Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта тағы 10 жыл болса, одан кейін дербес даму туралы айту абсурд

5641
Adyrna.kz Telegram
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта тағы 10 жыл болса, одан кейінгі уақытта Қазақстанның дербес экономикалық дамуы жайында сөз қозғаудың өзі абсурд сияқты. Бұл экономикалық одақта Қазақстанның ішкі немесе сыртқы нарығы да байлаулы. Өздігінен шикізатты тікелей сыртқы нарыққа шығара алмаса, ішкі және сыртқы нарығында да өзара бәсекелестікке еркін жол ашпаса, онда даму жайында сөз қозғау бекершілік.
Қазақстанға сырттан келетін шетелдік маркалы көліктер асып-тасыған бағамен келіп жатқан жоқ, оны бізде осы одақтың пайдасын көріп отырған дистрюбиторлар қымбаттатып отыр. Теңге рубльдің тасасында тұр. Бұларға халықтың жағдайының қандай болғаны түкке керегі жоқ. Мұнымен қоса құрылыс заттары да тегіс қымбаттап кетті. Құрылыс заттары қымбаттаса, баспана да қымбаттайды.
Бүгін автобазарлардағы көліктердің бағасын көріп қайттым. Бәрі 25 пайызға дейін қымбаттаған. Одақтың кесірінен Ресейдің сақырлаған қаңылтырлары елге қаптап келіп жатыр. Тіпті біз Соғыстан ойсырап жеңілген, экономикасы құлдырап кеткен Арменияның да көліктеріне таласып отырмыз.
Біздің көршіміз Өзбекстан керісінше Қытай нарығына қарай ойысып, Қырғызстан территориясы арқылы темір жолдың ісіне кірісіп кетті. Үлкен нарыққа жол ашпақ. Ертең өзбек ағайын өзінің барлық ауылшаруашылық өнімдерін Қытайға тоқтаусыз экспорттайды. Өзбек пысық, ұтары көп болады. Біз отырмыз өзімізбен өзіміз үрейленіп, қытайқұл, орысқұл деп. Меніңше осылай отыра беру жалғасын таба берсе, біз артта қала береміз. Оған кепілдік берудің керегі жоқ. Көзге көрініп тұрған дүние.
Еуразиялық экономикалық одақ Ресейдің маңайындағы елдерге жасаған оккупациясы. Бұл тек Ресейдің мүддесі үшін ғана жұмыс жасап тұр. Орысты осы одақтағы елдер тура бұрынғы КСРО сияқты асырап отыр. Батыстан төнген санкцияны да орыспен бірге көтереді. Тіпті орыс одақтағы басқа елдердің экономикасын батысқа қарсы алға салып қояды.
Біздің елдегі көліктердің, құрылыс материалдарының жаппай көтеріліп жатқаны да Ресейге қарсы АҚШ-пен ЕО-ның санкциясынан тікелей іске асып отырғанын ұмытпаңыз. Себебі, Еуразиялық одақтамыз. Қан тамырындай бір жүйедеміз. Экономикалық саясатты бірге жүргіземіз. Ұлттық экономика министрінің "Ресейден біздің нарығымыз тәуелсіз, сондықтан батыстың санкциясы бізге соқпайды, Ресей экономикасына соғады" деп айтты. Министр айта береді.
 
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы
 
Пікірлер