Батыс санкциясына бірлесе жауап беру: Қазақстан сарапшылары не дейді?

2265
Adyrna.kz Telegram

Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин "Еуразиялық Одақ (одаққа мүше елдерге) Батыстық санкцияларға жауап беру мәселесін күн тәртібінде ұстап отырғанын" мәлімдеді. Бұл әрине Қазақстан үшін аса қауіпті мәлімдеме. Себебі Қазақстан тек Ресеймен байланыс орнатқан мемлекет емес. Саяси, әскери және экономикалық тұрғыдан көпвекторлықты ұстанып келеді. Оның тиімді нәтижелері де жоқ емес. Имидж, инвестиция, санкциялардан азат болу. Алайда Ресей тарапы өз қылмысына енді тек Мәскеу ғана емес, өзгелер де жауап берсе дейді. Қатысы жоқ, кінәсіз тарапты ұйыққа тартпақ. Еуразиялық Одақтың санкцияларға бірлесе жауап беру идеясына қазақстандық сарапшылар қарсы. 

Саясаттаншуы Досым Сатпаев: "2018 жылы "Ресейдің геосаяси жалғыздығы Қазақстанға қауіп төндіреді" деген мақалада мен Кремль идеологтары Ресей өзінің "геосаяси жалғыздығына" оңай төзуі үшін ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дағы серіктестерін өз әлеміне тартқысы келетіндігін атап өттім. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің мәлімдемелері біздің экономикалық мүдделерімізге де қайшы келеді. Лукашенконы Батыстың санкциялары тығырыққа тірегені соншалық Беларуссия Ресейдің құшағына еніп барады. 
Ал Қазақстанда ондай проблемалар жоқ. Егер біз шынымен де егеменді мемлекет болсақ, онда біз өзіміздің сыртқы саясатымызды, оның ішінде халықаралық экономикалық байланыстар саласын өзіміз анықтауымыз керек" деді.

Ал қоғам қайраткері Мұрат Әбенов: "Қазақстан азаматтары Ресейдің Батысқа қарсы санкциялық соғысына қосылуды қаламайды. Бұл біздің соғыс емес" деді.

Саясаттанушы Талғат Қалиев болса "Біздің келіссөз жүргізушілер санкцияларға қосылмау құқығымызды қорғау үшін жеткілікті күшке, принциптер мен дәлелдерге сүйенеді деп үміттенемін. Жеке өзім темір бұғаудың артында болғым келмейді және бізге еш қатысы жоқ өзгелердің жасаған әрекеті үшін жауап беруді қаламаймын" деді.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер