Елімізде балалар үйінің саны қысқарды

2621
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда балалар үйінің саны қысқарды. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Ол соңғы үш жылда балалар үйінде тәрбиеленушілердің саны 32%-ке (6223-тен 4254-ке дейін), ал балалар үйі 30%-ке (138-ден 96-ға дейін) қысқарғанын айтып жеткізді. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы Хабар 24 арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бала асырап алушы ата-аналар мектептері жұмысының нәтижесінде балалар үйлеріне қайтарылған жеткіншектердің де саны азайды.

Асхат Аймағамбетов министрлік жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті. Жетім балаларды орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдардың қызметі, оларды аккредиттеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ әлеуетті асырап алушы ата-аналарды міндетті даярлау рәсімдері реттелген.

"Аталған шараларды енгізу балалар үйінде тәрбиеленетін балалар санын азайтуға, сондай-ақ балалар үйлеріне қайтарылған жеткіншектердің санын төмендетуге мүмкіндік берді. Республикада 23 063 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар, олардың 81,5%-і асырап алушы отбасыларда тәрбиеленіп жатыр", – деп атап өтті министр Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ білім және ғылым министрлігі инклюзивті білім беруді дамыту үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың құрдастарымен қатар жалпы білім беретін мектепте оқуына жағдай жасалып жатыр. Биыл ерекше қажеттіліктері бар балаларды жан басына қаржыландыру өседі. Бұл балалардың басым бөлігін инклюзивті білім берумен қамтуға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, биыл мектептерде алғаш рет педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Олар білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға психологиялық және педагогикалық көмек көрсетеді.

Пікірлер