Өзге ұлттан 18 бала асырап алған ана: Балаларым қазақша сөйлейді

3145
Adyrna.kz Telegram

Кентауда өзге ұлттан 18 баланы бауырына басқан ана тұрады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Түймекүл Ергешқызы жас кезінде бауырларын жетілдіремін деп жүріп, өзі тұрмыс құрмай қалған. Кейін балалы болуды армандап, түрлі ұлттың 18 баласын асырап алып, бауырына басқан. Бүгінде үлкен бес перзенті өз алдына отау құрса, кенжесі небәрі екі жаста. Кентаулық кәсіпкер Түймегүл Ергешқызы 33 жасында алғашқы қызын асырап алыпты. Тіпті өзге ұлттың 18 баласын асырап аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген дейді. Барлығы Алланың қалауымен болғанын айтады. Қазір перзенттерінің алды аяқтанып, үйлі болған. Үлкен үш қызын ұзатып, екі ұлын үйлендірген. Олардан төрт немере сүйіп отыр.

«Тәуекел деп осы жолды таңдадым. Құдайға шүкір. Бақыттымын. Ат басындай алтын берсе де, айырбастамаймын ешкімге. Балаларымның ішінде ұлты басқа балалар да бар. Қазағы бар, өзбегі бар, орысы бар, кәрісі бар дегендей. Бәрі қазір қазақ, қазақша сөйлейді»,–дейді ол.

Өзі де көпбалалы отбасында өскен ана бала бағып, тәрбиелеудің оңай еместігін жасырмайды. Қиналған сәттерімді балаларыма көрсетпеуге тырысамын дейді. Бастапқыда анасы көмектессе, қазір үлкендері кішілерге қамқоршы болады. Бірі сабағын оқытса, енді бірі үйдің жұмысына қолқанат.

«Бауырларымның көп болғаны жақсы екен. Ағам ақыл айтады. Әпкем дұрыс жолды көрсетеді. Інілеріммен ойнаймыз, қарындастарыма көмектесемін»,–дейді Түймегүл Ергешқызының ұлы Ерасыл Беляев.

Жастайынан кәсіпкерлікпен айналысып, табандылық, қажырлылықпен табысқа қол жеткізген ана перзенттерін де еңбекке баулып жүр. Ұлдарына көлік жөндеу мен дәнекерлеудің қыр-сырын үйретеді. Үйдегі құрылыс жұмыстарын да бірлесіп істей береді. Ал қыздары дүкен мен дәмхананың жұмысын жүргізуге көмектеседі.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер