайда табамыз деп күтіп отырмыз»,- деп атап өтті облыс әкімі.
Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров Шалқар көлінің түбін тазарту жобасын таныстырды.


Баяндамашы көл түбінің тартылып, батпақтану мәселесі өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында пайда болғанын атап өтті.
«Көл ағынды сулардың жетіспеуінен, су үстінде және су астында өсімдіктердің өсіп кетуі салдарынан деградацияға ұшырап, судың сапасы нашарлайды. «Шалқар көлінің түбін тазарту» жобасының техникалық-экономикалық негізі әзірленіп, сараптамадан оң нәтиже алынды. Жобаның жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрайды. Осы жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 432,95 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, салалық министрлікке қосымша қаржы бөлу үшін тапсырыс жіберілді», деді Нағымжан Алдияров.
Жиын соңында Оңдасын Оразалин мемлекеттік органдар мен «TOLAGAI-2050» ЖШС мердігер мекемесінің басшыларына өңір үшін маңызды жобаның сапалы жүзеге асырылуын, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмей, барлық шараларды қабылдауды тапсырды.

Пікірлер