Айбергенов 80 жаста

3885
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Жазушылар одағында ұлттық әдебиетімізде өзіндік із қалдырған Төленген Айбергеновтің 80 жылдығына арналған «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атауымен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияда Мекемтас Мырзахметұлы «Ақындық сүйген бозбала», Оғыз доған «Мағжаннан Төлегенге, Төлегеннен бостандыққа ұласқан «Сағыныш»...», Светқали Нұржан «Жазғытұры тоғыстың әуіріндей», Мұқан Амангелді «Төлеген Айбергеновтың драмаға әсері», Салтанат Айбергенова «Ақындық әлемге алғашқы қадам», Әлімбай Аманбайұлы «Конференция мақалаларына шолу» тақырыптарына баяндама жасады.

 8-ші наурыз күні дүние есігін ашқан ақын «Адамдар» өлеңінде:

-О, адамдар, біргемін мен сендермен,

Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен.

Сендер менің бақытымның бұлағы,

Сендер менің дарыныма жел берген – деп толғанып еді. Айбергеновты ардақтаған қалың оқырмандары өзі болжап кеткендей, көсіле сөйлеген жанашырларының баяндамаларын ұйып тыңдады.

img_3598-11-03-17-01-14

 ҚР Халық жазушысы, түркі жұртының шоқтығы биік ақындарының  бірі Мұхтар Шахановтың сөйлеген сөзінен үзінді.  

- Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның – деген сөзді айтқан Төлеген Айбергенов. Үйткен себебі, қазіргі кезеңде ақын болу азап... Ақын болу дегеніміз – өз ұлтының бүкіл жетістігі менен кемшілігін, пайымы мен парасатын,  тарихын,  оның бүкіл рухани құндылығын өз жүрегіңнің елегінен өткізу деген сөз.  Бұл санаулы адамдардың ғана қолынан келеді.

Кезіндегі Әліби Жангелдин деген атамызды білесіздер. Ол: «қазақ тілінің не керегі бар, бізге "орыс" тілі де жетеді» - деп ұран тастаған. Содан кейін өзінің фамилясын Степнов деп өзгертіп алған. Ол ол ма, орыс ағайындарға жағымпазданып мұсылман дінінен безініп, християн дініне ауысқан. Сөйте тұра Әліби Жангелдиннің атын аспанға шығардық. Ол кездің саясаты сондай еді. Одан бері заман өзгерді. Әлі күнге дейін сол Жангелдиннің аты шырқау биігінде тұр.  Атында толып жатқан көшелері бар, толып жатқан мектептері бар, толып жатқан т.б. нысандары бар. Тіпті, Қостанай жақтағы бір үлкен аудан әлі күнге дейін Әліби Жангелдиннің есімімен аталады. Ал енді, Ә.Жангелдиннен бастап ұлтқа қарсы шыққан адамдардың бәрін біз тексердік. Тілге қарсы шыққан, ұлтқа қарсы шыққан оларды құдайдың өзі тірі кезінде-ақ жазалайды екен.

Кезінде орталық комитетте жұмыс істеп ұлтқа, тілге қарсы шыққан бір ағамыз болды. Қазіргі күні соның жалғыз баласын белгісіз біреу өлтіріп кетті. Сонан кейін әйелі де өліп қалды. Бір үйде бір өзі қалыпты және екі көзі көрмей қалыпты. Міне, осындай қасіреттер болған екен әрбір адамда.

Міне, сондықтан да елдік, ұлттық мүдде төңірегінде көрінген Т.Айбергеновке сеніммен, махаббатпен қарауымыз керек. Төлеген Мұқағали Мақатаевтан кем ақын емес. Мұқағалидың тойлары қалай тойланып жатыр, салыстырып көріңіздер. Әрбір ақынға азаматтықпен, әділдікпен қарау керек.

Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің,жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын,сен данасың, мен -бала,
Ұлтыңа кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана.
Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала,
Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама,
Батырлығың қанша болса ақындығың соншама.
Тіпті өзіңді сыйдырмаған данқтың тар төріне
Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім,
Саһ өнерде қызғанышты білмей еткен, іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім!
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын,
Қазағымның маңдайына сыймай кеткен, сұңқарым.

***
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқын, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шын бар,
Ол — ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шын...
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шынын көрсең, атыңнан түс, жас бала!

Шараны ұйымдастырушы топ Төлеген Айбергеновтің есімін әйгілеу мақсатында, атына көше мен мектеп атауларын беру және оған ескерткіш орнату секілді бірнеше ұсынысты тиісті орындарға жолдайтынын айтты.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

"Адырна" кз

Пікірлер