Оңтүстік Қытай теңізінде Қытай ұшақтары Малайзияның әуе кеңістігіне басып кірді

4399
Adyrna.kz Telegram
Аталған оқиғаға байланысты Малайзия өкіметі Қытай елшісін Оңтүстік Қытай теңізіндегі ҚХР әуе-қорғаныс  күштерінің 16 ұшағының басып кіруіне наразылық білдіріп, тікелей өзіне шақырды. Малайзия сыртқы істер министрі Хишаммуддин Хусейннің айтуынша, Қытай әуе-қорғаныс күштері Малайзияның әуе кеңістігіне басып кіріп, елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген.
Өткен дүйсенбіде Малайзияның Саравак штатының әуе кеңістігінде 850 метр биіктікте 540 км/сағ жылдамдықпен ұшып өткен қытайлық бомбалаушы ұшақтар радарға түсті, деп хабарлады Малайзия әуе-қорғаныс күштері. Қытайлық әскери авиация ұшақтары Малайзияның теңіз аймағына өтіп кетіп, елдің ұлттық әуе кеңістігіне қауіп төндірген.
"Малайзияның халықаралық дипломатияда саяси ұстанымы айқын. Біздің кез келген елдермен достық-дипломатиялық қарым-қатынасымыз біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді дегенді білдірмейді. Малайзия егеменді ел ретінде өзінің қадір-қасиетін, суверенитетін қашанда қорғайды", - делінген елдің СІМ-нің хабарламасында.
"Оқиға Қытайдың оңтүстік Қытай теңізі аумағы бойынша ұстанып отырған саяси амбицияларына байланысты Оңтүстік-шығыс Азияның басқа елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен және оның одақтастарымен қарым-қатынасындағы шиеленістің артуы аясында орын алды. Малайзия да Қытайдың оңтүстік аумағындағы ықпалды елдердің қатарына кіреді. Ұзақ жылдар бойына Қытайдың агрессивті саяси амбициясына қарсы шығып, мінезін көрсетіп келе жатқан ел. Ал Пекин Оңтүстік аймақтардағы жергілікті архипелагтарда орналасқан 5 елдің суверенитетін мойындамай келеді", деп хабарлады Bloomberg.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
 
 
Пікірлер