"Жұлдыздар" жауапқа тартыла ма?

2073
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда қаржы пирамидаларын жарнамалайтын "жұлдыздарды" жауапқа тарту ұсынылды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Депутат Юрий Ли Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеме жасап, Қазақстанда 2020 жылдың наурызынан 2021 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта қаржы пирамидалары аясында 287 құқықбұзушылық тіркелгенін және келтірілген шығынның мөлшері 8 545 297 645 теңгеге жеткенін атап өтті.

Ли қаржы пирамидаларының жарнамасына қазақстандық танымал адамдардың көп қатысатынын жеткізді.

"Жарнамаға вайнерлер, блогерлер және басқа да танымал адамдар белсенді қатысып, заңсыз бизнеске инвестиция салуға қазақстандықтарды шақырған. Олар халық алдында жүрген адамдар, аттарын атамай-ақ қояйын, себебі тергеу жүріп жатыр, олар "тәуекелсіз инвестиция" үшін жоғары кірістерді уәде еткен қаржы пирамидасының жарнамасына белсенді қатысқандар. Біздің білуімізше, қазір сол атақты адамдар өздері де инвестиция салғанын және алаяқтық әрекеттен зардап шеккенін, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылардың құрбаны болғанын айтады, бірақ дерек сақталады, сіз кадрларды жарнамадан кесіп тастай алмайсыз", - деді депутат Ли.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-3 бабына сәйкес, қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметін жарнамалағаны үшін әкімшілік айыппұл салынады. Мысалы, жарнаманы таратқан БАҚ болса эфирді үш айға дейін тоқтату жазасы тағайындалады.

"Бұл реттеушілік тәсілдер мыңдаған жәбірленушінің санын және оларға келтірілген материалдық шығынның мөлшерін ескермей отыр, ал шығын - миллиардтар. Бұл ақырында, көріп отырғанымыздай, әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туғызады және танымал адамдарға қатысты заңсыз қаржылық тәжірибелердің алдын алуға ықпал етпейді. Қаржылық пирамидалардың жарнамасына қатысқан жұлдыздардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын не тартылмайтынын, егер тартылмаса қандай себеппен екенін хабарлаңыз, Бас прокурор Нұрдәулетов мырза", - деді Ли.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық танымал адамдар жарнамалап, қаржы пирамидалары ісінің арты шуға айналған бірқатар жайттар болған еді. Мәселен, биыл сәуірде алматылықтар танымал тележүргізуші мен вайнерлер жарнамалап жатқан қаржы пирамидасына шағымданды. 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер